«Қазақбайский» фактор қазақты орға жыға ма?

none

Көп жағдайда қоғамдық-әлеуметтік немесе ұлттық мәселелерді Алматы мен астанадағы зиялы қауым ғана емес, шалғай облыс-аймақтарда жатқан азаматтар көтеріп, жұрт талқысына салып жатады. Бүгінгі кейіпкеріміз кезінде Ақтөбеден атақты газет шығарып, жұрт оны жаппай оқыған, өткір тақырыптарымен оқырман есінде қалған білікті Бас редактор. Ақындығы мен азаматтығы бір бөлек Мейірхан ағамен болған әңгіме-сұхбатымыз көп тақырыптың бетін ашып тастағандай болды.

Jas qazaq: Мейірхан мырза, өнер мен мәдениеттің ортасы Алматыдан да, биліктің ордасы астанадан да алыста тұрасыз. Неге? Мүйізі қарағайдай ақын-жазушылардың көбі Алматыдан кеткісі келмейді. Әлде қара ормандай қалың ақын-жазушылардың ішіндегі талас-тартыстан, пендешіліктен алыс жүргіңіз келе ме?

М.Ақдәулетұлы: Алматыда да, астанада да мен қиналып іздейтіндей ештеңе жоқ. Әдеби орта дейтінің де, өп-өтірік «Бәке, Жәкелегені» болмаса, жеке адамға бере қояры бар деп айта алмаймын: әркім, қайда жүрсе де, өз «менін» өзі сомдап шығады, қалғаны — қалың тобырдың қайыры аз сентименті, қазақы емес, қазақбайский сентимент. Ал Ақтөбеде өзімнің туған жерім, өскен ортам, менің кісі болып қалыптасуыма тікелей әсер еткен жерлестерім — «менің балалық шағымның қаһармандары» — ауылдастарым бар. Мен талас-тартыстан, әдебиетшілер арасында (әсіресе, қазақтарда!) бола беретін дау-дамайдан қашқан жоқпын. Себебі сол балалардың төбелесіне ұқсайтын, мұрат-мақсаты да, дау-дамайы да өте ұсақ, кісі ұялардай өте бәкене, бейшаралау «қазақша спортқа» қатысып көрмеппін. Соған о бастан-ақ ықыласым болмады: ол — басын сыйлайтын, халыққа бірдеңе бере, айта алатынның іс емес, туа кемдарын, туа жартыкеш сорлылықтың көрінісі. Сол туралы «Ергежейлілер» атты поэма жазғым келіп жүр.

Қуанатыным — Алматыда қазақтың ғажайып адамдарымен таныстым, әңгімелестім, сырластым. Бұл аз олжа емес. Мен іштей кісікиіктеу адаммын, жас қырықтан асқан соң жалғыздыққа үйрендім, жылап өлең жазбағаным содан. Жалпы, жыламау, жыламсырамау керек: адамның жетісіп жүргені (өзін көре-көзге алдап, соған сеніп жүргендер болмаса) жоқ. Әркімнің өлгенше мойнынан алынбайтын қамыты бар, соны арқалап жүрген кісіге қандай өкпе, «базына» айтасың? Ендеше, аса мұңаюға да, аса қуануға да себеп жоқ. Демек, өмірді сүю һәм адамдарды аяу керек. Махаббат дейтіннен он есе жоғары — осы. Біздің бала мінез әдебиет әлі осыны толық ұға қойған жоқ… Осындай… «тұрғылардан алғанда», ештеңеден қашудан аманмын: ал өзімнен қашу қолымнан келмейді. Ақтөбеге жұмыс істеуге, бала-шаға асырауға келдім.

Jas qazaq: 2000 жылдардың басында Ақтөбеден «Алтын Орда» деген газет шығарып, аймақтық басылымдардың арасында ғана емес, республикалық газет-журналдардың ішінде ерекше қолтаңба қалдырдыңыз. Осы күні сол «Алтын Орда» сияқты оқылымды, ашық, еркін басылым неге жоқ?

М.Ақдәулетұлы: «Алтын Орда» үлкен құбылыс болғанын (сол кез үшін) бұрын жұрт өзіме жиі айтушы еді, беріде өзім де соны түсіндім. Есіме түссе, Әбдірахманын жоғалтқан Абайдай болатыным бар. «Алтын Орда» мен баста ойлаған дәрежеге жете алмай тоқтаған басылым. Иманғали ғана соны ұғып, Астанаға шақырып, үш қызметтік пәтер, өзіме басыбайлы үй бермек болған. «Маған қызмет етуіңіз шарт емес, Мәке, осыдан нағыз жалпыұлттық басылым жасаңыз, қолыңыздан келеді» деп еді, біздің ұғуға келгенде сорлылау құрылтайшылар жібермей қойды ғой… Ол газет емес, күллі қазаққа керек тірі идея, күн санап өсетін Ер Төстіктей ірі, ғұмырлы жоба еді. Оның басты артықшылығы — сол тұста көрместің бәрін көрсе де, Қазақстанның, қазақтың болашағына деген бүкілұлттық сенім бар еді, халық соған риясыз сенетін еді, ал бізде — менің сол бір асыл ұжымымда! — «біз осы ел мен осы халыққа жәрдемдесе аламыз, біз Қазақстанды түзетуге қызмет етіп жатырмыз» деген алғаусыз сенім бар еді. Ондай адал, қазақтың барлық проблемаларын өз қасіретіндей сезінетін басылым енді болмайды. Себебі қоғамда ғана емес, адамда шындық жоқ. Қазақ соңғы жиырма жылда «кедей — байға, бай — Құдайға жетем дейді» дегеннің кебін толық киіп, киім етіп алды, шешіп тастай қоюы екіталай. Қазекеңнің қазіргі арман-мұраты — алу, баю, «рахат көру», үй-мүлік, машина, баласын ақымақ болса да, бастық қылу, т.б… сосын, әй, кеп!.. мақтану, мал шашу, арзымайтын бәсекеге түсу, сотталса да, атасына бірдеңенің атын әперіп, сасық бай әкесіне Лениннің мавзолейін салу… болып кетті. Қазақ коррупциясыз күн көре алмайтын халық екенін кезінде айтқанмын, ол және рас: мен облыстың, қаланың, т.б. әкімі боп отырсам, менің он бес алаяқ інім, отыз кемдарын қарындасым, қырық «құдай қосқан» құдам қалай сорлы болады, бәріне тәуір қызмет, соқталы бизнес әперіп, облыстың бюджетінен бөлінетін миллиардтаған қаржыны соларға игертер едім. Себебі онсыз менде қадір қалмайды: «бір басына ит те күн көреді» деп, ағайын-туыс, құда-жегжат көрмей кетеді, ал көрші облыстағы әкім ғана емес, атқа мініп жүргеннің бәрі (премьер, сот, прокурор, министр, т.т. дейін) «Мынауың кісі емес екен ғой, дорақ» демей ме мен пақыр жайлы?! «Тез арада капиталист болудың» (ал бұл — мемлекеттің мұрат етіп отырғаны!) қазақбайский варианты осы болған соң амалың қайсы — бәрі барлығын біле тұрып үндемейді. Осының бәрінен соң қазаққа қайдағы бір газет-журнал, сенің жылап жазатын мақалаң түгілі, әдебиеттің, жалпы кітап атаулының қажеті қанша?!

Бір мысал: ауылдағы әйел қорадағы 20 сиырды саумайды — қаладан дүкеннің майы мен сүтін алдырады, соқталдай жігіт қойының кезегін не машинамен бағады, не болмаса, көршісін 3 мың теңгеге жалдай салады… … Ал қазақы элитасымақ өз шаруасын түгендеп алған соң, қазір Сағынайдың асының дәрежесіне жеткен «жоғары дәрежелі ас пен тойларда» жиырма жетінші атасының найзагерлігін айтып, жасанды наурызда бата беріп жүреді, т.с.с. Мұндай халыққа газет-журнал, кітап не керек! Ақылды сөзбен айтсақ, қазақы қоғам, жалпы қазақ санасы мәдени деңгейге, тектілеу деңгейге көтерілу орнына елді қалай ел қыламын деп арпалысып өткен, өз қазағы зығырданын қайнатқан ұлы Құнанбайдың (Абайды айтпағанда!) заманына қайтып келді. Оған қазір ештеме керек болмай қалды… Өзгесін айтпағанда, мектептен бастап, барлық оқу орындарында істейтін оқытушылардың (аз-кемі ғана болмаса) кәсіби деңгейі құлдырап кетті, есесіне докторлар, кандидаттар, т.т. еселеп өсті. Ең қызығы — қазақ ұлтының қазіргі білімділік деңгейі, жалпы мәдени-рухани кәсіби дәрежесі қандай деген мәселені ешкім көтермейді. Мемлекет те, себебі барлық креслоларда әкім болған мен сияқты «амалсыздар» отыр: «әйел десең, әжеме де тиеді». Дәл осы можантопайлық БАҚ-ты да (қазақша, әрине!) түгел жаулап алды. Оны айту — «сөзге шығын»…

Jas qazaq: Мұны сұрап отырғаным, оқылымды газет шығару журналистерге қатысты дүние ме, әлде басылымның бағытын айқындап, еркіндік беретін құзырлы мекемелерге тәуелді ме?

М.Ақдәулетұлы: Қазақ журналистикасының ескіні тез ұмытып, жаңаны мүлде тұрпайы түрде игергені, биліктің шектен тыс шамшылдығы (жағымпаздықтан туған «жалғыз ұл») біріге келіп, қазақы БАҚ-ты құлдыратқаны рас. Үлкен газетің орташа елдердің өнегесіне еліктеп, беделінің арқасында ғана таралып отыр. Ал газет дегеніңіз алдымен бас редактордың «бөбегі». Соның кәсіби-интеллектуалдық деңгейі, аналитикалық ақыл-ойы, рухани, кәсіби сергектігі мен ұжымның соны ұғарлық һәм сенерлік күш-қуаты газеттің деңгейін айқындайды. Мәселен, сондай мүмкіндігі болса, ең ресми деген газеттің өзін жұрт қырылып-жойылып оқитын етуге әбден болады. Ең бастысы — сөз, сөз саптау. Ал ол ақылмен, білім-білікпен келетін, діліңе «қонатын» нәрсе.

Jas qazaq: Марқұм Қажытай Ілияс көзі тірісінде берген бір сұхбатында «Бұрын журналистің бір фельетоны үшін әкім-қарадан бастап, мемлекеттік қызметкердің бәрі жауап беретін. Журналистің қаламына іліну – сотқа тартылумен бірдей еді» деген мағынада әңгіме айтып еді. Қазіргі журналистикада ондай бедел бар ма? Жалпы, бүгінгі журналистикаға деген бағаңызды білсек деген едік.

М.Ақдәулетұлы: Бедел жоқ. Сұрамсақтық пен жағымпаздық қана қалды. Адамдардың кінәсі жоқ, кінәлі әлгі «жаппай құлдырау», дұрыс білім-біліктің жоқтығы. Қадау-қадау талпыныстар, толыққанды білімділер бар, бірақ аз, өте аз. Газеті мен журналы, телеарнасы мен радиосы ортақол оқырман-тыңдарманның деңгейінен төмен тұрса, оны кім қарайды? Сауатсыз тобыр ғана. Ол тобырымыз да азайып келеді — қазақ қазір Фейсбуктегі арзан өсек-аяң мен тайыз дүниелер арқылы едәуір нәрсені игеріп алды. Өз басым қазақы арналарды мүлде қарамаймын: іштей тозасың.

Jas qazaq: «Адырна» деген журнал шығарасыз. Интернет дамыған, әлеуметтік желі жалпыласқан уақытта журнал шығару қиын болып жатқан жоқ па? Оқырманға қажетті дүниені табу, оны оқитын оқырман тауып жеткізу, т.б. түйткілдерін қалай шешіп жатырсыз?

М.Ақдәулетұлы: Өте қиын. Жылағаннан, бірақ пайда жоқ. Бірінші қиындық — жұрт кітап, әдебиет оқуды біржола қойды. Өзге түгіл, Одаққа мүшемін деп жүретін, демек, әдебиетке тікелей қатысы бар жазармандар «Жұлдызды», «Таңшолпанды», «Адырнаны» жаздырып алмайды. Ал мұғалімдер — қазақтың зиялы қауымы — мүлде кітап оқымайды. Қазақ әдебиетін қалай оқытатындарына күмәнім бар. Шамасы, олар мүгедек-оқулықтарды жаттап алып, балаларға айтып жүрген болар. Рас, мектепке, ұстаздыққа өмірін қалдықсыз арнап жүрген мұғалімдер бар, бірақ олар да өте аз. Екінші қиыны — әдебиеттің деңгейі құлдырап кетті. Татымды дүние азайды. Ал сегіз жүзден астам жазушы, тым құрыса, әдебиетке тілеулес мақала жазудан қалды. Дұрысында, олар қазіргі қазақы проблемалар, ұлттың өмірі, кем-кетігі, беттеген бақыты, барар жері туралы ірі-ірі мәселелер көтеріп, ұсыныс айтып жатуы керек қой.

Меніңше, одақ мүшелері көп те, жазушы өте аз. Сол қиын боп тұр. Өзгесі де жетеді. Мәселен, билік шынымен осы халықтың болашағына (қазақ боп қалмағына) алаңдаса, әдеби басылымдарға ерекше жеңілдік пен шынайы қамқорлық жасауға міндетті. «Рухани жаңғырудың» көкесі сонда болады. Қазақтың, әсіресе, қазақша сөйлейтін жұрттың отарлық кезеңде көп нәрседен кейін қалғанын ескеріп, жағдайды түгел зерделеп, бөлек бір бағдарлама жасап, қазаққа қажетті арнайы қамқорлық көрсетсе ғана мемлекеттік ұлттың рухани-мәдени, біліктік-интеллектуалдық деңгейі есепсіз өсері анық. Мәселен, «Адырнаны» асыра» деп бай инвесторларға міндеттеп қойса, оны бүкіл халық оқитын дәрежеге жеткізер едім…

Jas qazaq: Әлдебір телеарнаға берген сұхбатыңызда «Телеарналарды үлкен тұлғалар басқаруы керек. Мырқымбайлардың ойына не келеді, сондай хабар жасайды» депсіз. Қазіргі телеарнаға не жетіспейді?

М.Ақдәулетұлы: Білім мен білік, кәсіби деңгей жетіспейді. Ең бастысы — әр нәрсенің басын (әркімге нашар еліктей отырып) бір шалып, ешнәрсені кәсіби тұрғыда келістіре алмай отырғанына қарамастан, саясатты былай қойып отырып-ақ, үздіксіз жүргізіп, отыратын, ұлтты жаңаға, жақсыға бағыттайтын, ұлтты ағарту (просвещение), толық тану һәм белгілі деңгейге ұмсындыратын ірі бағдарлама БАҚ басшыларының ойына да кірмейді. Тіпті қазақы тележурналист нағыз қазақ тілін толық білмейді. Қажетті деңгей жоқ. Білімсіздік пен біліксіздіктен келіп креолданған қазақ тіліндегі мүгедектеу телеарна пайда болды. Міне, телеарналарыңыздың деңгейі. «Қазаққа жұмыс істеп жатқандығы…». Бір жаманы — бұл әзір түзелмейді. Себебі, ең басты зиянды нәрсе — «қазақбайский фактор». Барлық саланы жайлап алып, ұлт түгілі, мемлекетті әлсіретіп отырған, біз «айтуға ұялатын» фактор осы — «бай-байға, сай-сайға құятыны» сияқты көрінген дұрыс істі адам көргісіз ететін «қазақбайшылық қарым-қатынастар». Телеарналардағы кәсіби, интеллектуалдық шолақтықтан келіп, оның мәні, мазмұны ақсайды. Мұны ешкім сынамайды: «қазаққа бәрібір…».

Jas qazaq: «Алтын Орда» газетінде зиялы қауымның мінін теріп тұрып жазып едіңіз. Одан бері де он жыл уақыт өтіп барады. Бүгінгі зиялы жұрттың бойында қандай мін бар? Мағауиншылап айтқанда «Менің жауым – қазақтың жауы» дегендей, ұлт зиялыларында қазаққа жаулық қандай кемшілікті байқап жүрсіз?

М.Ақдәулетұлы: Бүгінде жұртты, ұлтты «жатқызып-өргізетін» зиялы қауым жоқ. Біз — ішінде өзім де бармын, тобырмыз. Бұрын болған. Барлық дәуірлерде қазақты оңға бастайтын, ізгі жолға салатын, терең зердесімен оны дұрыс бағытқа жетектейтін, керек болса, оның жоғын түгендеп, есесін сұрайтын зиялылар болған. Оны орыс отаршылары асқан шеберлікпен, біртіндеп жойды. Көнбегенін қудалады, шетқақпай қылды. Патша билік пен болыстыққа таластыра отырып, өз халқын аяуды білмейтін, парақор, есіл-дерті мал мен біреуді билеу (құл деңгейіне түсіру) болған тобырдың өкілдерін орнықтырды, білігі, намысы барды «банды» деп қудалады. Ал қызыл үкімет қазақтың ең таңдаулы бөлігін — «байлар мен молдаларды» түгел жойды, қарсы болғандарды «халық жауы» атандырып, құртып жіберді. Ең сұмдығы — соны қазақтың өз тобырының қолымен жүзеге асырды. Орысқа ұнағанның бәрі билікке келді. Қазақты зорлап орыстандыруға еңбек сіңіргендер де сол тобырдан. Мысал: айтулы қырғын тұсында өзбектен 7 адам, ал қазақтан 25 мың адам атылыпты. Бір елде, бір заң аясында отырып, осылай. Неге? Зиялы күштің түгел құрығандығының нәтижесі. Қазір жүргеннің 95 пайызы сол қараңғы, тексіз тобырдың өкілдері, олар Президентті де алдайды. Сауат пен білік кем, ойланарға ойы кем шарасыздар. Қазіргі зиялы еркін өскен ұрпақ арасынан шығып қалыптасады деп үміт етемін. Зиялы дегенде пәленбай атағы бар, жарнамасы бар, одан өзге түгі жоқтарды айтып отырғам жоқ. Ол уақыт та келер…

Jas qazaq: Бүгінгі қазақ мінезіне бойлап көрдіңіз бе? Мұны сұрап отырғаным, өткен аптада ғана әлдебір ломбардқа ақша салып, күйіп кеткендердің арасында үйін, көлігін сатып, ондаған миллион теңге ақшасын салған «тәуекелшілдер» бар екен? Бүгінгі жұрттың көзі ашық: бәрі оқыған-тоқыған, заңнан да хабары бар. Сонда да неге осындай жеңіл жолмен ақша табуға, тез байып кетуге құмар болып алды?

М.Ақдәулетұлы: «Жарлыдан байыған жаман» дейтін біздің шалдар. Күні кешеге дейін шағын бастықтың мәдениетті құлы болып келген қазақта бай қайдан болсын. Бастығы да бай бола алмады — Мәскеуден қорықты. Партиядан қорықты. Қызығы — коммунизм құлаған соң да басшылықта (үлкен-кішісінде) сол мал бағып, астық еккен халыққа мейлінше қатал қараған (зоотехник шопаннан малдың жағдайын ғана сұрап, зіркілдейтін, ал ауырып жатқан баласын машинасына мінгізіп, орталыққа ала кетуге қарсы болатын), жоғары бастыққа жанын құрбан етуге бар «бұрынғы басекеңдер» қалды. Рахат: енді баяғыша халық үшін жауап бермейсің, есесіне — қарпып қал! Осындай «өнегеден» өткен халық неге жеңіл жолмен баюға тырыспасын?!

Jas qazaq: Қазақ мінезі дегенде тағы бір нәрсе ойға орала береді. Әлгі ломбардқа алданғандар сияқты, қазір туған бауырлар бірін-бірі тақырға отырғызып кететін безбүйрек мінез дендеп бара жатқандай. Осындай тасбауырлыққа қалай жеттік?

М.Ақдәулетұлы: Келген капитализм қазақтың күллі ізгілігінің, парасатының, бәрі болмағанымен, едәуір бөлігін талқан етті. Жаппай жүргізілген «американизация жизни» қазақылықты түбі жойып бітер деген қауіп бар. Қазақ өз тәрбиесінен, өзінің болмысынан жерісе — осылай болады… …Жарар. Рахмет сізге.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жарас КЕМЕЛЖАН

"Jas qazaq"

Айдары: Бақ-бақ 27.05.2020 116

Қатысты мазмұн