Прокурор Нұржан Әлтаевты 12 жыл түрмеге қамауды сұрады

none

Прокурор тіркелмеген "Ел тірегі" ұйымының жетекшісі Нұржан Әлтаевты 12 жыл колонияға қамап, белгілі бір лауазымды қызметті атқару құқығынан өмір бойына айыруды сұрады. Мұны "Азатыққа" оның адвокаты Гүлшат Дүйсенова хабарлады.

"Ел тірегі" деп аталатын партияға құруға талпынып жүрген мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев биыл маусымнан бері қамауда отыр. Оған "пара алды" деген айып тағылған. Өткен айда басталған сот жабық өтіп жатыр.

2023 жылы маусым айында Қазақстанның жемқорлықпен күрес қызметі Нұржан Әлтаев "Атамекен" ұлттық палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде қамауға алынғанын хабарлаған.

Тергеу нұсқасына қарағанда, Нұржан Әлтаев "жемқорлықпен" 2018-2020 жылдар аралығында айналысқан. Әлтаев "Мырзахметовтің мүддесіне жұмыс істей отырып, оның ұйымының мемлекетік тапсырыс алуына септескен және жалпы "қамқорлығына" алған. "Атамекен" ұлттық палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов мамыр айының ортасында қамалған. Оның "алаяқтық жасады" және "туысын қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін" кәсіпкерді 50 миллион теңгеден астам пара беруге итермеледі" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

Әлтаев өзіне тағылған айыпты теріске шығарған. Адвокаты Гүлшат Дүйсенова "саяси тапсырыс" деп санайды.

45 жастағы Нұржан Әлтаев "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясы атынан алтыншы шақырылымдағы Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болған. 2020 жылы Қазақстанда мерзімінен бұрын мәжіліс сайлауы өтер алдында оппозициялық партия құратынын мәлімдеген. Осыдан кейін партиядан шығарылып, мандатынан айырырылған. Кейін ол "партия құруға билік кедергі келтіріп отыр" деп бірнеше рет мәлімдеген.

Айдары: Дүрбі 20.11.2023 33

Қатысты мазмұн