Жаңа оппозицияның ескі ойыны

none

«Халықтық парламент» «Өтен үкіметінің» тағдырын қайталай ма? Қазақстанда саяси режим бетбұрыс жасаған кезде немесе билік элитасы ішінде интрига қоздағанда оппозиция да келбетін өзгертіп, жаңғырып тұрады. Біз мұны 2000-шы жылдардың басында «Ақ жол» партиясының құрылуынан, Мәжіліс спикері әрі «Отан «партиясының» басшысы Жармахан Тұяқбайдың билікті талақ етіп оппозицияға кетуінен, Жүкеев-Тәжиннің шекпенінен шыққан «жас пері» Жанболат Мамайдың қолына оппозиция туын ұстата салуынан және басқа да оқиғалардан байқаймыз. Әркез оппозицияның псевдолидерлері «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғандай» көрінеді, бірақ аңдап қараған адамға – стақан ішіндегі дауыл тудырғандай әрекет қана. Мақсат - алаң жұртты уақытша болса да алдаусыратып қою. Кезінде қазақ қоғамының делебесін қоздырған «Әділетті Қазақстан үшін» блогы мен «Демократиялық күштердің форумын» жұрт әлдеқашан ұмытқан. Себебі бұл құрылымдар да қысқа мерзімге арналған саяси жоба болатын.

Биылғы сайлаудан кейін Мұхтар Тайжан бас болып «Халықтық парламент» деген атаумен сайлауда жеңілген кандидаттардың бірлестігін құрды. Бұл орыстың «Народный парламент» деген тіркесінің калька аудармасы, дұрысы «Халықтың парламенті» болу керек еді. Соған бола салғыласпай-ақ қоялық. Мұндағы гәп оппозицияның «жейдесін» әркімнің өзіне шақтап кесіп-пішіп киіп алуында. 2000-шы жылдардың ортасында Жармахан Тұяқбай президент сайлауында оңбай жеңілген соң Ақордаға ренжіген оппозиция лидерлері «халықтың қамын ойлайтын» «балама үкімет» құрған. Әрине, Жармаған Тұяқбай – «президент», ал басқалары үкімет кабинетінің портфельдерін бір-бірден «иеленіп» алды. Осы саяси хайпқа жұрт кәдімгідей еліккен, олар «балама үкіметті» 1917 жылғы Керенскийдің «уақытша үкіметіндей» көріп, әлдебір өзгерістен үміттенген-ді.

2005 жылғы президент сайлауына Сәлім Өтен есімді ұлтшыл патриот та кандидат ретінде қатысқан. Президент сайлауындағы өзінің бәсекелесі Жармахан Тұяқбайдың «балама үкімет» құрып жатқанын есіткен Өтен де ұлтшыл патриоттарды жинап алып, өзінің үкіметін жасақтауды бастады. Ұлтшыл патриоттардың айтуынша, Тұяқбайдың балама үкіметі – орысқол, ылғи «орманға қарап ұлиды», олардың таза қазақтарға ешқашан іші ағармайды.

«Демократия үйіндегі» Өтенннің атшаптырым кабинетінде өткен осы жиынға журналист ретінде мен де қатыстым. Ұлтшылдар жиынды «балама президент» сайлаудан емес, министр портфельдерін үлестіруден бастады. Қаскелең жақтан жиынға келген бір қара келіншек бар екен, «сен Кондолиза Райсқа ұқсап тұрсың» деп оны мемхатшы етіп тағайындап жіберді. Тіл жанашыры Мақсұт Оразайға білім министрінің портфелі бұйырған. Кадр жетіспеушілігіне орай залдың бір бұрышында отырған мені де ақпарат министрі қылып жібере жаздады, әрең дегенде министр лауазымынан басымды арашалап қалдым... Кезек «Кім президент болады?» деген сұраққа келгенде Сәлім Өтен «президент мен болам» деп саңқ ете қалды, сол-ақ екен «министр» Мақсұт Оразай оған қарсы шықты. Біруақ айтыс-тартыс болды, Сәлім Өтеннің осы жиынды ұйымдастырған еңбегі ескеріліп, сол «президент» тағына қонжиған. Жиын соңында «Өтен үкіметі» топтасып естелік фотоға түсті... Биылғы сайлаудан кейін депутат бола алмай қалған кандидаттар жиылып «Халықтық парламент» құратынын мәлімдегенде ойыма Тұяқбайдың «балама үкіметі» мен «Өтен үкіметі» оралды. Егер Мұхтар Тайжан президент сайлауына қатысып жеңілген болса, ол да Өтен секілді «Тайжан үкіметін" құрушы еді. Тайжандар парламент сайлауында жеңілді, сондықтан олар балама парламент құратынын мәлімдеді.

«Халықтық парламент» пен «Өтен үкіметінің» ұқсастығы бар. «Халықтық парламент» те құрылтайдан кейін Абай ескерткішінің алдына барып естелік фотоға түскен, Алматының орталық алаңына барып, сайлаудың әділдігін талап етіп ұрандауға парламентшілердің дәті жетпеді... "Халықтық парламент" те құрылмай жатып божырап барады... Мүмкін, «Халықтық парламенттің» сценарийі солай сызылған шығар, ол жағын білмедім.

Мені «Халықтық парламенттің» құрылтайына Арман Шораевтың келмегені, құрылтайға шетелден видео сәлемдеме жолдай салғаны таңғалдырды. Ақорданың «бітіспес оппоненті» Санжар Боқаев құрылтайда тіпті төбе көрсетпеді. Құрылтайда белсеніп жүрген Мұхтар Тайжан, Рысбек Сәрсенбай, Инга Иманбай секілді Мәжіліс сайлауынан жеңіліс тапқан аз ғана топ. Олардың да мақсат-мүддесі әртүрлі көрінеді, өзара ашық бет жыртыспаса да, іштей дүрдараз екені байқалады. Рысбек Сәрсенбай, Инга Иманбай сияқты белсенділер өздерін «ескі» оппозиция санайды, Мұхтар Тайжан мен Арман Шораев «ескіні» ысырып, өздері «ескінің» орнын басатын «жаңа» оппозиция болғысы келетін сықылды ма, қалай өзі? Адам түсініп болмайтын процестер жүріп жатыр. Мұның бәрі саясаттың ашық әрі таза қолмен жасалмауынан туындаған саяси проблема. Бұл түйінді мәселені шешу үшін саяси тарихтың қатпарын ақтарып, кімнің қандай жағдайда оппозицияшыл болып кеткенін анықтау керек шығар. Осыдан кейін ғана оппозиция алаңы Ақорданың түрлі саяси жобаларынан тазарып, саясатпен шындап айналысуға көшеміз.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 09.04.2023 79

Қатысты мазмұн