«Мерлезон балетінің» барысы өзгере ме?

none

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы тіркелмеген Демпартия жетекшісі, Ақорданың жобасы саналатын Жанболат Мамайға шығарылған соттың үкімі оның билікті сынағаны үшін кек қайтару деп бағалапты. Бұл оқиға биліктің оппозицияға арнаған «Мерлезон балетінің» сценарийін әрі қарай өзгертіп, басты кейіпкерге оппозициялық саясаткер ретіндегі бұрынғы мүмкіндіктерді қайтаруынаа жол ашуы мүмкін.

Бір жағынан, істі қараған сот Мамайға сарапшылардың болжағанынан жеңіл жаза берді. Атап айтқанда, Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 соты оны алты жылға шартты түрде бас бостандығынан айырып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 272, 274-баптарына сәйкес қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салды. Ал негізінде кез келген адамға ҚР Қылмыстық кодексінің 272 (жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру) және 274 (көрінеу жалған ақпарат тарату) баптарына сәйкес жасалған қылмыс үшін бас бостандығынан айыру көзделген. Бірақ Мамайға басқаша шешім шығару қолайлы болыпты.

Оның үстіне, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты сот Мамайды ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы бойынша жасалған қылмыс бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатты. Қылмыстық сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу екені белгілі. Соған сәйкес ресми ұстаным бойынша Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 соты сотталушыны айыптайтын да, ақтайтын да, оның жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын барлық мән-жайларды анықтады, яғни соттың шешімі заңды және негізделген деп есептеліп отыр. Ал екінші жағынан, Amnesty International ұйымы Қазақстандағы «билік – оппозиция» ойынының егжей-тегжейін білмеген соң, демократияға қарсы үрдіске қатысты ұстанымын білдіріп, Мамайға қойылған барлық шектеулер ешқандай шарт қойылмастан алынып тасталуға тиіс деп мәлімдеп отыр.

Бірақ Ақордадағы саяси технологтар сценарийдің екі нұсқасына да дайын – екеуі де қолайлы болады. Апелляциялық сатыдағы сот қазіргі соттың шешімін өзгертпей қойса, Мамай шартты жазасын өтеп, жұбайы Инга Иманбайдың көлеңкесінде қалады да, Ингадан қазақтың Тихановскаясы жасалады. "Инга, ваш выход!" болады - Инга Иманбайдың жұлдызы жанады. Бірақ бұдан Мамай ұтылмайды – мерзімін өтеп саясатқа қайтып оралған кезде Мамайдың емен бөшкеде сақталған француз коньягіндей «құндылығы» артады.

Ал билік Amnesty International ұйымының пікіріне назар аударып, халықаралық сахнада абырой сақтауды жөн көрсе, соттың шешімі бұзылады. Сонда Мамай жеңімпаз болып шығады да, оның кейінгі кезде халық алдында төмендеп кеткен беделі артады. Яғни, басқалар бас бостандығынан айырылғанда, оның үнемі жауапкершіліктен құтылып кететініне байланысты Мамайдың персонасына күмән туғызатын бұрынғы оқиғалар көмескіленіп, бірте-бірте ұмытылады деген есеп те бар сияқты. Бұл оның өзіне артылған «миссияны» бұрынғыдай орындауына мүмкіндік береді.

Айдары: Дүрбі 29.04.2023 92

Қатысты мазмұн