"Бұқар жырау Тауэрстегі" атыстың мән-жайы

none

Алматы полициясын аяғынан тік тұрғызған сенбідегі атыстың себебін оқиға болған "Бұқар жырау Тауэрс" кешенінің тұрғындары өзінше болжайды. Олардың айтуынша, қақтыысқа пәтер иелері кооперативі қызметкерлері түрткі болған, - деп хабарлайды КТК.

Атыс болатын күні бизнес-класс санатындағы үйдің шаруашылығына жауаптылар онсыз да жүйкесі жұқа азаматтың рұқсатын сұрамай, жиһазын далаға шығарып тастапты. Содан қып-қызыл жанжал туған.

Көршілерінің айтуынша, бүлікші бұл үйде тоғыз жылдан бері тұрып келген. Тапа-тал түсте күзетшіні атып, күллі тәртіп сақшысын аяғынан тік тұрғызған Руслан Исаев - Ресей азаматы. 53 жастағы тұрғын мұнда әйелі, 4 баласымен бірге Дағыстаннан көшіп келген. Оны тоғыз жылдан бері жақсы танып алған көршілері марқұмның өз-өзін ұстай алмайтын, қызуқанды болғанын айтады. Ал сенбіде пәтер иелері кооперативінің қызметкерлері онсыз да жүйкесі жұқа азаматтың кіреберісінде тұрған дивандарын далаға шығарып тастап, жағдайды одан сайын ушықтырды дейді.

"Дивандарды кіреберістегі адамдар жүретін жолға қойып тастаған. Біздердің әрі-бері өтуімізге кедергі келтірді. Сондықтан біз шағымдандық. Бірақ оған алдын ала ескерту керек еді. Ал олар айтпастан, өз бетімен далаға шығарып тастады", - дейді Айжан Мұхамедиева.

Содан қару асынған ол жиһазын жылжытқандарды іздеп күзетке барған. Телеарна тілшісінің айтуынша, күзетшінің жауабы ұнамаған соң, аяғынан атып, үйіне кіріп кеткен. 17-қабаттағы пәтерінде бекініп алған азамат бірнеше сағат берілмей, тәртіп сақшыларына оқ жаудырған. Ақыры келісімге келмей, терезеден секіріп өлді. Пәтер иелері кооперативі марқұмның жиһаздарын далаға шығарып тастағанын мойындап отыр. Алайда атысқа себеп ол емес дейді.

"Диван үшін туындады деп ойламаймын. Біреуді атады деп. Ол адамның қанша жерден есі дұрыс болмасын, диван үшін біреуді ататын түсінбеймін. Ол адамдардың бетіне түкіретін, келе жатқан адамның бетіне түкіретін. Сосын қолында қамшысы болатын. Адамды атуға әкелген жағдайы, ол көктемге байланысты деп ойлаймын. Психологиялық ауру деп ойлаймын", - дейді шаруашылық меңгерушісі Әлібек Найзабекұлы.

Телеарна мәліметінше, ол әйеліне жұдырық жұмсайтын дейді көршілері. Кезекті төбелестен соң әйелі бала-шағасын ертіп төркініне кеткен. Ресей азаматы бұдан бөлек, діни ұстанымына байланысты қыздарын да мектепке жібермей қойыпты. Ал 10 күн бұрын терезесіне Ресей президенті Путинге қарсы ұран ілген. Атыс ашып, артынша 17-қабаттан секіріп өлген азамат расымен жүйке ауруына шалдыққан ба, ол жағы белгісіз. Полиция қазір оның қаруды қайдан алғанын анықтап жатыр.

Айдары: Текемет 27.04.2021 68

Қатысты мазмұн