Журналистерге шабуылдаған қылмыскерлер жазаланды

none

2023 жылдың басында, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауының қарсаңында журналистерге қарсы ұйымдастырылған қорқыту-үркіту және арандату бойынша қылмыстық істі сотта қарау аяқталды. Журналистерге қарсы қылмысқа тапсырыс беруші Аркадий Клебанов (суретте сол жақта) айыпты деп танылды, бірақ оның психиатриялық тексеру барысында ауру екені анықталған, сондықтан ол жүйке ауруларын емдейтін арнайы мекемеге жатқызылды.

Аркадий Клебановтың тапсырмасын орындаған Украина азаматы Олексий Токарев (суретте оң жақта) пен қылмыстық әрекетті тікелей жүзеге асырған (журналистердің көлігін өртеу, офисті қирату, сойылған малдың мүшелерін журналистерге жіберу және т.б.) 18 қазақстандық бозбаланың ісі сотта бөлек қаралды.

Журналистерге қарсы шабуылдауға қатысты қылмыстық іс жабық жағдайда өтті. Қылмыстық істің сотта осылай қаралуын жәбірленушілер - журналист Г.Ерғалиева, Г.Бажкенова және С.Ыбыраева өтінген, себебі шабуылдау кезінде олардың дербес деректері таратылған болатын. Жәбірленушілер сол деректердің қайта жария болғанын қаламады. Сондай-ақ бұл қылмыста күдікті деп танылып ұсталған бозбалалардың 16-сы кәмелет жасына толмаған. Оқырманның есінде болу керек, 2023 жылдың басында бірнеше БАҚ-қа және журналистерге шабуыл жасалды. Журналист Гүлжан Ерғалиева басқаратын «Елмедиа» офисінің есік-терезесін әлдебіреулер қиратып, есік алдына қоқан-лоққы сөз жазып кетті, Орда.кз сайтының жетекшісі Гүлнар Бажкенова мен «Ұлыс-медиа» сайтының редакторы Самал Ыбыраеваға шошқаның басы секілді қан тамшылаған мал мүшесіне журналистердің және олардың жақын туыстарның фотосын қоса «сәлемдеме» жіберіліп, психологиялық қысым көрсетілді, «Гиперборей» ютуб каналын жүргізетін Вадим Борейко тұратын пәтердің есігін құрылыста пайдаланатын көбікпен желімдеп кетті, видео жазатын операторларының машинасы өртелді. Мәжіліс сайлауына қатысуға ниет білдірген журналист Динара Егеубаеваның да машинасы өртелді, оның шетел азаматтығын алған ұлының шекесіне әлдекімдер тапанша тақап қорқытып кеткен. Бұл Қазақстан тарихындағы журналистерге қарсы ұйымдастырылған ең ауқымды террор.

Мемлекеттің іргетасын шайқалтуды көздейтін мұндай саяси арандатуды ұйымдастырғандары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тез табу жөнінде ІІМ-не арнайы тапсырма берген. Алматы полициясы журналистерге шабуылдаған орындаушыларды тез тапты. Қаладағы бейнекамераларды жіті қарап шыққан соң, полиция он сегіз бозбаланы ұстады. Олардың кәмелет жасына толған екеуін тергеу изоляторына тоғытты, қалғанын үйқамақта ұстады.

Бұзақы жастар тапсырысты және соған төленетін ақыны интернет арқылы алып жүргенін мойындаған. Полиция күрделі кибер операция барысында бозбалаларға тапсырысты берген Олексий Токаревті құрықтады. Ол - 26 жастағы хакер, бұрын Украина полициясының интернет қылмыспен күрес бөлімінде жұмыс істеген. 2021 жылы жалақысын азсынып, Дубайға жұмыс іздеп кеткен. Мардымды жұмыс таппаған Токарев былтыр интернет арқылы «041» деп аталатын құпия никтен қазақстандық БАҚ пен журналистерге шабуыл ұйымдастыру жөнінде тапсырма алған, соны орындау үшін ол Алматыға ұшып келген. Олексий Токарев қазақстандық журналистер жөнінде мәлімет жинайтын және оларға шабуылдайтын адамдарды тауып, ақысын интернет арқылы төлеп отырған.

Ішкі істер министрінің өкілі «Алматыда арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі – шетелдік азамат, білікті хакер О.Токарев ұсталды. Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда «тапсырыстар» беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу амалдары жүргізілген техника табылып, тәркіленді. Аталған топ В.Борейкоға, Г.Бажкеноваға, Г.Ерғалиеваға, С.Ыбыраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық шабуыл жасаған. Бұл – автокөлікті өртеу, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоққы көрсету және шабуыл жасау, DDoss шабуылдарды ұйымдастыру. Қылмыстық топ шабуылдарының басты мақсаты – журналистерді қудалауды имитациялау арқылы ҚР Президентін және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау» деп хабарлаған сол кезде.

Алматы полициясы мен ҰҚК құпия операция барысында Токаревке тапсырма беруші «041» деген никті де ұстаған. Ол Дубайда немесе шетелдегі басқа жерде жасырынып жүрмепті, Алматыда екен. Оның қазіргі есімі - Аркадий Клебанов - Сергей Маневичтің 27 жастағы ұлы. Сергей Маневич атышулы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың қылмыстық тобында болған, мемлекеттік төңкеріс жасау бабымен айыпталып сырттай 17 жылға сотталған. Шетелге қашып кеткен оның өлі-тірісі белгісіз, сол кеткеннен ізім-ғайым жоқ. Маневичтің әйелі, яғни Аркадийдің шешесі олигарх Александр Клебановтың қарындасы. Аркадий сырттай сотталған әкесімен байланысын көрсетуді жөн көрмеген. Сондықтан ол шешесінің фамилиясына өтіп Аркадий Клебанов атанған. Бұрын олигарх Александр Клебанов пен Рахат Әлиев жақсы қарым-қатынаста болған. Александрдың әйелі Дарья Клебанова Дариға Назарбаеваның жан құрбысы еді. Қазір олардың қарым-қатынасы қандай деңгейде екені белгісіз.

Тергеу мәліметі бойынша, Аркадий Клебанов өзінің «041» екенін мойындап, «журналистерге шабуыл жасауға тапсырыс берушімін, менің артымда басқа ешкім жоқ» деп қылмыстық схеманың желісін өзіне тіреп тұйықтап тастады. Өзінің бұл ісін ол әкесі «Сергей Маневич істі болғанда жөнсіз қаралап жазған қазақстандық журналистерден қарымта кек қайтару» деп түсіндірген. Сол үшін бес-алты жыл өз-өзімен томаға-тұйық өмір кешіп, үнемі ІТ бизнеспен шұғылданған, содан 5 млн долларға жуық қаржы жинап, сол ақшаны журналистерді қорқыту-үркіту операциясына жұмсаған екен.

Алматы полициясы Аркадий Клебанов пен Олексий Токарев ұсталған соң, оларды зардап шеккен журналистермен беттестірген. Беттестіруге Ерғалиева, Бажкенова және Ыбыраева ғана келген, Вадим Борейко мен Динара Егеубаева өздеріне қастандық ұйымдастырғандармен кездесуді жөн санамапты. Неге? Бұл сұраққа жауап беру үшін аталған ақпарат құралдары мен журналистердің кімге оппозиция екенін, қазір қандай позицияда тұрғанын, «Жаңа Қазақстанды» торуылдап, Қаңтар оқиғасы кезіндегідей қыбын тауып билікті төңкеріп тастағысы келетін «Ескі Қазақстанның» шетелдегі өкілдерімен байланысын сараптау керек. «Елмедиа» жетекшсі Гүлжан Ерғалиева журналистерге қарсы ұйымдастырылған қылмыстық әрекеттің артында Дариға Назарбаева тұрған болуы мүмкін деген болжам айтады. Оның ойынша, Аркадий Клебанов қылмыс схемасының ортасында тұрған адам ғана. Бұл болжаммен зардап шегуші Г.Бажкенова мен С.Ыбыраева да келісетін секілді, бірақ олар ойын ашық айтқысы келмейді. Болжам бойынша, «Ескі Қазақстанның» шетелге сауғалап кеткен өкілдері президент Тоқаевтың беделін түсіру және елде саяси тұрақсыздық тудыру үшін сайлау науқаны кезінде осындай арандату ұйымдастырған.

Ал жәбірленуші Вадим Борейко мен Динара Егеубаева адам өмірін қатерге тіккен мұндай қауіпті арандатуды шетелдегі «Ескі Қазақстанның» кландары ұйымдастырғанына сенбейді. Олардың ойынша, Ақорда осындай қысыммен оппозицияшыл журналистердің үнін туалай өшіріп тынбақшы. Сондықтан Борейко мен Егеубаева қамауға алынған А.Клебановпен және О.Токаревпен кездесуден бас тартқан. Бұл болжам негізсіз, сенім туғызбайды. Мысалы, шабуылға ұшырап, моральдық-материалдық зардап шеккен журналистерді позициялайтын болсақ, олардың ішінде Гүлжан Ерғалиеваны ғана «Ескі Қазақстаннан» да, «Жаңа Қазақстаннан» да «тәуелсіз» деп айтуға болады. Ал «Ұлыс-медиа» мен «Орда.кз» сайттары Ақорданың қазіргі саясатын қолдайтыны жасырын емес. Оны аталған БАҚ-тың қаржы ресурсы өте мол екенінен де байқаймыз. Бұл екі ақпарат құралы үнемі «Жаңа Қазақстан» позициясы тұрғысынан мәселе қозғайды.

Ал Вадим Борейко «Ескі Қазақстан» тұсында дәуірлеген «Время» газетінде көп жыл жұмыс істеді. Бұл басылым журналистер арасында «Назарбаевтың жеке газеті» деп аталатын. «Ескі Қазақстан» тұсында журналист Динара Егеубаеваның да «ішкені алдында, ішпегені артында» болған. Ол Дариға Назарбаева басқарған «Хабар» телеарнасында жұмыс істеді. Кейін 31-телеарнаның жаңалықтарының жүргізушісі болғанда Егеубаева өзінің демалыс аптасын шетелде қыдырумен өткізетін. Оның әлдебір олигархпен жеке қатынасы да болды. Оның ұлы да шетел азаматы. Әрине, мұның бәрі ертеде болған оқиға. Қазақстандағы билік транзиті кезінде Егеубаева да, Борейко да белсенді әрекет жасаған емес. Тіпті, журналистердің көбі Егеубаеваның саяси тақырыпта бар-жоғын ұмытып кеткен. Борейко мен Егеубаеваның белсенді саяси әрекетке көшуі - «Ескі Қазақстанның» реванш алып, президент Тоқаев билігін төңкеріп тастамақ болған Қаңтар оқиғасынан кейінгі кезең. Динара Егеубаева аяқасты Қаңтар оқиғасында зардап шеккен шерушілердің қорғаушысы болып шыға келді. Бұрын Назарбаев билігінің сойылын соққан Борейко да Қаңтар оқиғасынан кейін оппозицияшыл журналистің кейпіне кіріп алды. Журналист бола тұра және бұрын саяси амбициясын көрсетпеген Динара Егеубаеваның Мәжіліс сайлауына кандидатурасын тіркеткені де күмәнді ойға жетелейді. Қаңтар оқиғасында тұмсығын тас қамалға оңдырмай соғып алған «Ескі Қазақстаның» кландары қайта реванш алғысы келген сияқты. Сондықтан әдебір күштер елде тағы бір саяси тұрақсыздық тудыру үшін Аркадий Клебановты пайдаланып, арандату мақсатында журналистерге жаппай шабуыл ұйымдастырған болуы да кәдік.

Динара Егеубаеваның журналистерге қарсы жасалған шабуылдан кейін пәпігі басылып қалды. Ол да өзі арқа сүйеп жүрген «Ескі Қазақстандағы» кландардың құйтырқы һәм жымысқы әрекетінен секемденіп қалғандай. Шындығында да, бұл қорқынышты ойын ғой. Арандату әрекеттерін жасап, «Жаңа Қазақстанда саяси тұрақсыздық тудырамыз» деген әпербақандар біреуді өлтіріп алуы мүмкін еді. Егер сол адам Динара Егеубаеваның нақ өзі болса, қайтпек?!. Ол өзінің билікке таласқан күштердің ойыншығына айналғанын, «екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледіні» енді түсінген секілді. Сондықтан Динара Егеубаева мен Вадим Борейко журналистерге шабуылды ұйымдастырған Аркадий Клебанов және Олексий Токаревпен беттесуге дәті шыдамаған сияқты. Жалпы алғанда, жапа шеккен журналистер бір сөзді болмады. Қылмыскерлерден шеккен зиянды өтеу жөніндегі өтінішті сотқа екі жәбірленуші ғана берді. Сот олардың материалдық өтінішін ішінара қанағаттандырды. Оларға О.Токарев 3 млн теңге төлейтін болды, себебі журналистерге қарсы шабуылдың басты ұйымдастырушысы А.Клебанов психиатриялық кеселге ұшыраған деп танылған болатын. Сондай-ақ сот шешім бойынша, О.Токарев 4 жыл 6 ай шартты жаза алды. Кәмелет жасына толмаған бозбалалардың төртеуі ғана сотталды, олардың бостандығы 1 жыл 4 айға шектеледі. Бұлардың бәрі полицияның пробациялық бақылауында болады.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 23.11.2023 65

Қатысты мазмұн