"Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы"

none

«Той дегенде қу бас домалайды». Әрине, сайлау, оның ішінде президент сайлауы еліміз үшін маңызды оқиға. Өздерін оппозиция санайтын қоғам белсенділері осы саяси науқанға дайындалып жатыр екен. Бәрі бірігіп сайлауға ортақ кандидат ұсынбақшы. Әрекет дұрыс – президент тағына әркімнің-ақ бар таласы. Дегенмен, мынау суретке қарап отырып оңаза ойға қаласың...

Қостанайда алапат өрт болып, бірнеше ауыл отқа оранып халық зардап шегіп әбіржіп жатқанда қоғам белсенділерінің салқын саяжайда сайлауды талқылап, жеке бастың саяси амбициясын күйттеп отырғаны біртүрлі көрінеді. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы да. Екіншіден, тарыдай шашыраған оппозицияның бірігіп, сайлауға ортақ кандидат ұсына қоюы неғайбыл. Саяси көзқарас алшақтығын айтпағанның өзінде, олар өзара дүрдараз. Тіпті, ортақ кандидатты сайлауға ұсына алатын ұйым жоқ оларда, көбісі саяси партияларын тіркетіп үлгере алмады. Ал Әбілев тіркеуі бар партиясын үпіт-сүпіт деп жоқ қылды. Саясатпен қоштасып кетіп қалған ол аяқасты сап етіп келе қалды да қайтадан ұйым тіркетудің қамын жасап жүр. Оның шындап саясатпен шұғылданатыны белгісіз, жұртқа түсініксіз. Келген жағына қайтадан кетіп қалуы мүмкін.

Мынау суретке қарап отырып тағы да ойға шомдым. Адам қартайғанда ермек қылатын бір нәрсе керек. Адамның табиғаты сондай шығар. Қарттардың көбі мұндайда ауызы көпіріп саясатшыл болып кетеді. Онысы асүйде айтылатын бос әңгіме секілді. Мынау отырғандардың бәрі жетпіске жетеқабыл зейнеткерлер. Жастау кезінде дым тындырмаған олардың енді бір нәтиже көрсете қоюы мүмкін емес. Олар ішкі амбициясын қанағаттандыру үшін ғана саясатты ермек қылып жүрген секілді көрінеді. Еріккеннің ермегінен нәтиже шықпайды. Нақты бағдарлама, нақты стратегия болмаған соң бәрі бекер. Босқа жұртты алаңдатып жалған үміт сыйлап қойғаннан басқа ештеңе емес. Нәтиже шықпайтын істі талқылағаннан гөрі бүгінгі күннің проблемасын – тілсіз жаудан халықты арашалап қалуға мысқылдай болса да үлес қоспай ма?!

Ораз Әлімбеков

Айдары: Бақ-бақ 05.09.2022 225

Қатысты мазмұн