Журналистерге шабуыл жасаған кім?

none

Сайлаудың алдында бірнеше БАҚ-қа шабуыл жасалды. Гүлжан Ерғалиева басқаратын «Елмедиа» офисінің есік-терезесін қиратты, Орда.кз сайтының жетекшісі Гүлнар Бажкенова мен «Ұлыс-медиа» сайтының редакторы Самал Ыбыраеваға шошқаның басы секілді қан тамшылаған мал мүшесін жіберіп, психологиялық қысым көрсетілді, «Гиперборей» ютуб каналын жүргізетін Вадим Борейко үйінің есігін желімдеп кетті, видео жазатын операторларының машинасы өртелді. Мәжіліс сайлауына қатысып жатқан журналист Динара Егеубаеваның да машинасы өртелді, оның шетел азаматтығын алған ұлының шекесіне әлдекімдер тапанша тақап қорқытып кеткен. Бұл Қазақстан тарихындағы журналистерге қарсы ұйымдастырылған ең ауқымды террор.

Президент Тоқаевтың жеке тапсырмасы бойынша Алматы полициясы саяси мақсатты көздейтін шабуылды орындаушыларды тез тапты. Он сегіз жасөспірімді ұстады. Олардың кәмелет жасына толған екеуі тергеу изоляторында, қалғаны үйқамақта отыр.

Бұзақы жастар тапсырысты және соған төленетін ақыны интернет арқылы алып жүрген. Оларға тапсырысты берген - Олексий Токарев, 26 жастағы хакер, бұрын Украина полициясының интернет қылмыспен күрес бөлімінде жұмыс істеген. 2021 жылы жалақысын азсынып, Дубайға қоныс аударған. Былтыр интернет арқылы «041» деп аталатын құпия никтен қазақстандық БАҚ пен журналистерге шабуыл ұйымдастыру жөнінде тапсырма алған, соны орындау үшін Алматыға келген. Олексий Токарев журналистер жөнінде мәлімет жинайтын және оларға шабуылдайтын адамдарды тауып, ақысын интернет арқылы төлеп отырған.

Алматы полициясы мен ҰҚК құпия операция барысында Токаревке тапсырма беруші «041» деген никті де ұстаған. Ол Дубайда немесе шетелдегі басқа жерде жасырынып жүрмепті, Алматыда екен. Оның қазіргі есімі - Аркадий Клебанов - Сергей Маневичтің 27 жастағы ұлы. Сергей Маневич атышулы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың қылмыстық тобында болған, мемлекеттік төңкеріс жасау бабымен айыпталып сырттай 17 жылға сотталған. Шетелге қашып кеткен оның өлі-тірісі белгісіз. Маневичтің әйелі олигарх Александр Клебановқа қарындас болып келеді. Қылмыскер әкесімен байланысын көрсетуді жөн көрмеген Аркадий шешесінің фамилиясына өтіп Аркадий Клебанов атанған. Бұрын Александр Клебанов пен Рахат Әлиев жақсы қарым-қатынаста болған. Александрдың әйелі Дарья Клебанова Дариға Назарбаеваның жан құрбысы.

Тергеу мәліметі бойынша, Аркадий Клебанов өзінің «041» екенін мойындап, «журналистерге шабуыл жасауға тапсырыс берушімін, менің артымда басқа ешкім жоқ» деп қылмыстық схеманың желісін өзіне тіреп тұйықтап тастады. Өзінің бұл ісін ол әкесі Маневич істі болғанда жөнсіз қаралап жазған қазақстандық журналистерден қарымта кек қайтару деп түсіндірген. Сол үшін бес-алты жыл ІТ бизнеспен шұғылданып, 5 млн долларға жуық қаржы жинап, сол ақшаны журналистерді қорқыту-үркіту операциясына жұмсап жатыр екен.

Алматы полициясы Аркадий Клебанов пен Олексий Токарев ұсталған соң олардан зардап шеккен журналистермен беттестірген. Беттестіруге Ерғалиева, Бажкенова және Ыбыраева ғана келген, Вадим Борейко мен Динара Егеубаева өздеріне қастандық ұйымдастырғандармен кездесуді жөн санамапты. Неге? Бұл сұраққа жауап беру үшін аталған ақпарат құралдары мен журналистердің кімге оппозиция екенін, қазір қандай позицияда тұрғанын, «Жаңа Қазақстанды» торуылдап, Қаңтар оқиғасы кезіндегідей қыбын тауып билікті төңкеріп тастағы келетін «Ескі Қазақстанның» шетелдегі өкілдерімен байланысын сараптау керек сияқты. Міне, гәп осында.

«Елмедиа» жетекшсі Гүлжан Ерғалиева журналистерге қарсы ұйымдастырылған қылмыстық әрекеттің артында Дариға Назарбаева тұрған болуы мүмкін деген болжам айтады. Оның ойынша, Аркадий Клебанов қылмыстық схеманың ортасында тұрған адам ғана. Бұл болжаммен зардап шегуші Г.Бажкенова мен С.Ыбыраева да келісетін секілді, бірақ олар ойын ашық айтқысы келмейді. Бұл болжам бойынша, «Ескі Қазақстанның» шетел сауғалап кеткен өкілдері президент Тоқаевтың беделін түсіру және елде саяси тұрақсыздық тудыру үшін сайлау науқаны кезінде осындай арандату ұйымдастырған.

Ал жәбірленуші Вадим Борейко мен Динара Егеубаева адам өмірін қатерге тіккен мұндай қауіпті арандатудың шетелдегі «Ескі Қазақстанның» кландары ұйымдастырғанына сенбейді. Олардың ойынша, Ақорда осындай қысыммен оппозицияшыл журналистердің үнін туалай өшіріп тынбақшы. Сондықтан Борейко мен Егеубаева қамауға алынған А.Клебанов пен О.Токаревпен кездесуден бас тартқан.

Егер шабуылға ұшырап, моральдық-материалдық зардап шеккен журналистерді позициялайтын болсақ, олардың ішінде Гүлжан Ерғалиеваны ғана «Ескі Қазақстаннан» да, «Жаңа Қазақстаннан» да «тәуелсіз» деп айтуға болады. Ал «Ұлыс-медиа» мен Орда.кз сайттары Ақордаға қызмет істейтіні жасырын емес. Оны аталған БАҚ-тың қаржы ресурсы өте мол екенінен байқаймыз. Бұл екі ақпарат құралы үнемі «Жаңа Қазақстан» позициясы тұрғысынан мәселе қозғайды.

Вадим Борейко «Ескі Қазақстан» тұсында дәуірлеген «Время» газетінде көп жылдар жұмыс істеді. Бұл басылым журналистер арасында «Назарбаевтың жеке газеті» деп аталатын. «Ескі Қазақстан» тұсында журналист Динара Егеубаеваның да «ішкені алдында, ішпегені артында» болған. 31 телеарнаның жаңалықтарын апта аралатып кезекпен жүргізетін ол демалыс аптасын шетелде қыдырумен өткізетін. Оның әлдебір олигархпен жеке қатынасы да болды. Әрине, мұның бәрі ертеде болған оқиға. Билік транзиті кезінде Егеубаева да, Борейко да белсенді әрекет жасаған емес. Тіпті, журналистердің көбі Егеубаеваның бар-жоғын ұмытып кеткен. Борейко мен Егеубаеваның белсенді саяси әрекетке өткені - «Ескі Қазақстанның» реванш алып, Тоқаев билігін төңкеріп тастамақ болған Қаңтар оқиғасынан кейінгі кезең. Динара Егеубаева аяқасты Қаңтар қырғынында зардап шеккен қарапайым адамдардың қорғаушысы болып шыға келді. Бұрын қайда қалғаны қайдам, Борейко да оппозицияшыл журналистің кейпіне кіріп алды. Журналист бола тұра Динара Егеубаеваның Мәжіліс сайлауына кандидатурасын тіркеткені де күмәнді ойға жетелейді. Қазір Қаңтар оқиғасында тұмсығын тасқа ұрып алған «Ескі Қазақстаның» кландары қайта реванш алғысы келеді. Олардың кандидат ретінде тіркелген өкілдері осы сайлауда көп. Динара Егеубаева да солардың бірі секілді.

Динара Егеубаева журналистерге қарсы жасалған шабуылдан кейін пәпігі басылып қалды. Ол да өзі арқа сүйеп жүрген «Ескі Қазақстандағы» кландардың құйтырқы, жымысқы әрекетінен секемденіп қалғандай. Шындығында да, бұл қорқынышты ойын ғой. Арандату әрекеттерін жасап, «Жаңа Қазақстанда саяси тұрақсыздық тудырамыз» деген әпербақандар біреуді өлтіріп алуы мүмкін. Динара Егеубаева да өзінің билікке таласқан күштердің ойыншығына айналғанын, «екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледіні» енді түсінген секілді. Сондықтан Мәжіліс депутаттығына кандидат Динара Егеубаеваның үгіт-насихаты сылбыр, тіпті оның сайлауға қатысып жатқаны жұртқа сезілмейді де. Мүмкін, ол өзін отқа итеріп, «подставить» етіп, құрбандыққа шалып жібермек болған күштерге қатты ренжулі шығар.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 15.03.2023 121

Қатысты мазмұн