Қазақстан "ДХР" мен "ЛХР" аймақтарын мойындамайды

none

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өтіп жатқан экономикалық форумда Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарын "Қазақстан мойындамайды" деп мәлімдеді.

Ресей президенті Владимир Путин қатысып отырған форумда кремльшіл журналист Маргарита Симоньян Тоқаевтан Ресейдің Украинадағы "арнайы операциясына" қатысты пікірін сұраған.

Тоқаев "Бізді бұған қатысты әртүрлі пікір айтылады... Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, жер бетінде 500 я 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлеттік құрылымына да қолданамыз" деп жауап берді.

Оның сөзі «ДХР» мен «ЛХР» Украина үкіметінен «рұқсат» сұрауға тиіс емес еді деп сәл бұрын айтқан Ресей президентінің сөзімен пікірталас сияқты естілді. Путин Косовоның мысалына тоқталды. Бірақ Ресейде мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған әрекеттерді жүзеге асыруға жария шақыру үшін қылмыстық бап бар. Онда бес жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, деп жазады БАҚ.

Тоқаев сондай-ақ импортты алмастыру жайлы сұраққа да жауап берді. Қазақстан президенті қазіргі әлемде импортты толығымен алмастыру мүмкін емес екенін айтып, Қазақстанның халықаралық әріптестікті қолдайтынын, оқшаулануға қарсы екенін мәлімдеді.

Жиын кезінде Қазақстан мен Ресей достығы да сөз болды. БАҚ жазып отырғандай, Тоқаев Қазақстан туралы түрлі сөз айтатын Ресей депутаттарына, журналистеріне және мәдениет қайраткерлеріне назын білдірді.

"Осы мінберді пайдалана отырып, Ресейдің бірқатар депутатының сөздеріне шағым айтқым келеді. Қазақстанға бағытталған орынсыз сөздер, журналистердің, тіпті мәдениет қайраткерлерінің қате мәлімдемелері. Владимир Владимирұлы жоғары басшылықтың, Кремльдің өзге мемлекеттерге, соның ішінде менің еліме қатысты ұстанымын тәптіштеп түсіндірді. Ол үшін оған алғыс білдіремін. Шынымен де, біздің халықтардың арасында түрлі жолмен қоздыратындай ешқандай мәселе жоқ. [Мұндай мәлімдемелер] Ресей Федерациясының өзіне зиянын тигізеді. Бұл сөздер мен үшін түсініксіз" деді ол Ресей қайраткерлерінің Қазақстан басшылығының шешімдерін түрлі сарында сынай беретінін атап өтіп.

Путин болса, Қазақстанды бауырлас ел деп атап, егер Украина билігі Нұр-Сұлтандағы билік сияқты әрекет етсе, онда ешқандай «арнайы операция» да, бәлкім Қырымды аннексиялау да болмауы мүмкін еді, деп айтты.

Айдары: Төбе 18.06.2022 63

Қатысты мазмұн