
Жапишева-Швецова-Медникова кімнің «диірменіне» су құйып жүр? Биліктен шеттеп қалып шетел сағалап жүрген «Ескі Қазақстан» үшін бүгінгі сайлау саяси тұрақсыздық туғызудың оңтайлы плацдармы. Бұдан кейін шансы бола ма, болмай ма, белгісіз. Ал Сорос сияқты халықаралық қордың гранттарын үнемі алып отыратын Жовтис, Борейко, Жапишева, Швецова, Медникова секілділер үшін бүгінгі сайлау белсенділігін көрсетіп, қазақ қоғамына «демократияның дәнін егіп» жүргенін «дәлелдеп», шетелден грант алудың амалы. Әрине, Жовтис пен Борейко сайлау учаскелерін адақтап, арандату жасап әуре болмайды, себебі олар - «статусы» жоғары грант алғыштар. Бұл екеуі Инга Иманбай мен Әсем Жапишеваның сайлаудағы белсенді әрекетін өздерінің есебіне ұпай түрінде жазып алып тыныш отыра береді.
Жапишева-Швецова-Медникова секілді белсенділер шетелдік грант алушылар тізімінен түсіп қалмау үшін терлеп-тепшіп біраз шапқылауы тиіс. Олар сайлау учаскелеріне барып, түрлі арандату жасайды, комиссия мүшелеріне тиіседі, нәтижесінде оларды учаскеден «ит қосып» қуып жібереді. Осының бәрін видеоға түсіріп алған олар «сайлау демократия принципіне сай емес» деп шулайды. Болды осымен, Жапишева-Швецова-Медникова міндетті тұрде Соростың грантын алатын болады.
Шындығына келсек, сайлаудың әділдігі мен дауыс берудің дұрыстығын қадағалауға кандидаттар ғана мүдделі, олардың сайлау учаскесіне отырғызып қойған бақылаушылары ғана нақты іспен шұғылданады, сайлау комиссиясы тарапынан заң бұзуды болдырмауға тырысады, сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз ететіндер де сол бақылаушылар. Ал Жапишева-Швецова-Медникова секілділерге хайп керек, ол хайптың не үшін керегін жоғарыда жаздық.
Десек те, мұнда бір гәп бар. Жапишева-Швецова-Медникова секілді шетелден грант алғыштар осы сайлауда саяси тұрақсыздық, әлеуметтік толқу туғызудың көздейтін «Ескі Қазақстанның» «диірменіне» су құйып жатыр. Мұны әлгі белсенділер де түсінеді, себебі лайлы суда балық аулау тіпті оңай, балық қармаққа тез ілігеді. Сондықтан сайлаушының дауысын ұрлатпай әділ сайлау өткізуге кандидаттардың сенімді өкілдері мен бақылаушылары ғана мүдделі деп айта аламыз.
Oraz Alimbekov,
Faceboоk парақшасынан алынды