"Арон Атабекті емдеу үшін" халықтан жиналған ақша кімнің қолында?

none

Он бес жыл түрмеде отырып, денсаулығының жарамсыздығына байланысты бостандыққа шыққан Арон Атабек (Едігеев) төңірегіндегі дау басылар емес. Аурудан арып-ашып құр сүлдесі қалған Аронға, дәлірегінде оны емдетуге халықтан жиналған миллиондаған теңгеге таласқан тараптар әлеуметтік желіде майдан ашып өзара қырқысып жатыр. Аронның қарындасы Рәзия Нутышева мен кіші қызы Айдана Айдархан (Аронның үшінші әйелінен туған) өзара бетжыртысты бастап кетті. Аронның екінші әйелінен туған қызы Алма Нутышева мен әлеуметтік желіде былайғы жұртқа «Ася Асеткина» деген лақап есіммен белгілі белсенді Аронның қарындасы жағында. Аронды халықтан оқшаулап тастаған бұл топқа наразы жұрт Айдана Айдарханды қолдайды.

Әкесінен оқшауланып, қасына жолай алмай қалған Айдана Айдархан кеше әлеуметтік желі арқылы Арон Атабекке арнап салақұлаш хат жазған. Онда Рәзия тәтесінің түмеден шыққан Аронды оқшаулап өз үйіне алып кеткені, әкесін қызына көрсетпей қойғаны мелодрама стилінде жазылған. Айдананың айтуынша, Аронға оның соңғы отбасын жақындатпай қою Атабек түрмеден шығады деген алғашқы ақпарат шыққанда-ақ басталған.

Айдана мен оның шешесі Жайнагүл Айдархан түрмеден ауру болып шыққан Аронды күтетін арнайы бөлме дайындап қойыпты. Бірақ, Рәзия Нутышева ауру Аронды Алма-Арасан шатқалындағы биік тас шарбақпен қоршалған екі қабат үйіне кіргізіп алып алып, оған туған қызын да жақындатпай отыр, тіпті телефонмен тілдесуге рұқсат бермейді.

Айдана әкесін алып кету үшін Рәзияның үйіне барған екен, Рәзия тәтесі «қазір ағам үйде жоқ, ауруханада, қай ауруханада жатқаны құпия» деп жас қыздың көкірегінен итергендей қуып жіберіпті.

Айдананың әкесіне жазған хаты жауапсыз қалмады. Рәзия Нутышева Арон Атабектің Алма Нутышева мен Ася Асеткина басқаратын аккаунты арқылы ақпараттық соққы берді. Рәзияның айтуынша, Аронды қызы Айдана мен әйелі Жайнагүл саяси хайп және пайда табу үшін пайдаланып алып, кейін қоқысқа лақтырылған керексіз заттай тағдыр тәлкегіне тастап кеткен. Марқұм ағасы Рашид Нутышев Алматыдан Аронға алып берген үйді де, Арон сотталып кеткенде меценат Серікжан Мәмбеталин (бұл үйді шындығында кім сыйлағанын кейін жазамыз) сатып алып берген пәтерді де, Аронға берілген халықаралық сыйлықты да Айдархандар отбасы пайдаланып кеткен. Сөйтіп, Аронды үйсіз-күйсіз далада қаңғытып қалдырғандай әділетсіз іс жасапты.

Рәзияның жазуы бойынша, Арон Атабек өзінің үшінші әйелімен байланысты әлдеқашан үзген. Мұның дәлелі ретінде Рәзия Арон Едігеев пен Жайнагүл Айдарханның 2005 жылы ажырасып кеткені жөніндегі құжатты жазба астына тіркеді. Дегенмен, бұл құжат Аронның отбасымен әлдеқашан қол үзгенін дәлелдей алмайды. Себебі, саясатпен шұғылданатын қоғам белсенділерінің бәрі соттың бұғаттауынан қорқып, дүние-мүлкін әйелінің атына тіркеп, тіпті кейбір жағдайда әйелімен ресми, яғни формалды түрде ажырасады, бірақ бірге тұра береді. Арон Атабек те бостандықта жүрген кезде биліктің қысымынан құтылудың осындай тәсілін таңдаған секілді. Сондықтан «Арон Атабек қызы мен әйелінен безінді» деп кесіп-пішіп айтуға болмайды. Бұған сотталып кеткен күйеуін қолдау үшін Жайнагүл Айдархан мен әкесі үшін талай саяси акция ұйымдастырған Айдана Айдарханның ісі дәлел.

Атабектің туыстары арасындағы кикілжің Аронның ұстанымына байланысты туындаған сияқты. Арон Атабек өзінің жазықсыз сотталғанын айтып, оны толық ақтаса ғана түрмеден шығатынын талай рет мәлімдеген. Ол мұны саяси күрестің принциптік мәселесі ретінде барлық күйкі тірліктің проблемасынан жоғары қойды. Тіпті, туыстарының түрмеге келіп, жанашырлық сөз айтып, жылап-сықтауына тиым салған. Арон осылайша тағдырдың ауыр жолын таңдады. Оның таңдауына әйелі Жайнагүл Айдархан және қызы Айдана мойынұсынғанды. Бірақ, Арон түрмеде он жыл отырған соң билік оны қапастан шығарып жіберудің қамын жасады. Рақымшылдыққа ұқсайтын бұл шараға қоғам белсенділері, тіпті депутаттар да тартылды.

Арон Атабекті мерзімінен бұрын түрмеден шығарып алуға күш салғандардың бірі - Алма Нутышева. Кейін бұл бастаманы Рәзия Нутышева қолдады. Арон үшін саяси күрестің принциптік мәселесі оның туыстары арасындағы көзқарас қайшылығына ұласты. Арон түрмеден шыққан күні сол жағдай ашық текетіреске ауысты. Алма мен Рәзияның сойылын соққандай қылық жасап жүрген Ася Асеткинаның «Аронның қызы Айдананың сөзін тыңдамаңдар» деп дабыл қаққаны да бекер емес. Бұл топ «Арон аға солай деп айтты» деп, Айдана Айдарханның әкесіне жылу жинау үшін банк картасының суретін әлеуметтік желіден алғызып тастады. Сөйтіп, «Аронның еміне» деген жылу ақша Алма Нутышеваның картасына жинақтала бастаған. Біраз күннен кейін бұған да Рәзия Нутышева мен Ася Асеткина тоқтау салды. Мұнда қандай гәп бар?

text

Арон Атабекті мерзімінен бұрын түрмеден шығаруға күш салған Алма Нутышева бұрын кәсіпкерлікпен шұғылданған. Ол басқарған фирма қарызға батып, 11 рет сотқа тартылған. Кейбір мәліметте осы іс бойынша жауапкер болған Алма Нутышева алаяқтық бабымен 2015 жылы 7 жылға соталып, 2017 жылы рақымшылықпен түрмеден шыққаны айтылады. Ол осыдан кейінгі жылы әкесін мерзімінен бұрын түрмеден шығарып алу науқанына белсене кірісті.

text

text

Салық органының биылғы қыркүйек айындағы мәліметі бойынша, Алма Нутышеваның қарызы бар. Оның қандай қарыз екені жөніндегі мәлімет табылмады. Осыған байланысты оған Қазақстан республикасы аумағынан сыртқа шығуға тиым салынған.

Арон Атабектің маңындағы дереккөз алғашқы бір апта бойы «Аронның еміне» деген жылу ақша Алманың картасына жинақталғанын айтады. «Ол халықтан миллиондап жиналған сол ақшаның бес жүз мыңын ғана Рәзияның есепшотына аударды. Рәзия «қалғаны қайда» деп еді, «оны мен әкемнің еміне жұмсаймын, сізден ақша сұрап жүрем бе» деп, бетбақтырмай ақшаны бермей қойды. Ал ол Аронға жаңа-киім кешек те алып бермеді, жұлым-жұлым, ескі-құсқы киіммен жүр. Алманың есепшотына қанша ақша жиналғанын білмейміз. Барлық салмақ Рәзияның мойнында» дейді дереккөз.

Дереккөздің айтуынша, Аронға жанашыр болып, оны басқалардан оқшаулап тастаған топтың ішінде де кикілжің бар. Алғашында Алмамен әмпей-жәмпей болған Ася Асеткина қазір Рәзия жағына шығып кетіп, соған жабысып алды. «Бірақ, Фейсбуктегі «Арон Атабек Воля» деген парақшаны Ася мен Алма басқарады. Рәзияның атынан, өздері айтқандай реанимацияда ес-түссіз жатқан Арон Атабектің есімін жамылып, Айдана Айдарханға қарсы жауап хатты жазған да сол екеуі. Ол хатқа Рәзияның атын пайдаланған Алма Айданаға және оның шешесі Жайнагүлге деген өзінің қызғанышын қосып жіберді. Рәзияның жаман қылығы жоқ. Рәзия Алма мен Асияның ықпалынан шыға алмай жүр» дейді дереккөз.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 20.10.2021 664

Қатысты мазмұн