
Салмағы ауыр, жауапкершілігі зор мемлекетаралық қатынас кей кездері ойнап жүрген балалардың жанжалына ұқсап кететіні бар. Мысалы, салқын ақылға салып, мәселенің мән-жайын ұғынатын естияр жағдайды түсіндіргісі келгенде, балалық бұртиюы тиылмаған ессіздеуі өзін ғана тыңдайтын жағдай болады. Салдарынан екі тараптың әрқайсысы өз шындығында қалады. Біздің бұлай мысал келтіріп жатқандағы айтпағымыз – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ортақ шешімге келуді қажет ететін шегаралық, аймақтық және кедендік мәселелер.
Әрине, әділін айту керек, мемлекеттік шегараға қатысты мәселелер әр кезде де болып тұрған және сәйкесінше екі ел арасындағы өзара түсіністіктің сапасына қарай көтерілетін тақырыптардың ауқымы да әр қилы. Мысалы су және электр энергиясы, кедендік тексеру, контрабанда, шекарадан заңсыз өту сияқты мәселелер тармақтала береді. Егер қазбаласа, тақырыпты ары қарай тағы да бірнеше бағытқа бөліп, қарай беруге болады.
Біз әрине қай бір тарапты біржақты кіналаудан аулақпыз. Әдейі ренжітуді тіпті де қаламаймыз. Дегенмен, көп жағдайдағы кикілжіңнің жауапкершілігі екі жаққа да ортақ екенін мойындау да ерлік екенін айтқымыз келеді. Өз алдына егемен екі дербес ел болған соң кейбір құқықтық нормаларда немесе техникалық қамтамасыз етуде де айырмашылық болатыны белгілі. Түсінбеушіліктің көбі осы факторға байланысты орын алып жатады. Жазғанымыз ұғынықты болу үшін мысал келтірейік. Мәселен, биылғы жылдың ақпан айында қырғызстандық кәсіпкерлер Қазақстан тарапын шекарада басы артық тексеру жасап, Қырғызстан мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар транзитіне көрінеу кедергі келтіріп отыр деп кінә тақты. Егер өткенді еске салсақ, бұндай негізсіз айыптаулар бұрын орын алған. Кейбір отқа май құйғанды жақсы көретіндер тіпті ол мәселенің себебін қырғыз кәсіпкерлерін пара беруге бопсалау және контрабандаға жағдай жасау деп түсіндіргісі келген. Бұның әрине, бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар екенін көзі қарақты оқырман өзі де түсінетін шығар.
Өкінішке орай, кейде көрші мемлекеттің ресми органдары көпе-көрінеу жалған айыптауларға иек артып жатанынын да айта кетейік. Сондықтан біз өз тарапымыздан олардай жалаң сөзді болып көрінбеу үшін, мәселенің нақты құқықтық жағын түсіндірейік.
Бірден айту керек, соңғы үш айда көлемінде шегарадағы түйіткілдерге қатысты мәселелер ақырындап, әртүрлі деңгейде шешімін таба бастады. Ал тура бір жарым ай бұрын, яғни, 20 сәуірде Қырғызстанның Министрлер Кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Арзыбек Қожошев пен Қазақстанның Сауда және интеграция вице-премьер – министрі Бақыт Сұлтанов бейне-конференц-байланыс режимінде келіссөздер жүргізгенін білеміз. Күн тәртібіне қойылған мәселелер қатарында, біздің мемлекеттік шегарада белгілі бір уақытта жиналып қалған жүк көліктері туралы да болған еді. Нәтижесінде, қос тарап та назар аударуға тұрарлық өзара бірқатар ортақ келісімдерге қол жеткізген болатын.
Атап айтқанда, Қырғызстан Қаржы министрлігі жанындағы Салық қызметіне электрондық шот-фактураларсыз тауар тасымалдайтын жүк көліктерін ел аумағынан шығармау туралы тапсырма берілген еді. Яғни, тасымалданатын жүкті рәсімдейтін салық қызметкерлері үшін бұрыннан таныс электронды құжаттарды ұсынуы керек еді. Бұл мәселенің көтерілуінің өзі – бұрын бұл тек қағаз жүзінде ғана болған немесе мүлдем болмаған деген ойға жетелейді. Бірақ бұл туралы кінә артқыш қырғыз кәсіпкерлерінің мәлімдемесінде де, ресми Бішкектегі билеушілер төңірегіндегілер де «ләм-мим» сөз қозғалмады. Әрине, өзара уағдаластық міндеттемелерінің салмағы екі жаққа да тең болуы тиіс. Соның негізінде, Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті де ЕАЭО елдеріне транзитпен өтуге неитті көрші елдің жүк көліктерін, егер оларда тиісті электрондық шот-фактуралары бар болса, «бақылау-тексеру» рәсімінсіз жіберуге міндеттелді.
Былай қарасаңыз, қарапайым шешім. Себебі мәселенің бәрі қырғыз тарапынан біздің елдің аумағынан өтуі тиіс жүктерге тиелісі электрондық құжаттардың болмағандығынан туындап отыр ғой. Алайда, қаншама уақыттан бері айналымға цифрлық технологияларды енгізуде айтарлықтай алға жылжыған Қырғыз Республикасы осы қарапайым рәсімді неге қамтамасыз ете алмағаны түсініксіз..
Мысалы, электронды дауыс беруді айтайық. Аталған жүйе іс жүзінде тиімділігін көрсетіп, тіпті көптеген жағдайда түрлі көзбояушылықтың алдын алуға ықпал ете алды. Әрине, барлық қоғамда болатындай кейбір құрылымдарға мұндай бастама ұнамады. Десе де, оның енгізілгені көпшіліктің пікірінің ескерілгенін білдіреді. Әсіресе, бұндай жаңашылдық саяси кландар үшін көбірек тиімді болды. Ал біз сөз етіп отырған мәселе, сахнаға басқа кланның, атап айтқанда қаржылық және қылмыстық топтардың мүддесі шыққанын білдіретіндей. Олар да белгілі бір дәрежеде саясаттан алыс емес. Бірақ импорт пен экспортты бақылап, контрабанда қимылдарын уыста ұстау үшін, адалдық пен ашықтық қағидаларынан бас тартуды жөн көрді.
Жалпы алғанда айыр қалпақты ағайындар техникалық тұрғыда артта қалған деп тар ойлаудың қажеті жоқ. Мәселе мүлдем онда емес. Мәселе – көлеңкедегі тиімді бизнесті электронды жүйеге көшіруді қаламайтын белгілі бір күштердің пиғылында болып отыр. Өйткені, бұндай жаңашылдық оларға өте тиімсіз. Сондықтан, олар үшін мәселенің барын мойындап, шынайы шешім қабылдағанның орнына – бар інә мен күнәні көрші қазақ мемлекетіне арта салу жеңіл. Ол үшін кең көлемді, терең талдаулы шара қабылдаудың да қажеті жоқ. Себебі олар халықтың көпшілігін соңдарынан ерту үшін – жемқорлық пен әділетсіз билік жайлы жалаң ұрандар көтеру жеткілікті екенін жақсы меңгерген.
Сондықтан бұндай жағдайда шешім іздеуді «Бұлай істеу кімге тиімді?» деген сұрақтан бастаған жөн. Себебі қырғыз тарапы айтқандай, электрондық шот-фактураларды енгізу қазақстандық кеденшілер мен шекарашыларға, салық қызметкерлеріне тіпті де тиімді емес (жемқорлық тұрғысынан алғанда). Әрине, құжаттарды рәсімдеуде белгілі бір дәрежеде қауіп бар. Бірақ ол тек ел ішіндегі тауар айналымына қатысты. Ал тауар импорты мен транзитіне оның әсері жоқ. Сондықтан, қазір біздің білуімізше, елдегі контрабандашылар мен мүдделі мемлекеттік органдардағы жемқорлықты жақсы көретін шенділер Мемлекеттік кірістер комитеті енгізген осы заманауи технологияны айналып өтудің жолдарын жанталаса қарастырып жатыр деген сыбыс бар. Әрине, бұл тек болжам ғана және басқа әңгімеге арқау болатын тақырып. Мысал ретінде көрші елге тасымалданатын темекі мен жанар-жағар май контарбандасын алайық. Бейресми ақпарат бойынша, Қырғызстандағы бензин мен солярканың әрбір төртінші литрі заңсыз түрде енгізіледі екен. Салдарынан Қырғызстан бюджеті жыл сайын миллиардаған сом жоғалтады. Ал Қазақстанның 100 мың литрге дейін жанар-жағар майды кедендік баж салығынсыз жеткізу міндеттемесі бар.
Дегенмен, негізгі тақырыпқа оралайық. Екіжақты талқылау барысында біздің ел тарапы бірқатар нақты шешім жолдарын ұсынған болатын. Соның ішінде, талапқа сай келмеген жүк көліктерін кері қайтаруға тура келген жағдайда, екі тарап алдын ала құрылған арнайы жұмыс тобы мүшелерімен «Whatsapp» қосымшасы арқылы байланысқа шығып, жүк көлігінің нөмірін, электронды шот-фактураларды және кері қайтару себебін түсіндірген хабарлама жібереді. Аталған жұмыс тобының құрамына Қырғыз Республикасы Салық қызметінің және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылары кіреді. Сәйкесінше, барлық жұмыс шұғыл, ашық және артық эмоциясыз атқарылуы тиіс.
Былай қарасаң, қарапайым әрі әділ шешім. Алайда, көлеңкелі бизнестен миллиондаған сом пайда тауып үйреніп қалғандарға бұндай жаңашылдықтың жақпасы түсінікті. Сондықтан егер, олар тағы да заңнан айналып өтудің жолдарын іздей бастаса онда құдайы көршілер – Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы жұмысқа қатысты негізсіз айыптаулар мен көлік кептелістеріне кезекті рет куә болуымыз бек мүмкін. Бәріне уақыт төреші..
Ерасыл Бердібек