Тәуелсіздік: жаңарған Қазақстан

none

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойында өткенге көз жіберіп, Қазақстанның қандай жетістікке қол жеткізгенін қысқаша сараптап өткен жөн. Бұл даталы күн қазақ тарихындағы ең ірі саяси өзгерістің қатарына жатады. Экономикалық дамуды қамтамасыз ететін саяси тұрақтылық пен әлеуметтік қиындықты еңсеруде басты мақсаттың бірі болды.

Қазақстан республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздік мерейтойына арналған салтанатты жиында «Біз – текті халықтың ұрпағымыз. Ғасырлар бойы батыр бабалар ұлан байтақ жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге мирас етті. Мен сол ата-бабалар аманатына әрдайым адал болдым. «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» дегендей, жұртымның жарқын болашағы үшін жанымды аямадым. Бүгін, арада 30 жыл өткен соң, сол асқақ армандарымның орындалғанын көру – мен үшін зор бақыт» деп атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің отыз жылы – тұтас бір дәуір. Бұл – қиындықтар мен сынақтарды табанды түрде еңсеру дәуірі, тар жол, тайғақ кешумен салыстыруға болатын ұзақ кезең. Бұл – халқымыздың тарихында бетбұрыс болған жасампаздық дәуірі. Сондықтан ел азаматтарының атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тәуелсіз Қазақстанды құрудағы ерен еңбегі үшін шын жүректен алғыс айтамын» деп, елдің ризашылығын жеткізді.

Тәуелсіздікті жариялаудың нәтижесінде әлем картасында нақты шекарасы белгіленген Қазақстан республикасы атты мемлекет құрылды. Өзінің армиясы, тәуелсіз мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасты, мемлекеттік рәміздер бекітілді.

Саяси өзгерістер кезінде жаңа мемлекеттегі тұрақтылықты сақтап қалу керек еді. Сонда ғана дамудың жоспарын қиналмай жасауға мүмкіндік туады. Қазақстан ел аумағында тұрып жатқан барлық этностардың бірлігін, өзара толеранттылығын, конфессияаралық және мәдени келісімін сақтап қалды. Посткеңестік кейбір елдердегідей Қазақстанда ұлтаралық қақтығыс болған жоқ. Бұл Қазақстан үшін ең үлкен жетістік екенін бәрі мойындайды. Этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың арқасында қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің бірегей үлгісі қалыптасты. Бұл модельдің маңызды бөлігі Қазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады.

Тәуелсіз Қазақстан әлем елдерімен тату әрі өзара тиімді ынтымақтастық жасай білді. Әлемде әркез өршіп кететін кикілжіңдерден аулақ болды. Бұл - көпвекторлы сыртқы саясаттың нәтижесі. Сондықтан Қазақстанды халықаралық қауымдастық бейбіт әрі сындарлы саясатын жүргізетін мемлекет ретінде таниды.

Тәуелсіздіктің алдында Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей облысындағы әлемдегі ең ірі ядролық қарудың сынақ полигонын жапты. Кеңес одағынан мұра ретінде Қазақстан аумағында қалған ядролық арсеналдан бас тартты. Бұл қадам әлемдік қауымдастық пен жетекші державалар тарапынан сенімнің нығаюына септігін тигізді, мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтты.

Қазақстан «Невада-Семей» қозғалысынан бастап әлемдік антиядролық процесте көшбасшы болып келеді. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының ядролық қарудан азат әлем құрудың жалпыға ортақ декларациясын қабылдады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанға ауқымды бітімгершілік дипломатиясын жүргізуге мүмкіндік алды. Республиканың қарулы күштерінің бөлімшелері БҰҰ-ның бітімгершілік іс-қимылына қатысты.

Қазақстанның бітімгершілік және антиядролық қызметі 2017 жылдан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануына жол ашты.

Қазақстан он жылғы үзілістен кейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізуге бастамашы болды. Саммит алғаш рет Орталық Азия өңірінде және бұрынғы КСРО аумағында - Қазақстанның астанасында өтті.

Қазақстан Н.Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған, дінаралық және конфессияаралық диалогты тек сындарлы форматта жүргізуге мүмкіндік беретін пікірталас алаңы ретінде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін тұрақты түрде өткізіп келеді.

Қазақстан нарықтық экономикаға сәтті көшудің үлгісін көрсетті. Нарықтық экономиканың барлық тетіктері мен заңнамалық негізін қалыптастырды. Экономиканың серпінді дамуы мемлекетке өмірдің барлық салаларын одан әрі реформалауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда екі реформа табысты жүргізілді. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу сәтті жүзеге асырылды.

90-шы жылдардың соңында қабылданған «Қазақстан – 2030» стратегиясын 2010-шы жылдардың ортасында оңды нәтижеге жетті. Қазақстан орнықты экономикалық өсу траекториясына шықты. Мемлекеттік институттар жүйесін қалыптастырды, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытты, халықтың тұрмысын едәуір жақсартты. Мемлекет астанасын ауыстырып, республиканың орталығына халықты тартты, экономикалық әлеуетін күшейтті. Экономикалық жетістіктердің арқасында халықтың әл-ауқаты өсті. 1996 жылы Қазақстан халқының 35 пайызы кедейлік шегінде болған, қазір бұл көрсеткіш біршама төмендеді.

«Қазақстан – 2030» стратегиясында белгіленген барлық міндеттерді мерзімінен бұрын жүзеге асырған соң, 2012 жылы Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына және даму деңгейі орташа елдер тобына енді. Сонымен қатар, жаңа мақсатты көздеген «Қазақстан – 2050» стратегиясы қабылданып, ол әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру міндетін қойды.

2017 жылдың басынан бастап Қазақстанда «Үшінші жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Ондағы мақсат Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында айқындалған.

Қазақстанның және Тұңғыш президенттің бастамасымен жаңа елорданың іргетасы күшейтілді. Қатардағы облыс орталығының орнында қала құрылысы мен сәулет өнерінің әлемдік талаптарына сай, сондай-ақ, осындай деңгейдегі және мәртебелі қалаларға қойылатын басқа да талаптарға сәйкес астаналық функциялары бар заманауи қала пайда болды.

2017 жылы Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбында ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі үлкен жетістікпен өтті. Қазақстандықтардың жас буынына «жасыл» технологияларды, қауіпсіз және ресурс үнемдейтін энергетика саласындағы ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін көрсетті, көптеген инвестициялық келісімдер жасаудан басқа көрмеден кейін болашақта белсенді пайдаланылатын қуатты инфрақұрылым жасалды. 2018 жылдың шілде айынан бастап мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы ЭКСПО көрме кешенінде орналасқан. Онда орталық қаржы қақпасы, инвестициялық капиталды тарту орталығы секліді, экономикаға жаңа серпін беретін құрылымдар бар.

Еліміздің халықаралық аренадағы жетістіктері, оның ішінде Еуразиялық экономикалық интеграция саласындағы бастамалары, өңірлік экономикалық және саяси көшбасшылығы Қазақстанның үлкен жетістігі болып табылады. Бүгінгі Қазақстан - жетекші халықаралық ұйымдардың - БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, КО, БЭК, ҰҚШҰ, ЭЫДҰ және басқа да мемлекетаралық бірлестіктердің мүшесі.

Қазақстан тәуелсіздік жылдары Орталық Азияға құйылатын шетелдік инвестициялардың 70 пайыздан астамын өзіне тартты. Ең ірі инвесторлар - Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Италия, Жапония, Бельгия және Канада. Жалпы алғанда Қазақстанға 300 миллиард доллардан астам инвестиция түсті.

2009 жылы іске қосылған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан экономикасының бүкіл құрылымын біртіндеп түбегейлі өзгертті. Индустрияландыру жылдарында 1250 жаңа кәсіпорын құрылып, 300 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Әлемнің 100-ден астам елі қазақстандық өнімді тұтынып отыр. Соңғы жылдары Қазақстанда бұрын болмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін өндіру игерілді, ел 50-ге жуық жаңа тауарларды экспорттай бастады. Осы жұмысты жандандыру үшін 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия бекітілді.

«S» сараптау орталығы

Айдары: Төбе 16.12.2021 155

Қатысты мазмұн