Саяси партиялар сайлауға дайын ба?

none

Қазақстанда алдағы парламент сайлауына дайындық жүріп жатыр. Мұны оппозицияшыл топтардың жылдамдатып партия тіркеуге деген ұмтылысынан байқауға болады. Әділет министрлігінің тіркеуіндегі партиялар да босқа уақыт өткізіп жатқан жоқ, құрылымдық жүйесін жаңарту үстінде.

Қазіргі жағдай бойынша, «Нұр Отан» партиясымен иық тірестіріп бәсекелесе алатын саяси ұйым жоқ. Биліктің басты партиясы саналатын «Нұр Отан басшылығына Бауыржан Байбек (партия төрағасының бірінші орынбасары) келгелі саяси ұйым стратегиясы мен тактикасына өзгеріс жасап жатыр.

Мәжілісте онға жуық депутаты бар «Ақ жол» мен «Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының» да алдағы сайлауға дайын тұрғанына шек келтіруге болмайды, саяси науқанды атқаруға әлеуеті жеткілікті.

Ресми тіркеудегі «Бірлік» және «Ауыл» партиясы әдеттегіше бұйығы қалпында. Бұл екі партияның парламент сайлауына қатысатыны анық, бірақ саяси бәсекені қыздыратын санатта жоқ. Оның үстіне, әлі күнге дейін бұл партиялар өзінің электоратын анықтай алмай жүр. Қысқаша айтқанда, «Бірлік» пен «Ауыл» «аты бар, заты жоқ» партиялардың тізімінде қала береді.

Әділет министрлігінің тіркеуінде тұрған «Азат» партиясын (бұрынғы «Нағыз Ақ жол») Болат Әбілев бастаған топ керексіз заттай тастап кеткені белгілі. «Аты бар, заты жоқ» партия бұған дейінгі бірнеше саяси науқанға қатысқан жоқ. Партияны қайта тірілтуге ешкімнің құлқы жоқ. Сондықтан «Азаттың» ресми тіркеуі келесі парламент сайлауынан кейін түбегейлі жойылуы мүмкін.

Оппозицияшыл жалғыз партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жетекшісі қызметінен Жармахан Тұяқбайдың кетуі, оның орнын басқан Ермұрат Бапидің 4 айдан кейін төрағалықтан қуылуы және партия ішіндегі бітпейтін интрига саяси ұйымды әбден әлсіретіп кетті. ЖСДП-ның қазіргі төрағасы Асхат Рахымжанов төрт-бес филалдың жетекшілерінің басын қосып, үнемі интригамен айналысады. Кезінде Жармахан Тұяқбайдың ұсынысымен партия жетекшілігіне шақырылған Зәуреш Батталованы да жарты жылдай мүйіздеп, ЖСДП-дан қуып жіберген Рахымжанов бастаған жас функционерлер болатын. Кейін олар Ермұрат Бапиді масқаралап, партиядан қуып шықты. ЖСДП ішіндегі саяси бықсық осымен бітті деп айтуға келмейді. Партияның кейбір облыстардағы жетекшілері Рахымжановты лидер ретінде мойындамайды. Сондықтан, ЖСДП-ның іштей бүліну үрдісі алдағы саяси науқанды сәтті атқаруға көп кедергі келтіретіні анық.

ЖСДП-ның жолын кес-кестеп тұрған тағы фактор бар. Ол - партияға құруға әрекеттеніп жатқан жас саясаткер Жанболат Мамай. Оның біліктілігі мен саяси күрес тактикасы социал-демократ Асхат Рахымжановты он орап кетеді. Егер Жанболат Мамай партиясын құрып, оны тіркеуден өткізіп алса, ЖСДП бұған дейін арқа сүйеп келген оппозицияшыл электораттан айырылады. Жоғарыда айтылған жағдайды ескере отырып, алдағы парламент сайлауында тағы да «Нұр Отан» жақсы нәтижеге жетеді деп болжам айтуға болады.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Дүрбі 19.11.2019 97

Қатысты мазмұн