Сайлауда "Ақ жол» «Нұр Отанды" басып оза ма?

none

Парижде жатып алып Қазақстанның ішкі саясатына араласқысы келетін Мұхтар Әбілязовтің сайлауға қатысты үндеуі оппозициялық күштерді әрі-сәрі күйге түсірді. Алғашында ол ресми тіркеуі бар Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға (ЖСДП) жаппай мүше болып кіруге, сайлауда сол партияға дауыс беруге шақырған. ЖСДП сайлауға қатысудан бас тартып, бойкот жариялауына байланысты Әбілязов жұртты «Адал» партиясы маңына топтасуға үндеді. Бір-екі күннен кейін саяси ұстанымын күрт өзгерткен ол «Ақ жол» партиясына қосылуға, сайлауда сол партияға дауыс беріп, «Нұр Отанның» парламенттегі депутаттық мандат үлесін азайтып тастауы шақырып отыр. Бұл тактикадан Әбілязов және әбілязовшілер үшін оңды нәтиже шыға ма? Біз осы жағдайды талдап керейік.

ЖСДП-ның сайлауға қатысудан бас тартуы және «Ақ жолдың» партияға мүше қабылдауды екі ай мерзімге тоқтатып тастауын Әбілязов өзінің жеңісі санайды. Шынтуайтында, тіпті олай емес. ЖСДП Мәжіліс және мәслихат сайлауына дайындықсыз келді. Жармахан Тұяқбайдың партия төрағасы қызметінен кеткен соң ЖСДП ішінде алауыздық күшейді. Соның кесірінен ЖСДП саяси науқандарда қаржы бөліп тұратын қалталы жақтастарынан айырылып қалды. ЖСДП-ның сайлауға қатысудан бас тартуының негізгі себебі - қаржының жоқтығы. Тіпті, Мәжіліс депутаттығына кандидат болып тіркелу үшін қажетті 650 мың теңге табу социал-демокарттар үшін мұң болды. Мұндай мүшкіл қалге түскен партия сайлауға қалай қатысады?!. Сондықтан «Әбілязовтің үндеуінен кейін ЖСДП сайлаудан бас тартты» деген негізі жоқ бос сөз.

Әбілязов пен оның жақтастары құрған ҚДТ мен «Көше партиясы» ұйымдары сот шешімімен экстремистік деп танылып, қызметіне тиым салынған. Сондықтан Қазақстандағы саяси ұйымдар әбілязовшілермен қандай да бір байланыста болудан қаймығады, «экстермистермен бірігіп жұмыс істетеді» деген айыппен партиямызды жауып тастауы мүмкін» деп қорқады. Бұл фактор да саяси партиялардың әбілязовшілердің «қолдауынан» қашқақтауына себеп болды.

Қазір Әбілязов өзінің жақтастарын сайлауда «Ақ жол» партиясын қолдауға және дауыс беруге шақырып жатыр. Мұндай кезде «Ақ жол» биліктің негізгі партиясы «Нұр Отаннан» басым түсе ме?» деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа мынау жайттан жауап іздеуге болады. Біріншіден, билікке наразы электораттың ішіндегі әбілязовшілердің үлесі тым аз. Ал наразы электорат сайлауға қатысты бірнеше ұстаным бойынша бөлінген. «Бойкотшылар» дауыс беруге қатыспайды, «ақылмен дауыс берушілер» коммунистер (Қазақстанның халық партиясы) мен «Нұр Отаннан» басқа партиялардың бәсін арттыруды көздейді, яғни сайлаушылар берген дауыс саны бірнеше партияға бөлініп кетеді. Сондықтан, осы жолы «Ақ жол» Мәжілістен бұрынғыдан әлдеқайда көп, 3-4 есе көп орын алады» деп тұжырым жасауға негіз жоқ.

Екіншіден, Әбілязовті «мынау партияны қолдайық», «жоқ, анау партияны қолдайық» деп мың құбылуы наразы электоратты шатастырды. Оның саяси партияларды қыжыртып, келекеге айналдыруын наразы электораттың басым бөлігі өздерін келмеждеп жатқандай қабылдады, олар өздерін Әбілязов ойыншыққа айналдырып жібергендей сезінді. «Бәріміз «Ақ жолға» дауыс берейік» деген Әбілязовті былайғы жұрт сарабдал саясаткер емес, қылжақбас әпенді ретінде қабылдады.

Үшіншіден, «Ақ жол» партиясында «Нұр Отанды» басып озамыз» деген саяси амбиция жоқ. Мұны партия лидерлерінің сөзінен де, партияның Мәжіліске ұсынған кандидаттар тізімінен де көреміз. «Ақ жол» партиясының Мәжіліс депутаттығына ұсынған кандиадаттар саны «Нұр Отан» тізімінің ширек бөлігіне де жетпейді, кандидаттар тізімінде елге танымал, беделді адамдар аз. Сондықтан, «Ақ жол» Әбілязов айтқандай «Нұр Отаннан» басым түсіп, елдегі билік партиясына айналуы неғайбыл.

«Нұр Отан» партиясы алдағы сайлауда бұрынғыша Мәжілістің сексенен астам депутаттық мандатын иелене алмайды, сайлаушылардың 65-70 пайыз дауысын алуы мүмкін. Дегенмен, бұл «Нұр Отан» айырылып қалатын мандат санын «Ақ жол» иеленеді» деген ойды білдірмейді. Атауына «коммунистік» деген сөзді алып тастаған ҚХП қалай да бұрынғы позициясын сақтап қалуға тырысады. Бұрын нашар нәтиже көрсеткен «Адал» мен «Ауыл» партиялары да сайлау заңында көрсетілген 7 пайыздық кедергіні еңсеруге күшін салып жатыр. Аталған партиялар 10 желтоқсаннан кейін үгіт насихатты күшейтеді. Бұл «Ақ жол» партиясы үшін оңды жағдай емес.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Дүрбі 09.12.2020 132

Қатысты мазмұн