Мамай шартты түрде 6,5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

none

Прокурор тіркелмеген Демпартия басшысы Жанболат Мамайды 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, жазаны шарттыға ауыстыруды сұрады. Бұл туралы Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

4 сәуірде Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталып, үйқамақта отырған Жанболат Мамайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотта жарыссөз басталды.

"Прокурор Жанболатты 6,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сүйеніп, бұл жазаны шарттыға ауыстыруды сұрады", – деп хабарлады Инга Иманбай.

Оның жазуына қарағанда, айыптаушы прокурор Жанболат Мамайдың қоғамдық-саяси іспен, журналистикамен айналысуына, әлеуметтік желілерге жазып, хабар таратуына, партия, қоғамдық ұйым құруына да 6 жылға дейін тыйым салуды сұраған.

Жанболат Мамай 16 ақпанда Алматыда саясатқа қайта оралған Болат Әбілев ұйымдастырған Қаңтар оқиғасында қаза болғандарды еске алу шарасынан кейін "рұқсат етілмеген митинг өткізді" деген айыппен 15 күнге қамалған. Кейін 26 ақпанда оның үстінен "Билік өкілін қорлау" және "Жалған ақпарат тарату" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Содан соң оған Қаңтар оқиғасына байланысты "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" деген тағы екі айып тағылды. Бір қызығы, осы істі қозғауға түркі болған аталмыш жиынға оппозицияның басқа да белсенді жетекшілері қатысты, бірақ билік оларды Мамай секілді қамауға алған жоқ. Назары Мамайға ғана түсіпті. Бұл туралы егжей-тегжейлі жазылды да (https://serke.org/news/mamajdan-mandela-somdaugha-bola-ma).

10 маусымда сот тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" басшысы Мамайдың қамау мерзімін 9 шілдеге дейін ұзартқаны белгілі болды. Ал 2 қарашада ол тергеу изоляторынан босап шықты. Сот оның бұлтартпас шарасын өзгертіп, тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберген. Саяси технологтардың кейінгі жоспары қандай екені белгісіз, бірақ Мамай бірнеше жылға саяси сахнадан шеттетілсе, одан режимнің құрбанының образы, қазақтың Манделасы немесе Навальныйы сомдалады. Екінші жағынан, оның әйелі Инга Иманбай белсенділік танытып, "рупор" қызметін атқара беруі мүмкін. Сөйтіп одан Тихановскаяның қазақша үлгісі жасалады.

Айдары: Дүрбі 04.04.2023 52

Қатысты мазмұн