Серікжанның «Тілек операциясы». Ол нені көздейді?

none

**Қытай қазақтары «күнкөсем» санайтын Серікжан Біләшқа бұған дейін берілген қысқа сипаттамада оның тек қана «көсемсуге» маманданғаны, «белі қайысып жұмыс істейтін еркектің сортынан емесі» айтылды. Әрине, бұл медициналық диагноз емес, соның салдары ғана. Психикасы ауытқуға ұшыраған мұндай адам – менмен, өзін қатты жақсы көреді, жанаяр, өзінің өмірі үшін, рахаты үшін тіпті ет жақынын да аямайды, «менің ғана айтқаным жөн, басқалар менің айдауыммен жүруі тиіс» деп санайды. **

Оны мына оқиғадан да байқауға болады: Қытай концлагерінде запа шегіп қорланғаны үшін кішкентай қызы бар Гүлзира Әуелхан есімді келіншек АҚШ-қа барып босқын мәртебісін алған болатын, оған үкімет тұратын үй берген. Серікжан АҚШ-қа барғанда трутенше (бал арасының еркегі) Гүлзираның үйінде шолжиып жатып алған ғой. Жұмыс істемейтін, үйге бір килә азық әкелмейтін еркек адам қалай сүйкімді болады?!. Шыдамы таусылған Гүлзира жарты жылдан кейін Серікжанды майқұйрықтан тепкендей қылып қуып жіберіпті... Бұл оқиға Серікжанға сабақ болмады. Оның қазіргі мінезі әлі содай, күріштің есебінен су ішетін күрмек сияқты. Мұны әртүрлі оқиға бойынша жан-жақты дәлелдеуге болады. Тақырыптың ауқымы кеңейіп кетпес үшін, әзірге Серікжан Біләшұлының АҚШ-қа, яғни өзінің жанына «айтқанға көнетін, есек секілді айдауға жүретін» қазақтарды жинауындағы гәпті айтумен шектелейік.

Серікжан Біләшұлы АҚШ-қа қоныс аударған соң қытай қазақтарына қатты ұнайтын екі бастама (идея) көтерді. Бірі – «Қытайдың Шығыс Түркістандағы геноцидінен зардап шеккен қазақтарды АҚШ Конгресінде ойбайлатып сөйлету», екіншісі «Атажұрт» құқық қорғау ұйымын саяси партияға айналдырып, Қазақстан парламентінен орын алып, оралмандардың мүддесін жалпықазақ саясатының төрінде күйттеу».

Серікжанның осы екі идеясы да саяси процестерді жетік түсінбейтін оралман қазаққа ұнайтын. Сондықтан оралмандардың ішінен шыққан Ерлан Бекмырза секілді қайырымы мол кәсіпкерлер мүмкіндігінше Серікжан мен серкіжаншылдарға көмектесуді өзіне парыз санады. Оның сыртында күнін әзер көріп отырған оралман қауым да «күнкөсем» идеясына елігіп, олар да Серікжанның «әмияны» Тілек Ниязбектің каспиголдына «5-10 теңгеден» ақша аударып жатты, ал қолма-қол қағаз теңге тіркелмеген «Атажұрт» партиясының лидерлері Бекзат Мақсұтхан мен Гүлжан Әліштің қайыр тілеп жайған алақанына түсетін. Әрине, мыш-мыш ақшаның басым бөлігі АҚШ-тан тың идеясымен нұрын шашып тұрған «күнкөсемге» жіберілетін. Алғашында бәрі жақсы тұғын, бірақ Конгресте қазақтар сөйлеген жоқ, «Атажұрт» партия болып тіркелмеді, сәйкесінше оралман қазақтың көңілі суып, ақша жинауды азайтты. Бұл әсіресе Серікжан үшін катастрофа. Қайтпек керек?!.

«Тибеттіктердің» атын жамылып АҚШ-қа заңсыз мигрант тасып «бизнес» жасап пайда тауып жүрген Боф Фу есімді қытайды қалтасынан айлакер қазақ болсаң да «қыл суыру» қиын (оны «Сила операциясында» жаздық). Қиын жағдайға душар болған Серікжан «Конгресте ойбайлап сөйлейтін оралмандар» жобасының форматын өзгертіп, Қытайдың қысымынан зардап шеккен қазақтарды емес, АҚШ-қа «өз адамдарын» жинауды бастады. Олардың саны он болған: Тілек Ниязбек және оның үлкен екі ұлы, атажұртшыл Нұрғалидің ұлы Нұрлыотан, Сила Мұхтаржанқызы, марқұм Мұқтаржанның інісі Құсният пен оның бажасы, Серікжанның жездесі Амантай мен оның ұлы Мағжан және тағы бір жігіт (бұл жігіттің аты-жөнін әзірге құпиялап отырмын, реті келгенде кім екенін айтам - автор). Бұлардың ішінде «екі қолға бір күрек алып» жұмыс істеп нәпақа таппайтын кәмелетке толмаған қыз - Сила ғана. Оны Серікжан Нью-Йорк қаласында бірге тұратын Қалбынұрдың көңілін табу үшін ғана АҚШ-қа алдырғаны «Сила операциясында» айтылды. Белі қайысып жұмыс істеп өз нанын адал еңбекпен тауып жеуді өзіне ар санайтын «күнкөсем» басқаларға АҚШ-та жұмыс істеткізіп, солардың табысының есебінен күн көруді мақсат тұтты. Дегенмен, патша көңілді Серікжанның мақсаты толығымен жүзеге асқан жоқ.

2023 жылы 8 тамызда Серікжанның жездесі Амантай Агымолыда ұлымен бірге Бішкек арқылы Дубайға ұшып кеткен болатын. Ол Есік қаласында әйелі Батиқа Бияшты кішкентай қызымен қалдырып кеткен. Әкелі балалы екеу Дубайға жеткенде Серікжан мен әпкесі Батиқа өзара ұрыс-керісті бастады. Амантай Батиқаның ықтиярынсыз жолға шыққан сияқты. Ол күйеуі жөнінде «бұл жақта Камаз айдап жарытпаған Амантай АҚШ-та одан үш есе ұзын машинаны айдап қатырады дейсің бе, тіпті Америкаға жете алмай орта жолда ұлым екеуі қаңғып қалды ғой, мына жақта біз күнкөріссіз қалдық, осы сен бөтен отбасының шаруасына араласқаныңды, арандатқаныңды қашан қоясың...» деп Серікжанның жер-жебіріне жететіндей сөз айтқан... Осыдан кейін, қызды-қыздымен, Серікжанның қот-қоттауымен сапарға шығып кеткен Амантай да есін жиып, елге оралды.

Ал Қалбынұрдың қайнысы Құсният және оның бажасының қылығы тіпті қызық. Қазақстанда қоңыр өмір сүріп жүрген қарапайым жігіт ағалары «мал қарап сауыс кір болған киіммен», бетері мыж-мыж, терісі жел мен күнге қақталған күйінше Дубайға ұшып барған ғой. Одан әрі Бразилияға ұшпақ болып билет алады. Сөйтсе, бұларды «қыдырып барып-келетіп туристке ұқсамайды, Бразилия әуежай бекетінен елі ішіне өткізбей қойса, шығындалып тегін алып қайтуға тура келеді» деп әуе компаниясының қызметкерлері ұшаққа мінгізбей қойыпты. Құснияттың бажасы «Америкаға қаратып» қолын бір сілтеп, Дубайдан қазақ даласына қайтқан. Ал Құсният Дубайдан Стамбұлға ұшып, сонда жүрген «Путиннің қайын атасының» (менің жобалауымша, әңгіме Алина Кабаеваның әкесі туралы болса керек – автор) көмегімен Серікжанның қасына жетіп алмақшы болыпты, бірақ оның АҚШ-қа қарай жасаған талпынысы сәтсіз аяқталып, Қазақстанға оралған (Құсниятпен байланысты оқиғаның қызығы мен шыжығын келесі бір поста жазармын – автор).

Жоғарыда айтылғандай, перғауын мінезді Серікжан 4 «жұмыскерінен» қапыда айырылып қалды. Әзірге Серікжанға пайдалысы Тілек Ниязбек болып тұр, себебі «Атажұртқа» халықтан жиналатын ақша құйылатын каспиголд кәртішке соның намына жазылған, Серікжан тартып алып қоймаса, әзірге кәртішке соның қалтасында. Дегенмен, Тілек АҚШ-қа бара сала екі ұлы мен өзі үшін «жолға 58 мың доллар шығындалдым» деп шүршиген аузын қу шөппен сүртіп жатыр. Бұл «Секе, сенің «әмияныңның» түбі қағылды, менен алатындай түгің жоқ» дегені ме, қалай өзі?!. Сөз астарын түсіну қиын – серікжаншылдардың қулығына құрық бойламайды...

Әрине, осы тұста «Тілек 58 мыңды қайдан алды?!» деп, оралман қауымның көкейінде сұрақ туатыны анық. Рас, Тілек те, оның әйелі де жұмыс істеген емес. Тілек Ниязбек «Атажұрт» офисінің алдында бой көрсеткісі келмейтін қайырымы мол оралман кәсіпкерлердің серікжаншылдарға беретін ақшасын жеткізуші еді. Кейін ол халықтан жиналатын ақшаның «әмияны» болды. Оның басқа табыс көзі туралы мәлімет жоқ. Әрі сілтегенде 3 мың доллардан аспайтын жаман машинасын да АҚШ-қа сапарының алдында сата алмады. Сондықтан «58 мың қайдан шықты?» деген сұраққа «ішің білсін әлуай..» деп жауап беруден басқа вариант жоқ. Оның үстіне мынандай жайтты да баса айта кеткен жөн: Тілек АҚШ-қа бұрынғы әйелінен туған екі ұлын алып кетті, ал кейінгі әйелі екі жас баламен Алматыда қалды. Әкелік жауапкершілікті сезінсе, Тілек те, оның өзімен бірге жүрген екі ұлы да елде екі жас баламен қалған қамкөңіл әйелге көмектесуі тиіс қой. Сонда олардың АҚШ-та қара жұмыс істеп тапқан долларынан «күнкөсем» Серікжанға қанша үлес тиеді?!. Мұны айтпағанда, 20-дан енді асқан үш жас жігітте коммунистік Қытайда туып-өскен әкелері сияқты көсемге табынатын құлдық сана атымен жоқ, олар еркін Америкада еркін қимылдайды. Сондықтан олар да маңдай терін төгіп тапқан долларын Серікжан серінің алақанына апарып салуы неғайбыл...

Ораз Әлімбеков

(материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Дүрбі 11.02.2024 77

Қатысты мазмұн