Мамай аманат па? Сатыбалды ше?

none

Араб тілінен кірген «аманат» сөзі жылқы мінезді қазаққа әбден сіңісіп кетіпті. Бұл сөзді «ат аман», «атты аман сақтау» деп тәпсірлей берсе болғандай. Көшпелі қазақ халқы жоңғар қонтайшыларына тәуелді болған заманда қазақ хандары мен билері ұлдарын жаудың қолына аманатқа беріп отырған. Аманатқа берілген адам түрмеге қамалмайды, сол елде бірнеше жыл өмір сүруі тиіс. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Мысалы, Орта жүздің ханы Әбілмәмбет ұлы Әбілпейізді отбасымен қоса жоңғар ханы Қалден Сереннің ордасына аманатқа жіберген. Ұлы жүздің төбе биі Төленің ұлы Жолан да жоңғарлардың қолында аманатта болып қайтқан. Жоңғар қонтайшылары сөзбайласқан талаптың тиімді орындалуын (салық төлеп тұру, окуппацияшыл жоңғар қосындарына шабуылдамау, т.б.) қамтамасыз ету үшін қазақ билеушілерінен аманатқа адам алып отырған. Жақын туысы мен оның бала-шағасының амандығы үшін және оларды кейін аман-есен азат етіп алу үшін қазақ билеушілері жоңғар ханының талабын орындауға мәжбүр болды. Сол заманның жазылмаған келісімшарты бойынша, жоңғар тарабы «атты» аман сақтап, иесіне аманатты аман-есен қайтаруды ғана міндетіне алды.

Тіркелмеген Демпартия жетекшісі Жанболат Мамайды сот 6 жыл шартты жазаға кескенде қазақ-жоңғар қатынасында елеулі рөл ойнаған аманат дипломатиясы еске түсті. Шартты жыл кесу – жеңіл жаза, сотталған адам түрмеде емес, бала-шағасымен бірге үйінде тұрады, ол қала шекарасынан полицияның рұқсатымен ғана шыға алады. Біздегі сот дәстүрі бойынша шартты жаза 1 жыл, 2 жыл, әрі кетті дегенде 3 жылға шейін берілуші еді. Мамайды 6 жыл шартты жазаға бір-ақ кесіпті және ол осы аралықта журналистикамен шұғылданбайды, әлеуметтік желіде пост жазбайды, шерулетпейді, митингіде сөйлемейді, қысқасы – 6 жыл бойы «ауызы буылған өгіздей» болып тыныш жүруі тиіс. Мамайдың жазасы жеті жылға сайланған Тоқаевтың президенттік мерзімінің соңынан таман аяқталады. Бұл сонда сәйкестік пе?

«Мамай» - биліктің оппозицияшыл саяси жобасы» екені бұған дейін жазылды. Кезінде ҚР Қауіпсіздік кеңесін басқарған Төлеген Жүкеев қазір «Мамай» жобасының жария кураторы екенін білеміз. Жаңаөзен оқиғасы бойынша тіркелмеген «Алға!» партиясының жетекшісі В.Козловпен бірге Жанболат Мамай да сотталып кете жаздағанда оны тергеу изоляторынан суырып алған да Жүкеев еді. Кейбір мәліметте Жүкеев Мамайды құтқару үшін сол кезде лауазымды қызмет атқарған Марат Тәжиннің көмегіне жүгінгені жазылды. «Ескі Қазақстан» тұсында да Мамай ылғи шартты жазамен құтылып кетіп жүрді.

Рас, қазір Тәжин-Жүкеев-Мамай үштағаны назарбаевшыл «Ескі Қазақстанға» кірікпейді, одан гөрі ОДКБ бас хатшысы И.Тасмағамбетовке жақын. Ақордашыл «Нұрсұлтанның бұлбұлы» («Нурсултанский соловей») деп аталатын телеграм арнаның ақпаратын сараптасақ, «ескіқазақстандықтар» ғана емес, Тасмағамбетов те Тоқаевтың тағына көз сүзіп жүрген секілді. Бұл арна жақындағы Тоқаев-Тасмағамбетов кездесуі бойынша ОДКБ хатшысына «Ақордада нең бар, әрі ойна» дегендей қатты сес көрсетіп жазба жариялады. ОДКБ-ның тізгіні Путиннің қолында екенін ескерсек, бұл да Ақорда үшін санасатын күш. Сондықтан, саяси конфронтацияны ушықтырмау үшін Мамайға түрме жазасы емес, 6 жыл шартты жаза берілген сияқты. Яғни, Мамай әзірге аманат дипломатиясының аясында қорғалып тұр: егер Мамай жаза шартын бұзса, ол бір пәсте түрмеге тоғытылады. Мұндай жағдайда Жанболаттың обалы «Мамай» жобасының кураторларының мойнына артылады, сондықтан олар да тартыншақтап, саяси интриганы қоздатпай тыныш отыруы тиіс...

«Жаңа Қазақстанға» қауіп төндіріп тұрған «Ескі Қазақстанның» аманаты» деп Н.Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен құдасы Қайрат Боранбаевты айтса болғандай. Бірі – 6 жылға, екіншісі 8 жылға сотталды. Әрине, бұл жаза, бірінші кезекте, «Ескі Қазақстан» тұсында «отбасының» қолына топтасқан орасан көп қаржыны суыртпақтап болса да бері қайтару үшін жасалып жатқан әрекет. Таққа таласуға, соған жету үшін «түрлі-түсті» төңкеріс ұйымдастыруға, кез келген саяси реванш жасауға көп қаржы керек. «Отбасының» қолында 300 млрд доллардан астам қаржы бар» деген сөз айтылып жүр. Мол қаржының бір қолда болуының қауіптілігі де сонда... Соны барынша азайтып, артық әрекет жасауға мүмкіндік қалдырмау керек. Сондықтан Сатыбалды мен Боранбаев аманат дипломатиясының аясында түрмеде отыр.

Басқа жағдайда сотталған екеуге тағылған айыптар бойынша 10 жылдан астам жаза беріп жіберуге болатын еді. Тіпті Қайрат Сатыбалдыны Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық іске тартса, онда ол өмір бақи түрмеге қамалады. Егер билік дәл осылай жасаса, онда «Ескі Қазақстан» мен «Жаңа Қазақстан» арасындағы аманат дипломатиясы доғарысқа ұшырап, мүлдем жұмыс істемей қалуы мүмкін. Мұнда «атты өлтірмей», «арбаны да сындырмай» аман сақтаудың жоспары бар. Ешқандай тарап ва-банкке бармайды, «қайдан шықса, онан шықсын», «күл болмаса, бүл болсын» деп нартәуекелге барудан қорқады. Міне, аманат дипломатиясының тежеуші күші осында.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 11.04.2023 91

Қатысты мазмұн