Саясатқа әркімнің бар таласы

none

Әділет министрлігі 4 мамырда «Алға Қазақстан» партиясын тіркеу нормасының бұзылғанын хабарлады. Әбілязовшіл Жасарал Қуанышәлин министрлікке партия құруға ықыласты 1600 адамның тізімін ұсынған. Әділет министрлігі тексере келе тізімдегі адамдардың заң талабына сәйкес емес екенін мәлімдеп, құжатты қабылдаудан бас тартты. Әрине, бастамашыл топтың жаңа тізім ұсынуына болады, бірақ Жасарал Қуанышәлин және оның жақтастары министрліктің бұл талабынан саяси астар іздеп, дау шығарып жатыр.

Қазақстанда ресми тіркеуден өтпей қалған бірнеше саяси ұйым бар. Жанболат Мамай басқаратын «Қазақстанның демократиялық партиясы» Әділет министрлігіне бастамашыл топтың тізімін тіркеткенімен, белгісіз себепке байланысты құрылтай сиезін өткізген жоқ. Осылайша «демпартияны» тіркету аяқсыз қалды. Мүмкін, Мамай мен оның жақтастары үшін ұйым тіркемей-ақ саясатпен шұғылдану тиімді шығар, себебі ұйымдарын партия ретінде жариялаған белсенді бірнеше топ бар. Қозғалысты немесе қоғамдық ұйымды саяси партия етіп тіркесе, онда партияның аймақтарда тұрақты филиалын ашу керек. Мұндай құрылымдық жүйе біршама қаражат құюды қажет етеді. Ұлтшыл патриот Мұхтар Тайжанның есебінше, ортанқол партияға ай сайын 30 мың доллар жұмсау керек.

Қазақстанда саяси реформа жасалатыны және күзге қарай парламент сайлауы өтетіні жөнінде сөз көбейген соң, саяси партия тіркетуге ықыласты белсенділердің саны артты. Әділет министрлігінің мәліметінше, қазір «Ел тірегі» (Нұржан Әлтаев), «Намыс» (Санжар Боқаев), «Байтақ» (Азаматхан Әміртай) тіркелудің бірінші кезеңінен өткен. Тіпті «Халық дербестігі» (Жұматай Әлиев) партиясы заң талабына сәйкес 20 мың адамның қолын жинап, құрылтай сиезін өткізіп, құрылтай құжатын Әділет министрлігіне тапсырған. Бұдан кейін партия аймақта филиалдарын құруды бастайды.

«Саясатпен қош айтысып кеткен» Болат Әбілев те топ құрып қайтадан қоғамдық-саяси жұмыспен белсене шұғылдана бастады. Ол ұйымдастырған қоғамдық қор «Қаңтар» деп аталады. Бұл қордың негізінде саяси ұйым құрылуы неғайбыл. Себебі, Болат Әбілевтің ресми тіркеуден өткен «Азат» партиясы бар. Ол сол ұйымның құжаттарын қайтадан ретке келтіріп, «Азатты» «тірілтіп» алуы мүмкін.

«Жауыннан кейінгі қаптаған саңырауқұлақтай» партия құруға ұмтылған белсенділердің әрекетін «Аманат» (бұрынғы «Нұр Отан») партиясының «әлсіреуімен» байланыстыратындар бар.

«Аманат» партиясы төрағалығынан президент Тоқаев кетті және бұдан былай партияның аймақтық филиалдарын облыс әкімдері басқармайтын болды. Осы жағдайды есепке алған сарапшылар «Аманатты» «әлсіреді» деп санайды. Ақиқатында, «Аманат» - аймақтық филиалдары түгел, жүйелі құрылымданған, өкілдері парламент пен үкімет құрамында ең көп партия. Қазір «Аманатқа» ресми тіркеудегі кейбір әлсіз партиялар да қосылып жатыр. Сондықтан «Аманат» алдағы сайлауда негізігі рөл ойнайтын саяси ұйым болып қала береді.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 04.05.2022 91

Қатысты мазмұн