«Жас Алаш» трайбалистік дәстүрден арылды ма?

none

Бұрынғы «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетіндегі ерекше дәстүр отыз жасында министр болған Алтынбек Сәрсенбаевпен байланысты. Ол идеология саласына жауапты қызмет атқарып жүрген кезде «Жас Алашты» көзінен тасада қалдырған жоқ. Газетке А.Сәрсенбаевтың жақын достары Нұртөре Жүсіптің, одан кейін Жүсіпбек Қорғасбектің бас редактор болуы бекер емес. Олар жаппай жекешелендіру кезінде редакция қызметкерлеріне теңдей бөлініп берілген газет акциясын шашау шығармай топтап ұстап отырды. «Жас Алаштан» жұмыстан шыққан журналистің өзіне тиесілі акциясын редакцияға қалдырып кету дәстүрі жазылмаған заңға айналды. Мұнда гәп бар. Себебі, «Жас Алаш» газетінің иелігінде Алматыдағы «Көк базар» маңындағы 1 га жуық жер телімі мен сонда орналасқан бірнеше ғимарат болды.

«Жас Алаштағы» жағдай Алтынбек Сәрсенбаевтың қайғылы қазасынан кейін күрт өзгерді. Оның ауыл шаруашылық фирмасын басқарып жүрген ағасы Рысбек Сәрсенбаев «Жас Алашқа» басшы болып келді. Ол редакция қызметкерлерінің қолындағы акцияларды жинап, өзіне 25 пайызын, 75 пайызын келіні Салтанат Атушеваның атына жаздырды. Бұған ешкім қарсы болған жоқ. Қайта ғасырға жуық тарихы бар басылымның Нарынқол өлкесінен шыққан бір отбасының қолына өткенін былайғы жұрттан жасырып келді.

«Жас Алашқа» Рысбек Сәрсенбаевтың басшы болып келуі газетте бұрыннан бар жершілдікті одан бетер күшейтті. Редакция Сәрсенбаевтар әулетінің жақын туыстары және Алматы облысының тумаларымен толықты (Руслан Ербота, Ілияс Ербота, Ерік Рахым, Ринат Рахым, Жанболат Мамай, Инга Иманбай және т.б.). Мұны Рысбек Сәрсенбаев өзінің позициясын бекіте түсу үшін жасаған сияқты.

2010 жылдары «Жас Алаштың» бас акционері Салтанат Атушева газеттің балансындағы жер телімі мен ғимараттарды сатып жіберуді көздейді. Оған «Жас Алаштың» директоры әрі газеттің бас редакторы, сондай-ақ 25 пайыз акция үлесін иеленіп отырған қайнағасы Р.Сәрсенбаев кедергі болды. Сондықтан С.Атушева марқұм күйеуінің байырғы достары Болат Әбілев, Ораз Жандосов және Төлеген Жүкеевтің көмегімен қайнағасын «Жас алаш» билігінен кетіруге күш салды. Амалы қалмаған Р.Сәрсенбаев қызметінен кетті, оның орнына саясаттанушы Айдос Сарым келген. Алғашында бұл шешімге көнген Р.Сәрсенбаев ертесіне редакцияға қайта келіп, «Жас Алаштан» кетпейтінін мәлімдеген. Кейбір мәліметте Р.Сәрсенбаевқа Жетісу өңіріндегі зиялы қауымның белді өкілдері хабарласып, «Жас Алаштың» «Сәрсенбаевтар әулетінің газеті ғана емес, албан-суан бірлестігінің үнпарағы екенін, оны бөтен қолға беріп қоюға болмайтынын» ескерткен. Өзіне сес көрсеткен зиялы қауымның қысымынан кейін Р.Сәрсенбаев «Жас Алашқа» қайта оралуға мәжбүр болыпты. Оның үстіне сол кезде газетте жұмыс істеген Сәрсенбаевтардың жақын туыстары да кіші жүз өкілі Айдос Сарымның бас редактор, өзіне орынбасар етіп орта жүз өкілі Дәурен Қуатты ертіп келмек болғанын қаламаған.

Газет төңірегіндегі трайбалистік ахуалды алғашында бағамдай алмаған Салтанат Атушева бұдан кейін жаңа тактикаға көшті: «Жас Алаштың» шаруашылық мәселесімен шұғылданатын директор қызметіне А.Сәрсенбаевтың бұрынғы шопырын қойды; «Жас Алашты» балансындағы жер телімі мен ғимаратынан айырды; қайнағасына туыстары арқылы қысым жасап, оның иелігіндегі 25 пайыз акцияны өзіне жаздырып алып, «Жас Алаштың» толық қожайыны болды. Бұдан кейінгі шаруа қиын емес еді, газет директоры 2017 жылдың басында түн жамылып «Жас Алаштың» жалдамалы офисте тұрған компьютерлері мен оргтехникасын «А.Сәрсенбаев қорының» ғимаратына көшіріп алды да, Рысбек Сәрсенбаевты «Жас Алаш» газетінің бас редакторы қызметінен босату жөнінде бұйрық шығарды.

Әрине, Р.Сәрсенбаев өзін қолдайтын зиялы қауым өкілдері мен журналистерді жинап, айқай-шу шығарып наразылық жасап бақты. Бұдан нәтиже шыға қойған жоқ. Себебі қазақ қоғамында трайбалистік көңіл-күй әлсіреген болатын. Оның үстіне, былайғы жұрт «Жас Алаш» - халықтың газеті» деген жалған түсініктен арылды, газеттің әлдеқашан жеке адамның меншігіне өтіп кеткенін түсінді. Десек те, газет қожайыны Салтанат Атушева Сәрсенбаевтар әулетінің қысымы мен Жетісу өңіріндегі трайбалистік көңіл-күйден ығатынын байқатты. Басқа емес, Сәрсенбаевтарға жиен болып келетін Руслан Ерботаны газетке бас редактор етіп тағайындауы да сондықтан. Үш жылдан кейін, 2020 жылдың басында оны Алматы облысының тумасы, Рысбек Сәрсенбаевпен жылы қарым-қатынас сақтап қалған Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбаймен ауыстыруы да трайбалистік көңіл-күйден қауіптенген әрекет болатын.

Инга Иманбай «Жас Алашты» бір айдан астам уақыт басқарды. Оның тұсында Сәрсенбаевтар әулетіне қатысы бар бірнеше журналист пен техникалық қызметкер «өз еркімен» жұмыстан кетті. «Жас алашқа» Инга Иманбайдың бас редактор болуы да қазақ қоғамында наразылық тудырған жоқ. Жұрт «Жас Алаштың» жеке адам меншігіндегі газет екенін түсінді. Осы көңіл-күйді көріп, көңілін демдеген газет қожайыны енді Сәрсенбаевтар әулетіне, тіпті Жетісу өңіріне қатысы жоқ тәуелсіз журналист – Қайрат Матрековті «Жас Алашқа» бас редактор етіп тағайындады. Оның да трайбалистік көңіл-күйге берілмей редакция құрамын өзгертетіні сөзсіз. Бұл жағдай Салтанат Атушеваны ешкімге алаңдамайтын тәуелсіз меншік иесі дәрежесіне көтереді. Бұдан кейін газет қожайыны «Жас Алашты» сата ма, сатпай ма, оны өзі ғана шешеді. Ал «Жас Алаш» трайбалистік көңіл-күйдің тасасындағы жершілдіктің ықпалынан арылып, ақпарат айдынындағы нарық заңымен даму жолына түседі.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 27.02.2020 252

Қатысты мазмұн