Түркиядан келген діни ағымдарға тосқауыл жоқ. Неге?

none

Исламды діңгегі санайтын нешетүрлі діни ағым бар. Осындай идеологиялық тармақты кейбір елдерде ресми дін санайды. Сауд Арабиясы сәлифилік көзқарастың бір тармағына басымдық берген, ал Иран ислам республикасының саяси билігі шиғалық ағымға толық шырматылған. «Дін саясаттан бөлінген» деп санайтын зайырлы мемлекеттерде қоғамдық ұйым негізінде құрылған мүфтияттар бар. Осындай бейресми діни ағым формасы Қазақстанда «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» (ҚМДБ) деп аталады. ҚМДБ Әбу Ханифа мазһабын, сүнниттік бағытты ұстанатынын жариялаған.

Елде ресми яки бейресми үстемдік жасап отырған діни ұйым өзінің діни жазирасын бөгде ислами ағымдардың ықпалынан қорғайды, жамағатын жетектеп кетуіне жол бермеу үшін бөгде ағымдарға қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. ҚМДБ да бірнеше діни ағымға қарсы «жаһили тариқат», «адасқандардың жолы» дегенге саятын бірнеше пәтуа шығарған. Мүфтияттың теріс пәтуасына іліккендер қатарында «құраншылар», «ясауишіл зікіршілер», «тәңіршілер», «таблиғи жамағат» және сәләфилік көзқарастағы бірнеше ағым бар.

Түркиядан бастау алған діни ағымдардың кейбірі мешіт жамағатына жақындап, оларды иектеп бөліп әкетуге тырыспайды. «Нұршылардың» модернизацияланған қанаты – «гүленшілер» білім беру жүйесі арқылы жұмыс жасауды басты тактика ретінде қабылдаған. Олар Қазақстанға қазақ-түрік лицейлері мен университеттер арқылы дендеп еніп кетті. Сырт көзге бұл оқу орындарындағы «гүленшілер» ағымының ықпалы аса сезілмейді. Ал «сүлейменішілер» жамағаты қайырымдылық қорлар арқылы қызметін дөңлетіп жүргенін көрудеміз. Ол жайлы (https://yotu.be/OJL51uC8TDs)Татарстанда болған бейнероликтен көруге болады. «Сүлейменшілердің» Астана және Алматы қаласында ірі орталықтары бар, басқа аямақтарға да қайырымдылық қорлар арқылы қанатын жайып барады. Оның ішінде Алматыдағы «Ислам мәдени орталығы», «Сауран» және «Алатау» қайырымдылық мекемесін жатқызуға болады. Бөгде адамдарды кіргізбейтін бұл мекемелердің қабырғасының арғы жағында кімдерді дайындап, нені үйретіп жатқаны беймәлім.

Кез келген елдегі діни идеологиялық ағым саяси партиялар секілді билікке ұмтылады. Діни ағымның ашық сайлауға қатысатын саяси партиялардан ерекшелігі - тариқаттар түпкі мақсатына жету үшін жымысқы астыртын жұмыс жүргізеді. Сол мақсатқа жету үшін барлық ағымдар «сұхбат-жамағат-шухрат-опат» стратегиясын басшылыққа алады, процесс барысында идеологиясы мен бүліншілік әрекетін жасыру үшін «такиыа» тактикасын қолданады. Осылайша мысықтабандап саяси билікті қолына алған тарихаттар Таяу шығыс тарихында көптеп кездеседі.

Түбі саяси билікті алуды көздейтін діни идеологиялық ағымдардың жолын кесудің Түркия тарихында айтулы екі оқиғасы бар. Түркия ресбуликасын құрушы Кемал Ататүрік елдегі сайлауларға астыртын жымысқы әдіспен араласа беретін, қайтадан халифат құруды көздейтін тарихаттардың бәрін қатаң жазалады, пірлерін ұзақ жылға түрмеге қаматты. Осы оқиғадан кейін діни ағымдардың саяси билікті басып алуға деген әрекеті сап тиылған. Дегенмен, уақыт өте келе діни ағымдар қайтадан күш ала бастады. Тіпті, қанатын кеңге жайып, ТМД елдерінде түркиялық тариқаттар жұмысын күшейтті. Әрине, Қазақстан зайырлы мемлекет, конституциясынада азаматтардың наным-сенім бостандығына кепілдік берілген. Сондықтан қандай да бір діни ағымды қысымға ұшырату конституциядағы құндылықтар мен прициптерге қайшы келеді. Бұл ретте діни жазираның тұтастығын сақтап, экстремистік әрекеттерге жол бермеуді қоғам болып қолға алуымыз керек.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Дүрбі 14.11.2022 367

Қатысты мазмұн