МММ - Мәдениет министрлігінің «майшелпегі»

none

Жаңа жылдың алдында, 2020 жылдың 25 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (антикоррупциялық қызмет) Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының (ҰКҚМО) төрайымы Гүлнәр Сәрсенова мен оның сыбайластарына қарсы қозғалған істі сотқа жеткізбей тоқтатты. Себеп – қылмыстық істің фигуранттары Сәрсенова, Азимов, Мұсабеков, Тілеужанова, Гребенникова, Салықовтың өз кінәсін мойындап, өкініш білдіруі және миллиондаған қаржысы талан-таражға түскен ҰКҚМО мен Мәдениет министрлігінің қылмыстық істі тоқтатуға қарсы болмайтыны жөніндегі хаты. Осындай негізге сүйенген антикоррупция қызметінің қаулысы заңдылықты қадағалау және оны дер кезінде қалпына келтіру міндеті жүктелген құқық қорғау органдарының әрекетіне күмән келтіріп қана тұрған жоқ, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бітіспес күрес жүргізу стратегиясына сенімсіздік тудырып кетті.

Криминал тақырыбындағы киноға ұқсайтын бұл оқиғаның желісі 2019 жылдың ортасында Гүлнар Сәрсенованың ҰКҚМО төрайымы болып тағайындалуынан басталды. Бұған дейін Гүлнар Сәрсенова «Евразия фильм продакшн» жекеменшік компаниясының дара құрылтайшысы еді, мемлекеттік тапсырыс алған ол 2018 жылдан бастап режиссер әрі продюсер дәрежесінде «Нартай» фильмін түсіріп жатқан.

Қазақ киносы саласының тізгінін қолына алған Гүлнәр Сәрсенова «Евразия фильм продакшн» компаниясын өзінің інісі Н.Ахметгалиевке басқаруға берді (18.08.2019). Мұның алдында Г.Сәрсенова қызмет бабын пайдаланып, ҰКҚМО өндіріс бөлімінің басшысына түсірілім жұмыстары әлдеқашан аяқталып қойған «Нартай» фильміне мемлекеттік қаржыландыру есебінен 380 млн. теңге аударуға тапсырма (08.08.2019) берген болатын. Шындығында, 380 млн. теңге басқа мақсатқа көзделген еді. Ал түсірілім жұмыстары түгел аяқталған «Нартай» фильмін әрі қарай эфирге жолдау көп қаржыны қажет етпейтін. Солай бола тұра, Г.Сәрсенова ҰКҚМО атынан інісіне басқаруға берген «Евразия фильм продакшн» компаниясымен 380 млн. теңгеге келісімшарт (01.11.2019, №69) жасады.

Қылмыстық істе «Г.Сәрсенованың ойластырған қылмысын қалай жүзеге асырғаны» нақты құжаттармен дәлелденген. ҰКҚМО төрайымы Г.Сәрсенова «Евразия фильм продакшн» компаниясының қаржы директоры Гребенникованың «Нартай» фильміне 336 759 765 теңге жұмсалды» деген актісін (27.11.2019) сөзге келмей қабылдайды. Бұдан соң ҰКҚМО ақшаны «Евразия фильм продакшннің» есепшотына (07.12.2019) аударады. Екі күннен кейін «Евразия фильм продакшн» компаниясындағы әлгі 241 500 000 теңге Г.Сәрсенованың қалтасына келіп түсті. Ал тергеу мәліметінде 336 759 765 теңгені түгел Г.Сәрсенованың иемденіп кеткені айтылады.

ҰКҚМО төрайымы қызметін атқарған Г.Сәрсенова өзіне қарасты «Евразия фильм продакшн» жекеменшік компаниясы арқылы қаржы жымқырып қоймай, басқа да компаниялардың атқарған жұмыс жөніндегі актісін қабылдап, жалған құжаттар бойынша қазынаның қаржысын оңды-солды шашып отырған. Мысалы, ол ҰКҚМО-ның қаржы директоры Л.Тілеужанова мен мемлекеттік сатып алу жөніндегі сарапшы К.Салықоваға «Евразия фильм продакшн» компаниясының жанынан «ақша жуу» үшін құрылған «ИП Баяхметов» деп аталатын жеке кәсіпкерге (Баяхметов – Сәрсенованың қызметтік машинасын жүргізуші) «аренда ақысы үшін» 3 500 000 теңге аударуға тапсырма берген. Нәтижесінде, мұның бәрі қылмыс екенін біле тұра, К.Салықов ҰКҚМО-ның атынан «ИП Баяхметовпен» 16 560 000 теңгеге келісімшарт (18.10.2019, № 68) жасаған. Қылмыстық іс материалында бұл қаржының бәрі Г.Сәрсенованың қалтасына түскені айтылады.

Бұл істе тағы бір қызықты факт бар. Ол «Танарис продакшн ЖШС» жекеменшік компаниясының директоры Сергей Азимовқа қатысты. Ол «Возвращение учителя» атты деректі фильм түсіріп беремін» деп ҚазҰУ-мен 23 100 003 теңгеге келісімшарт ( 08.06.2018) жасайды. Фильмді аяқтап, ҚазҰУ-ге тапсырып берген ол енді Г.Сәрсеновамен сыбайласып, екеуі осы фильм үшін қазынаның 20 822 545 теңгесін жымқырады. Өздерінің қылмыстық әрекетінің жымын білдірмеу үшін «Танарис продакшн» компаниясының атынан С.Азимов пен ҰКҚМО төрайымы Г.Сәрсенова екіжақты келісімшарт (01.11.2019, №75) жасаған. Антикоррупция қызметі осылайша отандық кино саласын «майшелпекке» айналдырған қылмыстық топтың қаржы жымқыру схемасын жақсы-ақ әшкерелеп, олардың Мәдениет және спорт министрлігіндегі жауапты қызметкерлермен байланысын анықтауға қолсозым жер қалғанда тергеу ісін кенет тоқтатты. Қылмыстық істі тоқтату жөніндегі қаулыда Г.Сәрсенованың қолды болған 380 млн. теңгені өзіне тықыр таянғанда ҰКҚМО-ға еркімен қайтарғаны мақтанышпен айтылған. Бірақ онда Г.Сәрсенова мен оның сыбайластарының мемлекетке келтірген басқа да зияны ұмыт болды. Тіпті, ҰКҚМО құрамында бір жылға жуық түсініксіз қызмет атқарып, 30 млн. теңге жалақы алып, соңынан ізім-ғайым жоғалып кеткен шетел азаматы Анна Яковлевна Качконы іздеген ешкім болмады, оның Қазақстан Республикасына келтірген зияны сол күйі сұраусыз қалды...

Қылмыстық кодекс бойынша ауыр қылмыс (189- 4-2; 28- 5;189-4-2) саналатын мұндай заң бұзушылыққа жол берген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы да ақтап алу мүмкін емес. Ол ҰКҚМО-ға көзге ұрып тұрған қылмыстық әрекеттің жолын кесуді былай ысырып қойып, тергеу кезінде Г.Сәрсенова мен оның сыбайластарын қорғаштаумен болды. Антикоррупция қызметінің қылмыстық істі тоқтатуының шын себебі не екенін дөп басып айта алмаймыз. Бірақ тергеуші қылмыстық топтың әрекетінен зиян шегуші статусындағы Мәдениет және спорт министрлігінің «қылмыстық істі тоқтатуға қарсылық білдірмейтіні» жөніндегі үшбу хатына арқа сүйегені ақиқат. Сонда қалай болғаны?.. Г.Сәрсенова секілді жемқорларға кино саласын жемтікке айналдыруға жол берген А.Райымқұлова лауазымды қызметте отыра бере ме?

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 18.01.2021 362

Қатысты мазмұн