«Сайлауға - бойкот!»: бейшаралық па, саяси технология ма?

none

Өткен аптада биліктің рұқсатымен Алматыда өткен митинг тақырыбының бірі 10 қаңтарға белгіленген сайлауға бойкот жариялау болды. Митинг деген аты болмаса, жиынға жүзге жуық адам ғана жиналды. Бұл оппозицияшыл қауымның «Сайлауға – бойкот!» ұранын көтерген Жанболат Мамайды, оның тіркелмеген демократиялық партиясын түгел қолдамайтынын көрсетті. Саяси науқан қарсаңында оппозицияшыл қауымның ортақ позиция ұстана алмауының, қақ жарылуының бірнеше себебі бар.

"Сайлауға – бойкот!" ұраны алдында «саяси реформасыз» деген анықтауыш айтылады. Митингіде де Мамайдың бірнеше жақтасы «Демократиялық партия тіркелсін!» деген назды ұран көтеріп шықты. Мұндағы гәп мынада: Жанболат Мамай бастаған топ осы жылдың басында «Қазақстанның демократиялық партиясын» (ҚДП) тіркете алмай қалды. Одан кейін елдегі пандемияға қарсы шектеу шаралары халықпен тығыз жұмыс жасап, қол жинап партияны тіркеу ісін аяқтауға мүмкіндік бермеді. Мәжіліс пен мәслихат сайлауында тек партиялар бақ сынайтынын ескерсек, Мамайдың жақтастары сайлау додасының сыртында қалып, бейшара күйде тұр. Олардың тіркеуі бар партиялардың біріне барып қосылуға құлқы жоқ. Сондықтан ҚДП «біз болмасақ, өзгеге де бұйырмасын» деген позиция ұстанып, сайлауға бойкот жариялап, соған үндеп жұртты азғырып жатыр.

Сайлауға бойкот жариялау, яғни дауыс беруге қатыспай үйде үнсіз жату азаматтық қоғамның позициясын былай ысырып қойғанның өзінде, оппозицияшыл саяси күрестің тактикасы мен стратегиясына қайшы. «Мамайшылдар» 10 қаңтардан кейін сайлау нәтижесін жоққа шығарып, ауқымды наразылық акциясын өткізуді жоспарлап жатыр. Осылайша Беларусь пен Қырғызстандағы саяси дағдарысқа ұқсас жағдайды Қазақстанда да қалыптастыруды көздейді. Дегенмен, «мамайшылдар» қатты қателеседі. Себебі сайлауға қатыспаса, дауыс беру процесіне бақылау жасамаса, заң бұзушылық фактісін анықтау мүмкін емес. Сәйкесінше, Беларусь пен Қырғызстандағыдай «сайлаудың заңсыз өткенін, дауыс берудің бұрмаланғанын» аргументтейтін дәлел олардың қолында болмайды. Мұндай жағдайда саясаткердің сайлаудан кейін халықты жаппай наразылыққа шақыруға моралдық қақы жоқ.

Бойкот саяси күрестің тактикасы мен стратегиясында әлдебір бастаманы болдырмай тастауды, заңсыз етіп тастауды көздейді. Қазақстан жағдайында бойкот арқылы сол мақсатқа жетуге бола ма? Әрине, жоқ. Болмайды. Заң бойынша 10 миллионға жуық сайлау құқы бар азаматтың 10-ы дауыс беруге қатысса да, «сайлау өтті» деп танылады. Тізімдегі партиялардың бәріне қарсы болып, сайлау бюллетенін бүлдіріп тастау да сайлауды заңсыз деп тануға негіз бола алмайды. Осындай жағдайда Мамайдың сайлауға бойкот жариялауға үндеуі күмәнді ойды көбейтіп тұр.

Ақылға салып таразыласақ, азаматтардың сайлауға қатысып белсенділік танытуына, қоғамдық бақылаушылардың сайлау учаскелерінде дауыс беру процесін қатаң қадағалуына билік, биліктің партиясы саналатын «Нұр Отан» мүдделі емес. Мұны Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын қыстың көзі қырауға, Жаңа жыл мерекесінен кейінгі саяси белсенділік бәсеңдейтін бейжай, «өлара» кезеңге, православие күнтізбесіндегі Иса пайғамбардың туған күні мен «Ескі Жаңа жыл» мейрамының арасындағы күнге белгілеуінен байқаймыз. Сайлау кезінде азаматтардың саяси белсенділігін бәсеңдетуді көздейтін биліктің саяси технологиясын «Сайлауға – бойкот!» ұранымен қуаттап отырған «мамайшылдардың» бұл әрекеті «Мамай – саяси жоба» деп бұған дейін талай мәрте айтылған болжамды тағы да еске салып тұр.

«Мамайшылдардан» оппозицияшыл қауым ішінде алдағы сайлауға қатысты тағы екі позиция бар. Біріншісі - сайлауға белсене қатысып барлық партияға қарсы дауыс беріп, бюллетенді бүлдіріп, жарамсыз етіп тастау. Екіншісі – «ақылмен дауыс беру». Бірінші тактика арқылы биліктің, билік партиясы «Нұр Отанның» бәсін кеміту мүмкін емес екені айтылды.

«Ақылмен дауыс беру» «Нұр Отан» мен коммунистік партияға қарсы бағыталған. Саяси тактика бойынша, сайлаушылар аталған екі партиядан басқа кез келген партияға дауыс беруі тиіс және сайлау нәтижесін қатаң қадағалауды көздейді. Мұндағы мақсат – Мәжіліс пен мәслихаттардағы «Нұр Отан» партиясының үстемдігін жойып жіберу. Оппозицияның бұл бастамасына ЖСДП, «Ауыл», «Адал» секілді Парламенттен орын ала алмай жүрген партиялар мүдделі екені анық. Қоғамдағы «Нұр Отанға» қарсылық ауқымын осылайша кеңейту стратегиясын «маймайшылдар» «Сайлауға – бойкот!» тактикасымен бұзып қана қоймай, саяси науқан қарсаңында оппозицияшыл қауымның ішіне іріткі салып жіберді. Сондықтан оппозиция басты мақсатты ұмытып, өзара қырқысуды бастап кеттті...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 17.11.2020 138

Қатысты мазмұн