
Кеше Алматы алаңында "Қаңтар оқиғасы" құрбандарын еске алып, олардың рухына арнап құран оқылды. Осы азалы митингіге "ескі" және "жаңа" оппозицияның лидерлерінің бәрі қатысты.
"Саясатпен шұғылданудың әсері жоқ" (пайдасы жоқ деп түсінсе де болады) деп, қазақ-қытай бірлескен кәсіпорнына 7-8 жыл бұрын кетіп қалған Болат Әбілев те азалы жиынға келді. "Ел тірегі" қозғалысының лидері Әлтаев әскери киім киген "ауғандықтарын" ертіп алаңға келді. Жалпыхалықтық құрылтай идеясы үшін «Ел тірегімен» тіресіп жүрген Тұрсымбаев пен Сәрсенбаев та, әбілязовшілер де, оларды жек көретін Мамай да Тәуелсіздік монументінің түбінен табылды. Сырттай қараған адамға бұған дейін өзара ырың-жырың болып жүрген оппозицияны қайғылы "Қаңтар оқиғасы" бір сәтте біріктіргендей көрінді... Бірақ бұл алдамшы көрініс екен. Олар сол баяғы бақастықтан арылмаған екен. Бірі сөйлесе, екіншісі оны көзімен алайып атып тұрды. Былай шыға бере оппозиция өкілдері бірін бірі жамандап, БАҚ-қа сұхбат беріп жатты. Болат Әбілевтің саясатқа қайта оралуын кезекті «саяси жоба» деп атап, оның осы жиынға келгенін жақтырмағандар да болды.
Әсілінде, саясаткерге және оның саяси күресіне тәуелсіз саясаттанушылар немесе сарапшы журналистер баға бергені жөн. Қазір саясаткерге өзін саясаткер санайтын екінші адам баға беретін жаман үрдіс жүріп жатыр. Шындығында, бірнеше тармаққа бөлінген оппозициялық топтардың бәрі - биліктің әр кезеңде құрған саяси жобасы. Бұл саяси жобаларды құру барысында "Арбаны көкке тартатын аққу, шөлге сүйрейтін шаян, суға қарай тартатын шортан" есепке алынған секілді. Осы қайшылық олардың басын ешқашан біріктірмейді. Тіпті оларды "Қаңтар трагедиясы" да біріктіре алмады.
Оппозициялық топтар билік секілді халықтан тым алшақтап кеткен. Соның салдары «Қаңтар оқиғасында» көрініс берді. Қалың нөпір халықты ырыққа көндіретін, олардың наразылығын әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағыттайтын саяси лидерлер көшбасшылық міндетін атқара алмады. Наразылық шеруді бейбіт аяқтаған аймақтарда да толқыған халыққа басу айтқан сол халықтың ішінен шыққан жергілікті белсенділер болды. Ал Қазақстанның оңтүстігіндегі толқулар кезінде алаң жұртты қайдан шыққаны белгісіз радикалдар жетекке алып кетті. Соның кесірінен бейбіт басталған митингінің соңы жаппай тәртіпсіздікке, ғимыраттарға өрт қоюға, бүлдіріп-сындыруға, полицияны ұрып-соғуға ұласты. Халық ішінде болған бір-екі танымал саясаткердің сөзіне ашынған халық құлақ асқан жоқ. Осы жағдай халық авторитет санайтын саяси лидерлердің жоқ екенін көрсетті. Қоғамдағы бұл проблема әлі өзекті мәселе болып тұр.
Ораз Әлімбеков