Митингіге халық неге аз жиналады?

none

Наурыз айының 27-сі күні Алматыда өткен митингіге шамамамен екі жүздей адам жиналды. Қытайдың экономикалық экспансиясына қарсы наразылықтың бәсін түсірушілер адам саны 150-ден аспағанын айтады, ал шараны ұйымдастырушылар жиынға 500-ден астам адам жиналды деп санайды. Бәрібір, бұл екі миллионға жуық тұрғыны бар, әрі оппозицияшыл көңіл-күйі басым Алматы үшін тәуір көрсеткіш емес. Оған қоса Жанболат Мамай бастаған топ митинг өткізетінін қалалық әкімдікке ескертіп хат тапсырған. Қалалық әкімдік те қарсы болған жоқ, митинг өткізуге рұқсат бере салды.

Әкімдіктен рұқсат ала сала мамайшылар қала көшелерін аралап, қолдарына үгіт-насихат плакаттарын ұстап, дауыс күшейткішпен айқайлап жұртты митингіге қатысуға шақырды. Бұл іс-шара екі аптаға жалғасты. Мамайшылар жұртты митингіге шақыратын видео жазбалар түсіріп, оны әлеуметтік желіде тынбай таратты.

Мамайшылардың митингісіне Украинадағы ерлі-зайыпты Садықовтар өздерінің «Бәсе» каналы арқылы үгіт жасағанын да айта кету керек. Ұлтшыл патриоттық күштердің Еркін Рақышев, Рысбек Сәрсенбай, Балташ Тұрсымбаев секілді танымал өкілдері, көпбалалы аналар ұйымдары және тағы басқа да оппозициялық күштер Мамай митингісіне қолдау білдіргені белгілі. Митингіге дайындық мәселесіне қатысты сын айту мүмкін емес. Жанболат мамай мен оның жақтасары Қытайда шығарылатын жүк көлігін жалдады, көліктің қорабын мінбер ретінде пайдаланды. Атшаптырым жерге дауыс жеткізетін үлкен күшейткіштер қойылды. Митинг спикерлері көлік қорабына шығып алып, микрофон арқылы кедергісіз сөйледі. Полиция Алматының орталығындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдындағы көшеде көлік қатынасын тоқтатып, шерушілерге үлкен алаң жасап берді. Жалпылама алғанда жиын техникалық талаптарға сай өтті. Солай бола тұра митинг өткізуге дайындалған алаң толмады, жиынға тым аз адам жиналды.

Әрине, митингіге көп адам жиналмауының бір себебін «Қытайдың экономикалық экспансиясына қарсымыз» деген жалпылама, әрбір жанның түйткілді ойын қозғай қоймайтын тақырыппен байланыстыруға да болады. Қазақстандықтардың басым бөлігі елдің Қытай экономикасымен тығыз байланыста екенін түсінеді. Техникадан бастап, тұрмыста пайдаланатын қарапайым заттардың, азық-түліктің бір бөлігінің, киім-кешек және басқа да тұтыну тауарлардың Қытайдан келетінін жұрт біліп отыр. Сондықтан халыққа Қытай инвестициясы мен тауарларының Қазақстанға келуіне қарсы тұру ақылға сыйымсыз болып көрінеді. Бұған дейін мамайшылар халыққа жақын тақырыпты, атап айтқанда банктерден алған несиені кешіру мәселесін көтерген. Бұл мәселе миллиондаған адамның жеке мүддесін қозғайды. Солай бола тұра дәл осы тақырыпты күн тәртібіне алып шыққан мамайшылардың митингісіне де көп адам жиналмады. Бұл енді тіпті түсініксіз жағдай. Митинг және көше наразылығына қатысты қалыптасқан қазіргі ахуалды сараптай келе екі мәселені атап өткен жөн. Біріншіден, Жанболат Мамайға жұрт сенбейді, оны биліктің жобасы деп санайды, күмәнданады. Сондықтан Мамай қандай тақырыпты көтеріп митинг ұйымдастырса да халық ол жиынға барғысы келмейді.

Митингіге халық жиналмауының екінші себебін қоғамның бұйығы қалпымен байланыстырған жөн. Мұны басқаша айтсақ, қазақстандықтар әлі саясиланбаған, ағымдағы проблеманы «билік өзі шешеді» деп үкіметке үміт артып, салғырттық танытып отыр.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 28.03.2021 155

Қатысты мазмұн