Назарбаевтың кланы Қытай компаниясымен ауыз жаласып Қазақстанды тонап жатыр

none

Президент Тоқаев үкіметтің кеңейтілген жиынында жол құрылысын қатты сынаған еді. Әсіресе ол Астана-Алматы және Өскемен бағытындағы құрылысы бітпей жатқан трассаға үкіметтің назарын аударды. Осы мәселенің ұңғыл-шұңғылына үңілсем, гәп бар екен: Назарбаевтың туыстары Қытай компанияларымен ауыз жаласып, жол салуға бөлінген ақшаны жеп қоя берген және бұл құйтырқы іс әлі де жалғасып келеді.

Жолға бөлінген ақшаны жымқырудың құйтырқы схемасы мынандай: «ҚазАвтоЖол» мемлекеттік компаниясы бір жағдайда қытайдың China XingXing Corporationмен, екінші жағдайда CITIC Сonstruction CО LTD құрылыс консорциумымен келісімшарт жасайды. Бұл екі компания жол салуға тікелей қатыспайды. Жол салуға екі жағдайда да Қайрат Сатыбалдының ықпалындағы «ҚазГерСтрой» ЖШС атты бірлескен кәсіпорны шақырылады. Мұндай жағдайда шетелдік инвестор ретінде тартылған қытайлық компанияға «Банк ЦентрКредит» арқылы кепілдік берілуі және сақтандырылуы тиіс.

Мысалы, Қалбатау-Майқапшағай аралығындағы жолды қайта салу үшін «ҚазГерСтройға» 20 млрд теңге бөлінуі тиіс болатын. Есеп беру құжаты бойынша, «ҚазГерСтрой» жұмыстың «90 пайызын орындайды», яғни «17,4 млрд теңгені игереді». Қағаз жүзіндегі осындай межеге жете бергенде жол салуға тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» мемлекеттік компаниясы мен қытайлық China XingXing Corporation компаниясы өзара аяқасты жаңа келісімшарт жасасып, жол «ҚазГерСтройды» шаруадан «қуып» жібереді. Бұдан кейін қытайлық компания «ҚазГерСтройдың» кесірінен шығынға баттым» деп «БанкЦентрКредиттегі» кепілдік жарна мен сақтандыру жарнасын талап етеді. «ҚазГерСтройдың» да бірлескен кәсіпорын екенін ескерсек, осындай құйтырқы схема бойынша алаяқтар «жол салдық» деп бір мәрте ақша алып алады, «жол салынбай қалды, инвестицялық кепілдемені қайтарыңдар» деп екінші мәрте тағы да ақша алып алады. Осылайша, «екі жеп, биге шығып» отырған.

Қытайлық CITIC Сonstruction CО LTD бар, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бар, сол баяғы «ҚазГерСтрой» да бірлескен кәсіпорны бар, осы үштік Астана-Алматы тасжолының бір учаскесінде дәл жаңағы схема бойынша жолға бөлінген ақшаны жымқырумен айналысқан. Назарбаев кланына «Күшті артымен диірмен тартады» деп айтса әлі де болады екен. Соттар да қытай компанияларының мүддесін күйттеп кетеді мұндайда. Мысалы, «Банк ЦентрКредит» пен China Xinxing Corporation компаниясының арасындағы дауда Астананың мамандандырылған ауданаралық соты банкте тұрған кепілдеме жарнасынан 4 ай бұрын ғана құрылған фирмаға 1,2 млрд теңге көлемінде қытайлық «инвестордың» өкілдік шығынын өндіру жөнінде шешім шығарым бере салған. Әрине, әлгі фирма Қазақстаннан ақшаны көптеп «сору» үшін құрылғаны бәріне аян, бірақ оған соттар назар аударып жатқан жоқ... Дегенмен, қазір коррупцияға қарсы күрес агенттігі осы мәселеге байланысты бірнеше қылмыстық істі тергеуді бастады. Қайрат Сатыбалдының мүлкі мен «ҚазГерСтрой» бірлескен кәсіпорнының активі құрсауланды. Жол салу саласындағы құйтырқы жемқорлықтың беті ашылып, алаяқтар жазасын ала ма, алмай ма, әділеттілік қалпына келе, келмей ме, оны уақыт көрсетеді. Қазақстан экономикасын орап алған «ордалы жыланнан» құтылу оңай емес...

Былтыр "Жаңа Қазақстанның" Ермұрат Бапи Бәпи, Мақсат Толықбай, Ринат Заитов, Қазыбек Иса, Абзал Құспан, Айдос Сарым, Еділ Жаңбыршин секілді ұлтшыл патриот депутаттар сәләпизмге тыйым саламыз деп күшеніп еді. Әрине, шап беріп ұстауға келмейтін сағым сияқты сәләпизмді құрту қиын, сондықтан нәтиже болмаған шығар. Ал мынау жол салу саласында болып жатқан былық-шылық пен жемқорлық көзге ұрып тұрған факті ғой. Қытай асып жоқ болып жатқан қазақ халқының байлығын қазынаға қайтару бойынша халық қалаулылары үкіметке, құқық қорғау органдарына депутаттық сұрау салып, істі қадағалауға алатын шығар. Әйтпесе, олардың "елім-ай", "жерім-ай" деп күңіренуінен халыққа не пайда?!

Ораз Әлімбеков

(материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Дүрбі 13.02.2024 70

Қатысты мазмұн