Қылмыс құрамы жоқ «қылмыстық істің» құрбаны

none

Әскери қоймадағы жарылыс кезінде қираған Арыс қаласын қалпына келтіру үшін жиналған «Сыр мейірімі» қорындағы 68 млн теңгені «алаяқтықпен иемденіп кетті» деген айыппен сотталған Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовқа және онымен бірге сотталған төрт адамға қатысты істе іліп алар факті, бір де бір дәлел жоқ. Тергеп-тексеру 2020 жылдың наурыз айының соңында басталды, ал тергеуші бір жыл бұрын өтіп кеткен оқиғаларды өзінің топшылауына сәйкестендіріп куәлік жинаған. Куәліктің ешқайсысы ауди-видео фактілермен, банк операцияларының ордерлерімен негізделмеді. Айыптау тек «анау олай деді», «мынау былай айтты» деген жалалы сөзден құралды. Бұл Қылмыстық процестік кодекс талаптарының өрескел бұзылғанын көрсетеді.

Қорға жиналған қаржыны «алаяқтықпен иемденіп кетті» деп Қуанышбек Ысқақовты ұсталған бетте тікелей айыптау мүмкін болмаған соң, тергеуші оның орынбасарлары Марат Делмұханов пен Мұрат Имандосовты «қылмыс жасауға көмектесуші» ретінде қарастырған. Алғаш болып М.Делмұхановты изоляторға (26.03.2020) жабады да, оны көп ұстамай үйқамаққа жібереді. Ал 5 күннен кейін (31.03.2020) ғана М.Имандосовты қамауға алып, содан бері тергеу изоляторынан шығарған жоқ. Осы жағдайды пайдаланған тергеуші жалған айғақ жинастыру арқылы Мұрат Имандосовты Қ.Ысқақовтың тапсырмасын орындаушы етіп көрсетуге тырысты. Бірақ одан нәтиже шықты ма? Әрине, жоқ. Сөзіміз дәлелді болу үшін жалалы көрсетудің кесірінен 6 жылға сотталып кеткен М.Имандосовтың «бұл іске қатыстылығы» жөніндегі эпизодты талдап көрелік.

Арыс оқиғасы 2019 жылдың 24 маусымында болды. Бұл кезде Қ.Ысқақов пен М.Имандосов облыс әкімі Қ.Көшербаевтың орынбасарлары еді. «Сыр мейірімі» қорына бюджет қызметкерлерінің бір күндік жалақысын аудару жөніндегі ұсынысты «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ш.Әлназарова жасаған. Бұл қор қоғамдық негізде құрылғандықтан, оған Қ.Ысқақовтың да, М.Имандосовтың та билігі жүрмейтін. Оның үстіне, Қ.Ысқақов облыс әкімі болып 2019 жылдың 28 маусымының кешінде тағайындалған, алдағы екі күн демалыс болғандықтан, ол қызметіне 1 шілдеден бастап кірісті. Ал М.Имандосов әкімнің индустриалды-инновациялық даму, жобалар мен кәсіби туризм жөніндегі орынбасары еді. Сондықтан оның құрылыс саласына, «Сыр мейірімі» атты қоғамдық қордың жетекшісі Сапура Әбдірахимоваға тапсырма беретіндей өкілеттігі жоқ болатын. Әкімдікке қатысы бар кез келген құрылыс жұмысымен тікелей Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков айналысатын.

Оқиғаның мәні түсінікті болу үшін сәл кейінге шегінейік. 2018 жылы Түркістан облысының құрылуына байланысты президент Назарбаевтың жарлығымен әр облысқа Түркістан қаласында бір нысанның құрылысын жүргізу міндеттелді. Қызылорда облысы Түркістанға «Шығыс моншасын» салып беретін болды. Бұл іспен М.Әлсеріков айналысады да, соның шалағайлығынан моншаның жоба-сметалық құжаты мезетінде әзірленбеді, сәйкесінше қаржы бөлінбеді. Дегенмен, 2019 жылғы ақпан айында мердігер компаниялар өз қаражаты есебінен құрылыс жұмысын бастап кетеді. Шілде айының соңында қаржы жетіспеушілігі салдарынан «Шығыс моншасының» құрылысы тоқтауға айналды. Осы ретте монша құрылысын аяқтау үшін «Сыр мейірімі» қоры Арыс қаласына көмекке жинақталған қаржының 80 млн теңгесін 4 құрылыс компаниясына 20 миллионнан бөліп аударады.

2020 жылдың көктемінде С.Әбдірахимова аяқасты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне «ақша қолды болды», «ақшаны құрылыс компанияларына аудару жөніндегі тапсырма облыс әкімдігінен түсті» деп шағымданады. Ол алғашқы түсініктемесінде 2019 жылғы 8 тамызда облыс әкімінің орынбасары М.Имандосовтың көмекшісі Мұрат Тасқараев телефон соғып, «М.Имандосовтың «Шығыс моншасы» құрылысына қаражат бөлу жөнінде тапсырма бергенін» айтады. Алайда, тергеу-тексеру барысында М.Тасқараевтың С.Әбдірахимоваға телефон соқпағаны кіріс-шығыс қоңыраулар мәліметі бойынша дәлелденеді. Керісінше, 8 тамыз күні сағат 12.33-те С.Әбдірахимоваға М.Әлсеріковтің хабарласқаны әшкере болды. М.Имандосовты қалайда айыпты етуді көздеген бұл эпизод дәлелмен қысқартылған. Бұл жағдай М.Имандосовтың кінәсіз екенін тұжырымдаса да, С.Әбдірахимованың дәлелмен терістелген осы түсініктемесі сот үкімінің айыптау қорытындысына еніп кетті. Ақиқатында, сот та, тергеуші де, прокурор да 8 тамыз күні өзара сөйлескен С.Әбдірахимова мен М.Әлсеріковтен күдіктенуі тиіс еді. Бірақ олай болмады, құқық қорғау органдарының мақсаты Қуанышбек Ысқақов пен Мұрат Имандосовты қалайда, қандай әдіспен болсын айыпты етіп, соттау болған секілді.

«Өзінің көмекшісі арқылы С.Әбдірахимова тапсырма берді» деген болжамның күл-талқаны шыққан соң, М.Имандосовқа жала жабуды М.Әлсеріков бастады. Тергеушіге берген бұрынғы үш түсініктемесінде М.Имандосовтың атын мүлдем атамаған ол төртінші түсініктемесінде аунап түсіп, «Сыр мейіріміндегі» қаржыны «Шығыс моншасын» салып жатқан 4 компанияға аудару жөніндегі тапсырманы М.Имандосовтан алғанын айтады. Тергеуші болжамы бойынша, Қ.Ысқақовтың «тапсырмасын» М.Имандосов М.Әлсеріковке «жеткізеді», ал ол «әкімнің тапсырмасын» С.Әбдірахимоваға айтады. Мұнда тағы да «анау айтты», «мынау айтты» деген ешбір дәлелсіз құйтырқы әдіс қолданылды.

Тергеу мәліметіндегі бұл эпизод бойынша, М.Имандосов М.Әлсеріковке тікелей тапсырма бермепті. Ол алдымен сол кездегі облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменовты 2019 жылдың 8 тамызы күні кабинетіне шақырып алып, Әлсеріковке «сәлем» жеткізуді айтыпты-мыс. Ал А.Шәменов дереу құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріковті, «Сыр мейірімі» қорының жетекшісі Сапура Әбдірахимованы және құрылыс компанияларының директорларын жинап алып, М.Имандосовтың «пәрменін» жеткізіпті.

Ақиқатында, М.Имандосов 2019 жылдың 6 -18 тамызы аралығында Түркістан облысында іс-сапарда жүрген. Ал А.Шәменов Қызылордада «Имандосовтың кабинетінде тапсырма алдым» деген 8 тамыз күні М.Имандосов Арыс қаласында жарылыстан зардап шеккен тұрғындармен кездесулер өткізіп, кешке Шымкент қаласындағы қонақ үйге келіп түнеген. Бұны дәлелдейтін деректер де, куәгерлер де жеткілікті. Дегенмен, мұның бәрі тергеуде де, сотта да есепке алынбады.

Алғашқыда М.Әлсеріков тергеуге күдікті ретінде шақырылған. Кейін ол өзінің жалалы сөздерімен «Имандосовты Қ.Ысқақовтың тапсырмасын жеткізуші» деп «дәлелдеуде» тергеу ісіне көмектескені үшін күдіктіден куәгерге айналып шыға келді. Шындығында, «Сыр мейірімі» қорындағы Арыс қаласына көмек үшін жиналған қаржыны «Шығыс моншасын» салып жатқан компанияларға аударуға тапсырма берген М.Әлсеріков екені нақты фактілермен дәлелденді. Ол мұны өзінің түсініктемесінде мойындады да. Егер «Сыр мейірімі» қорындағы ақшаның «Шығыс моншасына» жұмсалуы қылмыс болса, онда тапсырма беруші М.Әлсеріков, сол тапсырманы орындаған қор басшысы С.Әбдірахимова қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек еді.

Тергеушінің де, прокурордың да, соттың да қылмыстың жолын кесу емес, басқа мүдделі мақсаттың аясында әрекет еткенін мына жайттан да көреміз. «Сыр мейірімі» қорындағы қаржының 80 млн теңгесін 4 құрылыс компаниясына аударту арқылы Қуанышбек Ысқақов иемденіп кетті» деген болжам нақты фактімен дәлелденбеді. Тергеу кезіндегі «Багам Аудит» аудиторлық компаниясының тексеріс қорытындысында ( 20.04.2020) 4 компанияның да есепшотынан қаражаттың қолма-қол ақшаға айырбастау операциясының болмағаны көрсетілген. Осы қорытындыға сүйенген сот-экономикалық сараптамасында (№908 - 6.05.2020) «Сыр Мейірімі» қорындағы 80 млн қаражаттың түгел Түркістан қаласында салынған «Шығыс моншасының» құрылысына жұмсалғаны нақтыланған. Оның үстіне, ақша салынған дорбаны әлдебіреудің тасып жүргенін, қолдан қолға беріп жатқанын дәлелдейтін аудио-видео-фото факт атымен жоқ. Олай болса, «қылмыс болды ма?» деген сұрақ туады. Мейлі, тергеуші өзінің топшылауымен қоғамдық қордың 80 млн теңгесінің «Шығыс моншасына» жұмсалуын қылмыс» деп санаса, онда Мұрат Имандосовтың бұл «қылмысқа» түк қатысы болмағаны іс бойынша дәлелденіп тұр емес пе?! Мұны заңдылықты қадағалаушы прокурордың да, әділдіктің жаршысы саналатын соттың да қаперге алмауы қылмыстық істің о бастан құқық нормаларының талаптарын аяқасты етіп, әлдебіреулердің саяси тапсырмасының үдесінен шығу үшін әдейі жасалғанынан хабар беріп тұр.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 31.01.2021 1042

Қатысты мазмұн