
Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті қызметінен кеткеннен кейін саясат алаңындағы ахуал қалай өзгерді? Осы сұраққа 2,5 жылдан астам уақыттағы жағдайды сараптап көрейік.
Бастапқыда наразылық біршама күшейді, билікке және саяси жүйенің көшбасшысы «Nur Otan» партиясына сыни пікір өршігені байқалды. Қарабайыр ұсыныстар мен мен жалаң ұрандар көтерген әртүрлі ұйымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай дүр ете қалған.
2019 жылғы президенттік сайлау алдында Димаш Әлжанов жетекшілігімен құрылған «Oyan, Qazaqstan» ұйымы «еркін азаматтар құқықтары мен бостандықтарын өздеріне қайтарып алуы тиіс тарихи сәттің басталғаны» туралы мәлімдеме жасады. Олар жалпыхалықтық сайлуады мойындағысы келмеді, бірақ халықаралық қауымдастықтан қолдау тапқан жоқ.
Журналистиканы тастап, псевдооппозицияшыл топты басқарып кеткен Жанболат Мамай билік тарапынан өзіне тосқауыл болатынын алдын ала байбаламдап, «қоғамды демократияландыруды» негізге алып партия құруға тырысты. Мұндай саяси реформа жасалмаған жағдайда, ел басшылығына қарсы Батыстың түрлі санкция салатынын айтып қорқытты. Бұл негізі жоқ арзанқол қоқан-лоққы болатын.
Әлнұр Ильяшев есімді белсенді мемлекет пен «Nur Otan» партиясын сайлауды бұрмалады деп айыптап, сайлауға қатысу үшін саяси қозғалыс құрғанын мәлімдеген. Олардың қатарына «Nur Otan» демократияны қыспаққа алды, елде саяси монополизм орнатты» деп сынға алған және «билеуші партияның күні бітті» деп болжам айтқан Әсия Төлесова мен оның «Шындықтан қаша алмайсың», «HAQ», «Халық Сенімі», «El Tiregi» қозғалыстарын жатқызуға болады. Оппозицияшыл риторикаға түбегейлі өтіп алған олар «биліктің әлсіздігін, «Nur Otan»-ның дәрменсіздігін» айтып, партияны түкке алғысыз қылып тастағысы келді. Алайда сарапшысымақтардың болжамы бос сөз болып шықты.
Президенттік сайлауда «Nur Otan» партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйені либерализациялау бойынша ауқымды саяси реформа пакетін ұсынып, тың бастама көтерді: партияларды тіркеу үшін талапты жеңілдетті, партиялық тізімде жастар мен әйелдерге арнайы квота берілді, ауыл әкімдерін тікелей сайлау, митинг өткізу үшін рұқсат алмай жай ғана хабарлай салу, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және тағы басқалар.
Партияның өзі пессимистік болжамдарға қарамастан, жаңа сын-тегеуріндерге жауап ретінде ішкі жаңғыруды табысты жүзеге асырды: жаңа көшбасшыларды тартуға арналған праймериз өткізді, түрлі әлеуметтік топтармен жұмыс жасаудың жаңа тәсілін іске қосты, сайлау науқанында жаңа саяси технология қолданды. Нәтижесінде «Nur Otan» көшбасшылық мәртебесін тағы да сақтап қалды, 2021 жылғы сайлауға сеніммен барып, жеңіске жетті. Билеуші партияның сайлауалды уәдесін уақтылы орындау үшін жоспардың қаржылық қамту негіздемесі жасалды.
Сайлаудың ашықтығы мен әділдігіне қатысты айтылған сынға келсек, сайлау қорытындысын әлемдік қауымдастық мойындады. Мәселен, әлемнің ірі мемлекеттері мен жақын көршілеріміз құрамына кіретін ШЫҰ, ҰҚШҰ және ТМД миссиялары сайлауда құқық бұзушылық анықтаған жоқ. ЕҚЫҰ өкілі пандемияға қарамай Орталық сайлау комиссиясының техникалық жағынан сапалы дайындалғанын атап өтті. Рас, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ) миссиясының мүшелері ғана сайлауда саяси плюрализмнің төмен деңгейі туралы сын айтты. Бұл ДИАҚБ-ның өте қатаң стандарттан шыға алмайтынын байқатады. Осы стандартқа қатып қалған ДИАҚБ АҚШ президентін сайлауды толығымен ашық деп танымайды.
Қазіргі партиялық жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеді. Мұны Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен Халықаралық партияаралық форумда шетелдік жетекші партиялардың өкілдері де, беделді сарапшылар да растады. Мысалы, Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясы (ЕКПА) басшыларының бірі Том Ван Дайк праймеризді партияішілік демократияның маңызды құралы ретінде атап өтті. Ұлыбритания лордтар палатасының мүшесі Джеймс Уортон гендерлік квоталаудың оң әсерін атап өтті, ал АҚШ республикалық партиясының беделді өкілі Курт Уэлдон «Nur Otan»-ды өңірдегі қуатты тұрақтандырушы фактор деп атады. Азиядағы саяси партиялар халықаралық конференциясының бас хатшысы Чо Бен Чжэ «Nur Otan»-ды үйлесімді халықаралық қатынастардың локомотиві деп санайды.
Партиялық өзгерістер технологиясының жетістігін атап өткен сарапшылар қатарында Халықаралық саяси кеңесшілер қауымдастығының басшысы Ричард Мерфи, саяси кеңесші Крешемир Мачан, саяси технолог Евгений Минченко және басқалар бар. Оппозицияшыл ақиқат жолындағы күрескерлерге» келетін болсақ, өткен жылдар ішінде олардың барлығы «балаңдық синдромының» құрбанына айналды. Яғни, бастапқыда өздерінің саяси алаңда жүргенін көрсету үшін бірнеше шулы мәлімдеме жасайды, бұдан кейін «саяси ұйқыға» кетеді, қарны ашқанда ғана жылап оянып, тойған соң қайта маужырап кететін жас нәресте сияқты. Белсенді Әсия Төлесова, «HAQ» және «Халық Сенімі» жетекшілері бірде «оянып», бірде «ұйықтап» өмірін өткізіп келеді. Қазір олар оппозицияның өз ішіндегі проблемадан туындаған мүшкіл халіне билікті айыптайтын әдет шығарды.
«Сенімге үміт ұялататын» Жанболат Мамай да маргиналданып бара жатыр. Қазір ол қоғам алдындағы аз ғана беделінен де айырылды. Оппозицияның өзара қырқысу, Мұхтар Әбілязов екеуінің арасындағы қаржыға қатысты жанжал оларды ит пен мысықтай ырылдасқан жағдайға жеткізді. Оларда ортақ идея, ортақ мұрат жоқ, тек саяси бақай есеп қана бар. Сол сияқты сотта «Nur Otan» партиясынан жеңілгеннен кейін Әлнұр Ильяшев, Санавар Закирова және Марат Тұрымбетовтің үштігі «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кететін жағдайға жетті. Әрқайсысы бас сауғалап түрлі ұйымға барып кірді. Бұл олардың ісінің ортақ мақсатқа жұмылдырылмағанын білдіреді. Оппозицияшыл топтың ешбірі билік партиясымен бәсекелесе алатын саяси күшке айналмады, себебі олардың басы бірікпейді, саяси амбициясы кеудесіне сыймай тұрған әрбір белсенді өзін басқалардан жоғары қояды. Үнемі ырың-жырың, өзара алыс-жұлыс. Мұндай саяси топ қоғамнан қалай қолдау тапсын. Тек хайп үшін жалаң ұрандаудан аса алмай жүр. Ал халық саясаткерлер мен саяси ұйымдардан нақты іс, әбжіл әрекет күтіп отыр.
Саясат – күрделі әрі көп еңбекті қажет ететін процесс. Саяси алаңда үздіксіз қажырлы еңбекпен ғана тұрақтай аласың. Ол үшін бір қалада ғана емес, республиканың барлық аймағында халықтың сенімінен шығатын нақты іспен айналысу керек. Бір күн бар, жарты жыл жоқ болып кетуге болмайды, үнемі халықтың назарынан тыс қалмаған жөн. Әзірге «Nur Otan»-нан басқа ешкім мұндай ауқымды жұмысқа қабілетті емес. Мұны сайлау нәтижесі көрсетті және әлі де солай бола береді.
Берік Мыңжасар