Марафоншы Марат Жыланбаев екі айға қамалды

none

Астананың тергеу соты әйгілі марафоншы Марат Жыланбаевты екі айға қамады. Ол тыйым салынған ұйым жұмысына қатысқан, экстремистік ұйым жұмысын қаржыландырған деген күдікпен ұсталған. 25 мамыр күні Астана қаласының тергеу соты тіркелмеген және Қазақстанда тыйым салынған "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының басшысы Марат Жыланбаевты тұтқындауды сұраған тергеушілердің талабын қанағаттандырды. Үш аптаға жуық әкімшілік қамауда отырып шығысымен қайтадан ұсталған Жыланбаев енді тағы 23 шілдеге дейін абақтыда болады.

Марат Жыланбаев Қылмыстық кодекстің 405-бабы («Сот тыйым салған ұйымның жұмысына қатысу») мен 258-бабында («Террористік не экстремистік әрекетті қаржыландыру») көрсетілген іс-әрекетке барған деген күдікке ілінді.

Тергеу органы қаулысында Астана қаласы полиция департаментінің экстремизммен күрес басқармасы Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын ұйымдастырушылар мен қатысушылардың әлеуметтік желідегі чатында Марат Жыланбаев барын анықтағанын жазған. Қаулыда Жыланбаев ҚДТ-ның негізін қалаған оппозициялық саясаткер, 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қашқын олигарх, экс-банкир Мұхтар Әбілязовпен және оның шетелдегі штабымен байланыста болып, олардан конституциялық құрылымды өзгертуге бағытталған тапсырма мен нұсқаулар алып отырғаны айтылған.

60 жастағы Марат Жыланбаев – 1990 жылдары Қарақұм, Сахара, Үлкен Виктория, Невада шөлдерін жүгіріп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабындағы көрсеткішті жеті мәрте жаңғыртқан әлемдегі жалғыз ультрамарафоншы. 2023 жылғы наурыздан бері Жыланбаев саясатқа араласатын болды. Шетелден Қазақстанда бүлік жасауға әрекеттеніп жатқан бұрынғы министр, олигарх, экс-банкир Мұхтар Әбіләзов іс жүзінде басшылық ететін тіркелмеген және экстремистік деп танылған «Алға, Қазақстан» партиясы бастамашыл тобының басшысы болып жүр.

Айдары: Дүрбі 26.05.2023 76

Қатысты мазмұн