Қазақстан ақпараттық қауіпсіздікке көңіл бөлуі керек

none

Украинада болып жатқан соғыс пен ғаламтордағы, жалпы әлеуметтік желідегі ақпараттық қақтығыс, телеарнадағы текетірес Қазақстанның ақпараттық саласының проблемалары мен кемшіліктерін әшкерелеп бергені жасырын емес. Соған орай, қазір тұрғындар арасында атап айтқанда, туған-туыстарымыз бен достарымыздың, әріптестеріміздің ішінде Украинадағы оқиғалар туралы бір жақты ғана көзқарас қалыптасты. Мұны біржақты үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесі десе де болады. Бұл қоғамда қауіпті дертке айналып барады. Екі тарапқа бөліну облыстар мен қалаларда қала берді, отбасылар мен ұжымдарда байқалып отыр.

Осыған қарап Қазақстанның тәуелсіз ақпараттық кеңістігін нығайтып, республикалық БАҚ-тың ролін күшейту керек деген ой туындайды. Мәселен, Қазақстан басшылығының әскери күш қолдануға жол бермеу туралы ресми ұстанымына қарамастан, қазақ қоғамында бытыраңқылық нышаны байқалады. Мәселен, Украинаға қатысты «Ремстройсервис» провайдерінің шешімі, «Уральская неделя» газеті, Алматыдағы Украинаға қолдау білдіруге арналған митингі, сондай-ақ Астанада «халық» болып гуманитарлық көмек көрсетуге шақыру - айтқанымызға дәлел бола алады.

Қазақ қоғамындағы нақты идеологиялық шекараны анықтау бойынша әлі де көп әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажет. Қазақстанда біртұтас, тәуелсіз ақпараттық кеңістіктің жоқтығы жағдайды ушықтыра түспек. Қазақстан Республикасының 2012 жылғы «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңына сәйкес ақпараттық қауіпсіздік оның маңызды бөлігі болып танылған. Құжатқа сәйкес, ақпараттық қауіпсіздік – «Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің елдің тұрақты дамуы мен ақпараттық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін нақты және ықтимал қауіптерден қорғау жағдайы».

«Төртінші биліктің» күші мен ықпалын асыра бағалау қиын. Олар қоғамның өз мемлекетінің басшылығы мен көшбасшыларының төңірегінде ұйысқан бірлік пен ынтымақтастықты ыдыратуда «жаппай қыру қаруына» айналуы мүмкін. Бұқаралық ақпарат құралдары пайда болғаннан бері олардың халықтың санасы мен пікіріне әсері мен күші байқала бастады. Мәселен, ХХ ғасырда болған революциялар кезінде көтеріліске шыққандар ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарын басып алу міндеті тұрған. Яғни, шерушілер соны басты назарға алып, жүзеге асырып отырған.

Қарапайым халық интернет пайда болғаннан кейін заманауи техникалық құралдар мен гаджеттер арқылы ашық деректерге қол жеткізіп, әртүрлі ақпарат көздерінен сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді деген үміт көпшіліктің көкейінде көптен бері болды. Телеарналардың, интернет сайттардың, журналистердің өз аудиториясы үшін шынайы, дәлелденген ақпаратты таратудағы әділ бәсекелестігі жалпы қоғам мен елдер арасындағы ортақ игіліктің, бейбітшіліктің тетігіне айналуы тиіс еді.

Алайда, Украина мен Сириядағы қақтығыстар, әлемдік ақпараттық агенттіктердің арасындағы бәсекелестік БАҚ - ның интернет кеңістігі, журналистика талабы бойынша шынайы ақпаратты тарату, халыққа білім беру, бейбітшілік пен ынтымақтастықты насихаттау сияқты дәстүрлі функцияларын жоғалта бастағанын көрсетеді. Бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы аудитория жинау мен рейтингтің соңына түсу - теледидар, интернет-сайттарының журналистер арасында адал бәсекелестік орнатудың орнына ақпараттық соғыстың сарбаздарына айналып қатары келеді. Қазіргі заманғы қақтығыстар мен соғыстарға бұрынғыда тек қана танктер мен ұшақтар қатыспайды. Сонымен қатар, БАҚ пен интернет-сайттардың, журналистердің бір-бірімен теледидарда, әлеуметтік желілер мен ютубтағы күресі де кіреді.

Олар өздеріне қарсы қойылған әр түрлі әдістер мен құралдарға қарамастан, мақсат үгіт-насихат, ақпараттық айла-шарғы жасау арқылы алдап - арбап қоғамды, шет мемлекетті өз бақылауында ұстауды жалғастыра бергісі келеді. Қазақстан өзінің халқы, аумағы және дербес саясаты бар Тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің ұлттық мүддесі мен ақпараттық кеңістігін бақылап, қорғауы тиіс және өз көзқарасын ұстануға міндетті. Алайда еліміздің ақпараттық алаңының қазіргі келбеті бәрінің бірдей көңілін көншітпейді. Яғни, салада проблемалар жетерлік.

Шетелдік телеарналардың басымдылығы, Қазақстанның мемлекеттік телеарналарына деген халықтың қызығушылығының аздығы, олардың рейтингінің төмендігі, сараптамалық-ақпараттық жобалардың жоқтығы, беделді және танымал журналистердің аздығы, ал оның орнына білімі төмен тек қана желіні шулататын журналистердің көптігі алаңдатады. Мемлекеттік арналарда сапалы бағдарламалар мен жобалар жоқтың қасы. Эфирдің уақытын ешкімге пайдасы жоқ сериалдар мен концерттер алып жатады. Шындап келгенде бұл тізімді соза беруге болады.

Қазақстанның ақпараттық саласының әлсiз болуы түптеп келгенде, мемлекет пен қоғамды шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалынан, қысымынан, үгiтiнен яғни, ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселесiн көтерiп отыр. Ақпарат сала сы да экономикалық, азық-түлік және әскери қауіпсіздік сияқты маңызға ие. Ресей қарулы күштерінің Украинадағы «арнайы әскери операциясына» жасырын түрде қолдау көрсету, «Z» логотипін насихаттау мақсатындағы түрлі іс-шаралар, қазақ тіліндегі жаңалықтар мен интернет-сайттардың аздығы, оларға насихаттың жоқтығы Қазақстан өңірлерінде барған сайын үйреншікті құбылысқа айналып барады. Осының барлығы Қазақстандағы ақпараттық кеңістіктің тәуелсіздігін қорғауға, оны сақтап қалуға деген үдерістің төмендеп бара жатқанын көрсетеді. Дегенмен, Қазақстанның ақпараттық алаңы объективті құқықтық, экономикалық, геосаяси себептерге байланысты алдағы уақытта ашық болады, деген сенім де жоқ емес.

Шетелдік ақпарат құралдарының қызметін бір құжатпен немесе телекөрермендерді тек мемлекеттік арналарды көруге "күштеп" мәжбүрлеу арқылы шешу мүмкін емес. Осыған орай, Қазақстанның ақпараттық кеңістігін реттеп, осы саланың тепе-теңдігін қалыптастыру үшін жүйенің тетіктерін қайта қарастыру қажет. Егемен Қазақстанның ақпараттық кеңістігін нығайту мәселесі қордаланып қалған көптеген өзекті жайттарды шешіп, стратегиялық міндеттерді қоюды талап етеді. Мемлекет басындағы адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарына, журналистер қауымына, әлеуметтік желілерге, блогерлерге деген көзқарасын өзгертпей, елде шынайы, ашық, тәуелсіз ақпараттық кеңістікті құру мүмкін емес екені анық.

"Қанды қаңтар" оқиғасы халықтың жергілікті теларналарға деген көзқарасының қандай екенін көрсетіп берді. Тәртіпсіздік кезінде ең алдымен соларға шабуыл жасалды. Осының бәріне куә бола отырып, тәуелсіз және автономды ақпараттық кеңістікті құра салу оңай шаруа емес. Сондықтан, көрермендер мен оқырмандарды ақпарат алаңында босқа «сендіріп» алдаусыратып ұстау мүмкін емес деп қорытындылауға болады.

Сондықтан, өзіміздің БАҚ-ты дамытып, журналистердің кәсібилігі мен беделін арттырудан басқа жол жоқ. Осы саладағы "жағымсыз" мамандарды қайта тәрбилеп, ал танымал тұлғалардың беделін көтере түсуге, олардан инвестиция салудан аянып қалмаудан басқа амал жоқ. Сондай-ақ, қарапайым журналистерге де қолдау көрсетілуі тиіс.

"Жаңа Қазақстанда"," Екінші республикада", яғни, тәуелсіздік алған соң 30 жылдан кейін өзіндік үні бар, ешкімге жалтақтамайтын ақпараттық алаңның" іргетасын қалау керек болады. Ол жолдағы бәсекелестік үкіметтің өзіне ұнамайтын шараларына шектеуден ғана тұрмауы керек. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың "цензура"мен "тыйым салу" тақырыбына мұқият қарауын талап етеді. Тек дұрыс шешім қабылдаған жағдайда ғана халықтың назарын мемлекеттік БАҚ-қа аударуға болады. Бір кездері Украина осы ақпараттық кеңістікті қараусыз қалдырып, бетіне жіберіп алды. Қазір енді соның машақатын әбден көріп отыр. Ақпараттық қақтығыс Украинада бұдан көп бұрын басталған. Дер кезінде шара қабылдамаудың соңы осыған әкеп соғуы әбден мүмкін.

A+Analytics

Айдары: Дүрбі 30.03.2022 154

Қатысты мазмұн