Майшелпектен айырылса, облыс әкімін қаралай ма?

none

Шығыс Қазақстан облысында бірнеше айдан астам уақыттан бері созылып келе жатқан бір топ кәсіпкер мен облыс басшылығының арасындағы текетірес ашық майданға ауысқан сыңайлы. Соңғы күндері бір топ шығыс қазақстандық кәсіпкер президент Тоқаевты былай қойып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінен облыс әкімі Даниал Ахметовты орнынан алып тастауды талап етуге көшті. Хатқа қол қойғандар Даниал Ахметовты мемлекеттік сатып алуға (тендерге) өз адамдарынан өзгелерді қатыстырмайды, 5 жылдан бері облыс бюджетін оның тамыр-таныстары ғана игеруде деп айыптайды.

Бір қарағанда, бұл биліктің бишігін білегіне іліп алып білгенін істейтін басшыдан зәрезап болған кәсіпкерлердің жанайқайы секілді көрінуі мүмкін. Бірақ ақпарат алаңындағы және интернет кеңістігіндегі адамның ар-намысын қорғаумен айналысатын, киберқудалау мәселесін сараптайтын «Ар-Бедел» қоғамдық қорының заңгерлері және тағы бір топ шығыс қазақстандық кәсіпкер мәселе мүлдем басқада деп санайды. Алматыға Шығыс Қазақстаннан арнайы келген бір топ кәсіпкер баспасөз мәслихатын өткізіп облыс деңгейінен асып, бүкіл елге жайылған дау туралы пікірлерін білдірді. Олардың айтуынша, президентке хат жазып жүрген бұл бизнесмендердің тобы бірнеше айдан бері облыс басшылығына қоқан-лоқы жасауды былай қойып, өзге адал кәсіпкерлерді қорқытып жүргенге ұқсайды.

text

Баспасөз жиынында сөз алғандар «тендерді өз адамдарына берді» деп облыс әкімін айыптап жүргендер шын мәнінде мемлекеттік сатып алу шарттарына және нарықтағы бәсекелестік талаптарына сай келмейтін компаниялардың басшылары. Олар бұған дейінгі тендерлерді дұрыс игермеген, салған жолдары мен құрылысы сапасыз болып шыққан. Сондықтан облыс әкімі мемлекеттік сатып алуға қатысатын компаниялардың әлеуеті мен біліктілігіне қатаң талап қояды. Нәтижесінде бұған дейін қазынадан еркін қаржы алып, білгенін істеп, өз міндетіне салғырт қарап келген, жауапкершіліктен жұрдай кәсіпкерлердің компаниялары тендерден қағылыпты.

Баспасөз мәслихатын өткізгендер «Тендер ала алмағанына ренжіп жоғарыға хат жазғандардың түп мақсаты не?» деген журналистердің сұрағына «Бұл ұзақ жыл жем жеп келген астауынан айырылып қалғандардың тірлігі. Екі-үш жылдың ішінде қазынадан 20-30 млрд теңге алғандарға содан қағылу оңай дейсіз бе?!» деп жауап қайырды.

Әкімді қаралап жүргендер кім?

Мысалы, облыс әкімі Д.Ахметовке қарсы ақпараттық шабуыл бастағандардың ішінде Серікжан Әйкелев пен Айдос Серікқалиұлы деген ағайынды жігіттер бар. Оларға тиесілі дейтін «Гордорстрой» компаниясы 15 жылдан бері қаланың жолдарын жөндеу мен қоқысын шығаруды басы бүтін иемденген. Соның нәтижесінде Семейдің жолдарымен адам жүре алмайды, ал қала қоқысқа толған. Осы секілді жауапкершіліктен жұрдай кәсіпкерлер облыс әкімін қаралау науқанын ұйымдастырып отыр, дейді баспасөз жиынын өткізгендер.

Баспасөз жиынына кәсіпкерлермен бірге қатысқан «Ар-Бедел» қоғамдық қорының заңгері облыс әкімін жемқор ретінде айыптаған Серікжан Әйкелевтің өз басына қатысты күмәнді жағдай көп екенін айтады. Мәселен, кәсіпкердің мемлекетпен тең дәрежеде иелік ететін «Semey Bus» ЖШС-нің берешегі көп. «Келісімшарттағы міндеттемесін орындамаған әрі кәсіпорынды 2 миллиард теңгеге қарызға батырған серіктестіктің басшылығы онысымен қоймай, мемлекеттен еш негізсіз өте көп сомада субсидия түрінде ақша талап етуге көшіпті. Ақыры көздегеніне қол жеткізе алмаған соң, облыс басшылығымен бірге өздерінің орнына қызмет көрсете бастаған өзге кәсіпкерлерді де осылай ашықтан-ашық әрі дәйексіз қаралай бастаған. Алматыға келген бұл кәсіпкерлер біз осындай өзімізге жағылған жала мен күйеге шыдай алмай келдік, дейді.

Әкімді, өздері секілді өзге кәсіпкерлерді жамандау, қаралау арқылы халыққа жанашыр көрінгісі келгендердің өздері бұл атқа қаншалықты лайық? Мысалы, «Semey Bus» серіктестігінің жұмыскерлері былтырдан бері жалақы мәселесі бойынша бірнеше рет наразылыққа шыққан. Компания басшысы мемлекеттік сатып алу бойынша бөлінген қаржыны қалтасына басып қалып, жұмысшыларға мардымсыз жалақы төлеп келген.

text

text

Облыс әкімінің үстінен Президентке арыз айтып үндеу жасағандардың бірі – өскемендіктерге жақсы таныс Ержан Сқақов (4-суретте). Бұл кәсіпкердің соңынан ылғи дау ілесіп жүреді. 2017 жылы ол жетекшілік ететін «Өскемен Құрылыс» ЖШС-де жұмыс істеген 19 жастағы Елена Иванова дейтін бойжеткен өзін Ержан Сқақовтың зорлағанын мәлімдейді. Балалар үйінде тәрбиеленген қорғаны жоқ жетім қызды зорлағанын кәсіпкердің туған қайнысы Оразбек Қатпанов өз көзімен көргенін айтты. Ол кезде Ержан Сқақов облыстық мәслихат депутаты еді. Ол «мұның бәрін осы екеуі әдейі ұйымдастырған саяси тапсырыс» деп, Иванова мен Қатпановтың үстінен іс қозғау туралы арызданған. Бірақ Ержан Сқақов кейін баспасөзге берген сұхбатында Ивановамен жыныстық қатынасқа түскенін жария түрде мойындайды. Ол қызды зорламағанын айтып, жыныстық қатынас «екеуара келісіммен болған» деп мәлімдеген. Ақырында сот Елена Иванованы кәсіпкерге жала жапты деп тауып, бірнеше жылға оның бас бостандығын шектеп тастады.

Экс-депутаттың кәсіпкерлігіне байланысты бұдан басқа дау-шар туралы жергілікті yk.kz сайты көп жазған. Мысалы, 2009 жылы сол кездегі экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес қызметінің (қаржы полициясы) ШҚО Департаменті Ержан Сқақовтың үстінен іс қозғаған. Оны Аманат ауылындағы мектепті салу кезінде аса ірі көлемде қаржы алаяқтығын жасады деп айыптаған. Қаржы полицейлері кәсіпкердің иелігіндегі «Өскемен-Құрылыс» компаниясы мектептің қабырғасын басқа жерден бұзып әкелінген, сараптамадан өтпеген ескі кірпіштерден қалағанын анықтаған. Мектептің іргетасынан бастап кірпішіне дейін бұрын пайдаланылған ескі болғаны аздай, қалған құрылыс материалдарын Ақши дейтін ауылда құрылысы аяқталмай қалған 2 қабатты мектепті бұзып алып тасыған. Сөйтіп, кәсіпкер бұл әрекетімен мемлекетке 19 миллионнан астам теңге зиян келтірді деп есептейді. Құзырлы органның бұл айыптауының бәрін Сқақов мырза жоққа шығарумен болды. Бұл істің немен аяқталғаны әзірге белгісіз.

Жергілікті басылымдардың жазуынша, биыл сәуір айында Өскеменде сыртқы қаптауының бір бөлігі опырылып құлап түскен 9 қабатты үйді де осы Сқақовқа тиесілі компания салған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылған үйдің тұрғындары да баспаналарының бұрын пайдаланылған ескі материалдардан салынғанын айтады.

Сол жылдары таза ауыз судан тарыққан Күршім ауданының тұрғындары президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, «Ауыз су» бағдарламасын жүзеге асыру мерзімін кешіктірген, әлі күнге су жүргізбеген компанияларды жауапқа тартуды сұрапты. Ал сол ауданда «Ауыз Су» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша тендерді Сқақов жетекшілік ететін «Өскемен-Құрылыс» компаниясы жеңіп алған.

Мұның сыртында «Өскемен-Құрылыс» компаниясының құрылыс алаңдарында қаза тапқан бірнеше жұмысшының туыстары жұмыста еңбек қауіпсіздігі сақталмаған және жұмыс беруші олардың қауіпсіздігін еш қамтамасыз етпеген деп шағымданғаны және бар. Бұл істің де немен аяқталғаны беймәлім.

Бұдан бөлек, Сқақов мырзаның Күршім ауылында Балғазы Қадылов дейтін кәсіпкермен төбелескені, өзіне жеңіл дене жарақатын келтірді деп айыптаған бұрынғы бухгалтері Нұрсабек Әбілқайыровпен соттасқаны, кәсіпкердің үстінен Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбиляновқа арызданамыз деп өздері жала жапты деген айыпқа ілігіп бастары бәлеге қалған Оралбаевтар отбасымен дауласқаны туралы деректер тағы бар.

Айтпақшы, Күршім ауданындағы қалқымалы өткел мен паром байланысы мәселесінің сағызша созылып келе жатқанының себебінің бір ұшы осы Сқақов мырзаға барып тіреледі.

Жоғарыда аты аталған шығыс қазақстандық кәсіпкерлердің айыптауына жергілікті кәсіпкер Дмитрий Сомов та жауап берді. Ол өзін әділетсіз бәсекелестікке жол берді деп айыптаған әріптестерін сотқа берген. Өскемен полициясы ҚР ҚК 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Жол салу, өндіріс және геологиялық барлау саласында 20 жылдан бері еңбек ететін кәсіп иесі қалыптасқан жүйені бұзуға және аймақтағы дамыған кәсіпорындарды құртуға бағытталған ақпараттық соғысты айыптаймын, дейді Д. Сомов.

Ал осы хатқа қол қойғандардың келесісі Боллат Багадаев, Александр Федосов дейтін кәсіпкерлерді жергілікті басқа кәсіпкерлер «бизнес құрылымдарына қарсы шабуыл бастады» деп айыптауда. Баспасөз жиынына қатысқан Дмитрий Сомов есімді өскемендік кәсіпкер жалған дерек таратып, сыртымыздан күйе жаққан бұл екі кәсіпкерді сотқа бердім, дейді. Өскемен қаласының полициясы оларға қатысты ҚР ҚК 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» айыбымен қылмыстық іс қозғаған.

Міне, ШҚО әкімін президентке жамандап әрі ел басшысынан өзі тағайындаған өкілін алып тастауды талап еткен кәсіпкерлердің ісі осындай. Өз бетінше кәсіп дөңгелетіп жүрген ешқайсысы жоқ, бюджеттің ақшасын майшелпек қылып алып, міндеттемесін тиянақты орындамайды. Қалай майшелпектен қағылды, облыс әкімін қаралауға көшті. Шығыс Қазақстанда болып жатқан даудың түпкі себебі осы ғана.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 11.06.2021 838

Қатысты мазмұн