Коронавирус һәм митинг

none

Коронавирус індетінің күшейуіне байланысты Алматы әкімдігі рұқсат берген апта соңындағы митинг өтпей қалуы мүмкін. Себебі, Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин эпидемиологиялық жағдайға байланысты бейбіт митинг өткізуге уақытша тыйым салу мәселесін қарастырып жытыр. Оның айтуынша, эпидемия кезінде он адамнан артық жиналмауы керек. Бұдан көп адам жиналған жағдайда арақашықтықты сақтау қиын болады.

Без жүз адамға дейін жинап, 31 қазанда митинг өткізуге рұқсатты құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов алған. Қазір олар жиынды ұйымдастыру шаруасымен әуре, митингіге барынша көп адам тартудың қамымен жүр. Олардың әлеуметтік желідегі жазбасына көз салсақ, митингіні ұйымдастыруға «көмек береміз» деп уәде бергендердің біразы сырт айналып кеткен. Құқық қорғаушылар «митингіге екеумізден басқа ешкім келмей қоя ма» деген қорқынышы барын да жасырмады. Мұның бір себебі – жұрт Б.Төреғожина мен Ғ.Ағелеуовты шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязовтің адамы санайды. Әбілязов құрған саяси ұйымның Қазақстанда сот шешімімен экстремистік деп танылып, тиым салынғаны белгілі. Оның үстіне, бұрын рұқсат етілген митингілерді биліктің әдейі ұйымдастырып отырған шарасы санайтын, ондай акцияларға қатыспауға үндеп жүрген Әбілязов осы жолы Төреғожина мен Ағлеуовты қолдай кеткені жұрттың көкейіндегі күдікті қоюлатып жіберді. Сондықтан, Төреғожина-Ағлеуов ұйымдастыратын митингіге жұрт үрке қарайды.

Қалыптасқан осындай жағдайда қаланың бас санитар дәрігері Бекшиннің митингілерге тиым салуы - Төреғожина мен Ағелеуовты тығырықтан шығарып жіберетін жағдай. Егер билік рұқсат берген митинг мерзімінде өтіп, оған аз ғана адам жиналса, қоғам белсенділері үшін бұл ұят жағдай – оппозицияның әлжуаз дәрменсіздігін көрсетеді. Ал бас санитар Бекшиннің ұсынысымен әкімдік митинг өткізуге тыйым салса, Төреғожина мен Ағелеуов әдеттегіше барлық кінәні билікке арта салады да, азаматтардың конституциялық құқықтарының аяқасты болғаны жөнінде мәлімдеме жасап, шу көтереді. Әрине, қаланың бас санитар дәрігері Бекшиннің мұндай айыптауға айтатын уәжі дайын. Себебі, қыркүйек айының басында саясаткер Жанболат Мамай биліктен рұқсат алып митинг өткізген. Бұл кезде коронавирус індетінің саябырлаған кезі болатын. Солай бола тұра, адамдар митингіде арақашықтық сақтап, маска тағып, дезинфекция қолданды. Қазір эпидемиялық жағдай нашарлап кетті, көп адам жиыналатын қауымдық шараларға тиым салу заман талабы. Бұл тыйымды саясиландыруға негіз жоқ.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 26.10.2020 52

Қатысты мазмұн