Оралдағы діни радикализмге қарсы күрес: «Аманат-Жайықта» қаржы көп, нәтиже жоқ

none

Мемлекеттік сатып алу аясында барлық облыстарда тендер жүріп жатыр. Батыс Қазақстан облысының (БҚО) Дін істері басқармасы қазынаның 111 миллион теңгесін діни радикалдар мен экстремистердің санасына реабилитация жасап, шетін идеологиямен уланғандарды дәстүрлі ислами құндылықтарға бұрмақшы. Лоттың қосымшасында көрсетілген талап бойынша, 111 милллион теңгені игеретін қоғамдық ұйым шетін діни идеологиямен санасы уланғандармен бір жыл ішінде 800 рет жеке кездесіп, уағыз айтып, «сауықтыруы» тиіс. Сондай-ақ, осы мақсатта 60 рет топ жинап, дұрыс уағыз айтып, лекция оқиды, 40 спорттық-интеллектуалды ойын өткізеді, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алатын 200 мақаланы интернетте жариялайды. Жоспар бойынша, 200 мың адамға насихат жасайды, соның ішінен 100 адамды теріс діни көзқарастан қайтарса, бұл «жақсы» нәтиже екен. Қарап отырсаң, ауқымды жұмыс секілді. Ақиқатында, осы іс-шараның бәрі жүзеге аса ма? Әлде жай ғана «ауызбен орақ ору» ма? Діни радикализм мен экстремистік ойдан арылтудың нәтижесі бар ма?

Өңірдегі діни ахуалдың ушығып бара жатқанына қарап, бірден «жоқ» деп жауап берсек, қателеспейміз. Неге? Діни экстремизм мен радикализмге қарсы іс-шараға бөлінетін қаржыны бес-алты жылдан бері Оралдағы «Аманат-Жайық» деп аталатын қоғамдық қор иемденіп келеді. "Аманат-Жайық" соңғы үш жылда тендерге жекедара қатысты. Бұлайша тендер өткізу мемлекеттік сатып алудың талабындағы бәсекелестік принципін бұзады. Оған қарап жатқан әкімшілік жоқ. Тіпті, "Аманат-Жайық" қоры бұрнағы жылдардағы алған қаржының 300 миллионға жуық теңгесінің есебін берген жоқ. Соған қарамай биылғы тендерді де «"Аманат-Жайық" иемденіп кетпекші. Неге?

Себебі, «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының қазіргі жетекшісі - Есімжан Доспаев, ол бұған дейін облыстағы Дін істері басқармасының бөлім басшысы болған. Сондай-ақ, бұл қорда Азамат Раманқұлов есімді теолог жұмыс істеп жүр, ол - БҚО-ның Дін істері басқармасының қазіргі бастығы Мақсат Раманқұловтың туған бауыры. Тонның ішкі бауындай байласып қалған мұндай схема бойынша тендерді «Аманат-Жайык» «ұтып» алмағанда, кім ұтып алады?!. «Ағасы бардың – жағасы бар, інісі бардың – тынысы бар» деген сөз осындай айтылса керек.

«Аманат-Жайық» қорының құрылтайшыларының қатарында «Нұр-Мүбәрәк» ислам универсиетнің түлегі Абзал Тұрарбеков есімді молда және БҚО-ның бұрынғы бас имамы Мұратбек Қыстаубаев бар. Бұл жағдай нені білдіреді? Аймақтағы Дін істері басқармасы мен ҚМДБ жүйесіндегі молдалар бірігіп алып, діни радикализм мен экстремизмге қарсы күреске бюджеттен бөлінетін миллиардтаған теңгені «ішіп-жеп» ысырап қылып жатыр. Бұдан өңірдегі діни экстремистік ахуал оңалып жатқан жоқ, батыс өңірдегі терактілер тізбегінен соң күштік құрылымдардың пәрменімен радикал ислами жамағаттың пәпігі біршама басылған еді, бірақ, мешіт молдаларының және аймақтық дін істер басқармасының кесірінен радикалдар соңғы бес-алты жылда қайта күшейіп келеді. Батыс өңірдегі базарлар мен супермаркеттердің іші-сырты қара никаб жамылған әйелдер мен шолақ балақ, қауға сақалды жастарға толып кетті...

Құдайдан жасыра алмайтынымызды халықтан қалайша жасырып қаламыз?! Діни радикализм мен экстремизм жөнінде сөз болғанда, ислами ағымдардың ішіндегі сәләфилік көзқарастағы жамағатты еске түсіреміз. Оларды «байсалды» (жуас) сәләфи» (мадхалиттер) және зайырлы мемлекеттің заңын мойындамайтын, зайырлы қоғамға өшігіп қарайтын «радикал сәләфилер» (суруриттер, тәкпіршілер, хариджиттер) деп екіге бөліп тастадық. Бұлардың түпкі мақсаты – ислам халифатын құру, зайырлы мемлекет заңдарын шариғатпен алмастыру. Тек тактикасында ғана айырмашылық бар: бірі – мақсатқа «жұмсақ», «байсалды» әдіспен, ал екінші типті сәләфилер зайырлы қоғамды бұзып-жарып, кесіп-қырқып радикал әдіспен жетуді көздейді. Зайырлы мемлекетті төңкеріп тастауды «байсалды», «жұмсақ» әдісін мысықтабандап жүзеге асыру концепциясына ықыласты діни ағымдардың қатарына өздерін «дәстүрлі исламның насихатшысы» санайтын «зікіршілер», «нақышпандылар», «сүлейменшілер» секілді сопылық тариқатты да жатқызуға болады. Қазір ҚМДБ жүйесінде «байсалды» сәләфилер мен «дәстүршіл» нақышпанды тариқатының өкілдері басшылық қызметте отыр.

Соңғы он-он бес жылдықта Дін істер комитеті мен ҚМДБ тонның ішкі бауындай байласып кетті. Бауыржан Есмахан, Еркінбек Шоқай, Наурызбай Өтпенов секілді молдалар мен Асылбек Избаиров, Тоирджон Ибрагим, т.б. дінтанышылар Дін істер комитетінде діни сарапшы болғанын жақсы білеміз. Өзара әмпей-жәмпей болған осы топ «радикал сәләфилердің «бетін бері қайтаруда «байсалды» сәләфилердің уағыз-насихатын қолдану керек» деген негізсіз тезис ойлап тапты. Радикализм мен діни экстремизмге қарсы күресу үшін құрылған қоғамдық ұйымдардың мүддесін әкімдіктен бөлінетін тендерде лобби жасап отырғандар да осы екі құрылым – Дін істер комитеті және пітір-садақаға місе тұтпай қазынаның қаржысын қарпып асап қалуды көздейтін ҚМДБ молдалары.

Жыл сайын миллиондаған теңгенің тендерін алатын «Аманат-Жайык» секілді қоғамдық ұйымдар лот талабындағы жұмыстың жүзден бір бөлігін де орындамайды. Мұндай қорлардың дінтанушылары түрмелерге кіріп, көп дегенде жылына бес-алты адаммен әңгімелесіп, бюджет қаржысының есебін бергенде «беті бері қараған» радикал сәләфилердің санын жүздеп көрсетеді.

Басқа жұмысын аймақ мешіттерінде апта сайын өткізілетін жұма намаздың алдында айтылатын уағызды радикализмге қарсы күрестің есебіне жазып қойып жүр. Мешіттегі уағызға «Аманат- Жайықтың» қандай қатысы бар?!

Жамағатқа уағыз айтып жатқан имам, оның жамағатты неге шақырып, нені насихаттап жатқаны бір Құдайға аян... Осының тексеріп жатқан ешкім жоқ және адам санасында өзгерісті есептейтін құрал болмайды. Сонда қандай нәтиже туралы кесімді сөз айтуға болады?! Мысалы, Ақтөбе облысы - радикал сәләфилердің ауқымды теракт жасауымен дүниеге мәшһұр болған аймақ.

Ал осындай ылаңға қарсы күрес үшін Орал облысына Ақтөбемен салыстырғанда әлдеқайда көп қаржы бөлінген. Арнаулы органдардың мәліметі бойынша, Орал облысының түрмелеріндегі діни радикал көзқарастағы сотталушылар саны – 45. Сонда «Аманат-Жайық» қоры жүздеген миллион теңгені қайда жұмсап жатыр?» деген сұрақ туындайды.

«Аманат-Жайық» қорының облыстық әкімдіктегі лоббиынан басқа сырттағы адамдардың бірнешеуін айта кетейік. Мысалы, «Аманат-Жайық» қоры төңірегенде дау басталғанда «Рател.кз» сайтында Юлия Денисенко деген біреу радикализм мен діни экстремизмге қарсы күреске мол қаржының бөлінгенін қуаттап, «Аманат-Жайықты» қорғап пікір айтты. Өзі осы проблеманың Орталық Азия бойынша «эксперті» екен. Бұл әйелдің бұрын не істеп, не бүлдіргенін осы саланы зерттеп жүрген журналистер жақсы біледі.

Қоғамды діни радикализм мен экстремистік ойдан сауықтыру концепциясына түбегейлі өзгеріс енгізген Марат Әзілханов деген біреу бар. Ол қазір ҚХА-ның басшы қызметінде отырса керек. Ол бұрын Дін істері комитетін басқарған, діни радикалдарды «Аманат-Жайық» сияқты қоғамдық ұйымдар ғана сауықтыра алады» деген идеяны қоғамға тықпалаған да сол.

Марат Әзілхановтың тұсында «Аманат-Жайық» секілді жүздеген қор құрылды. Оған мемлекеттің миллиардтаған қаржысы жыл сайын бөлініп тұрды. Әзілхановтың тапсырмасымен сол қорларды ассоциацияға біріктерген Юлия Денисенко болатын. Кейін бұл әйел ассоциация төңірегінде туындаған қаржы дауына байланасты «көлеңкеге» ығысып, көрінбей кеткен. «Аманат-Жайық» төңірегіндегі даудың кесірі рсепубликаға тән қаржы жымқыру схемасының құпиясын әшкере қылатынын түсінген соң Денисенко «эксперт» кейпінде ақпарат алаңына қайта шыққан секілді.

Билік тармақтарының кейбірінде сәләфилік көзқарас күшейген тұста «радикал сәләфилердің «бетін бері қайтаруда «байсалды» сәләфилердің уағыз-насихатын қолдану керек» деген тұжырымдаманы енгізуге атсалысқан - Марат Әзілханов.

Қазір «Аманат-Жайық» секілді қорлар осы тұжырымдамаға сәйкес әрекет етіп, қазынаның қаржысып қарпып жатыр. Мұны қалай тоқтатуға болады? Жаңа Қазақстанға сай келетін антиэкстремистік, діни радикализмге қарсы күрестің жаңа тұжырымдамаасын жасау қажеттілгі туып тұр. Әйтпесе, бас пайдасын ойлаған ат төбеліндей мүдделі дінкеш топтың құрған схемасы еліміздегі діни ахуалды одан бетер ұшықтыра түседі...

Ораз Әлімбеков,

журналист

Айдары: Дүрбі 09.02.2023 461

Қатысты мазмұн