Қазақстанда «ұшқыннан жалын лаулай» ма?

none

Қазақстанда билікке қарсы наразылық мен басқа да әлеуметтік шешілмеген мәселеге қатысты митинг ұйымдастыруы идеясын құптайтындар екі маңызды жайтты ескермей отыр. Сондықтан олар Беларусьтегі әр апта сайын жүз мыңдаған адам қатысатын, екі айға созылған бейбіт шеруге және Қырғызстандағы парламент сайлауы нәтижесін мойындамай ереуілге шыққан халықтың әрекетіне қызыға әрі қызғана қарайды. Көрші елдерде болып жатқан осы оқиғаларды еске салып, «беларусьтерден қалып қойдық па», «қырғыздардан кембіз бе» деген сыңайда намысты жанитын сөз айтып, бұйығып жатқан қазақ қоғамын оятқысы келеді. Шынтуайтында, Қазақстандағы жағдай тіпті басқа, саяси-экономикалық-әлеуметтік жағдайды былай ысырып қойсақ та, өздерін оппозициялық күш деп сезінетін топтардың әрекеті Беларусь пен Қырғызстандағы жағадайдан өзгеше. Мұны дәлелдеу қиын емес.

Қазақстандағы оппозицияшыл күштер бірікпеген. Бұл бұрыннан бар проблема, сол жағдай әлі жалғасып келеді, қайта оппозицияшыл күштердің арасы күн өткен сайын ажырап, бірі екіншісіне жауығып барады. Мысалы, радикал есептелетін Мамай мен Әбілязовтің «...басы бір қазанға сыймайды». Ел алдына шыққан саясаткерге тән сыпайылықты былай ысырып қойған олар бірін-бірі үнемі қағытып отырады. Мамай Әбілязовтің азан шақырып қойған атып атауды қойды, оны «тазша бала» деп атайды. Ал Әбілязов Мамай жөнінде «биліктің оппозицияға әдейі жіберілген жансызы» деген пікір қалыптастырумен әуре. Осындай айыптаудан кейін Мамай шақырған митингіге әбілязовшілер қалай барады?!. Мамай мен оның жақтастары Әбілязовтің Парижде жатып алып митингіге шақырған үндеуіне құлақ аспайды, қайта оны әр мұқамға салып кекетіп отырады. Қысқартып айтсақ, бұл екі топ күйбең тірлікті біруақ қызғылықты қылуға әуес күндес әйелдердің тірлігінен әріге аспай отыр.

Қазақстандағы митингінің ауқымы кеңеймеуінің тағы бір себебі бар. Билікке наразылық білдіру тақырыбы дұрыс таңдалмайды. Көп жағдайда халықты толғандырып отырған маңызды мәселе қозғалмайды, Мамай да, Әбілязов те жеке басының мәселесін күйттеумен шектеліп келеді. Мысалы, Әбілязов пен Мамай «Қазақстанда билік транзиті болмады» деп санайды. Шынтуайтында, қалай десек те, Қазақстан билігінен Назарбаев кетіп, оны ресми түрде, жалпыхалықтық сайлау арқылы Тоқаев ауыстырғаны рас қой. Ал Беларусь республикасында мұндай жағдай әлі болған жоқ.

Қырғызстанда жағдай мүлде басқа, ондағы билік элитасындағы алауыздық Ақаевты тағынан төңкеріп тастағанда басталған. Сол ырың-жырың әлі жалғасып келеді. Қырғызстандағы жиі болып тұратын ереуілді «төменнен болған халық дүмпуі» деп атауға негіз жоқ. Бәрі билік элитасының ішіндегі кикілжіңнен туындап жатыр. Мұның әсерлеп айтсақ, лаулаған жалынға тамызық ретінде ұшқын беріп жатқан қырғыз биілігіндегі кейбір «элементтер». Осы әрекет қоғамды қақ жарып, ауқымды халық толқуына ұласты. Көрші елдегі осы жағдайды Әблязов те, Мамай да түсіне бермейді, «тамызық-ұшқын» ретінде бес-алты адамның басын қосқан наразылық ұйымдастырса, әрі қарай халық жаппай көтеріліп көшеге шығады, жалын лаулай жөнеледі» деген жалған үмітпен жүр. Бұл «бағым жанып, әйтеуір бір ұтыс алармын» деп құмар ойынға берілген адамның сүреңсіз тіршілігі секілді.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 08.10.2020 56

Қатысты мазмұн