«Қаңтар қырғынын» зерттеу жаңа бағытқа ойысты. Сәләфизмге тиым сала ма?

none

Қайғылы «Қасіретті қаңтар» оқиғасының себебін анықтаудың бағыты өзгерді. Алғашында «Қанды қаңтарға» қатысы бар деп айыпталған «Йақын Инкар» ағымының аты бұдан былай айтылмайды. Қазақстан билігі «Қаңтар қырғынына» сәләфилердің қатыстылығы жөніндегі болжамның желісін тартып жатыр. «ҚМДБ басшылығы сәләфизмге тиым салуға қарсы, сондықтан сәләфизмнің қауіптілігі жөніндегі тезисті нақтылауды Дін істері комитетіне тапсырды, олар тапсырманы аймақтағы мешіт имамдарымен бірлесіп орындайды» деп хабарлады мүфтият маңында жүрген құпия дереккөз.

Дереккөздің хабарлауынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрі осы ведомствоға бағынышты Дін істер комитетінің филиал басшыларына 2022 жылдың 18 ақпанына шейін орындалуы тиіс тапсырма (формуляр) жіберген. Мемлекеттік қызметтің тәртібі бойынша филиал басшыларына комитет төрағасы тапсырма береді. Дереккөздің айтуынша, ол да Бас мүфти секілді сәләфилерге қарсы әрекет жасауға дәті бармай отыр. Сондықтан формуляр тікелей филиал басшыларына жолданды.

«Дін істер комитетінің филиал басшыларына!» деген тақырыппен жолданған формулярда спорттың жекпе-жек форматындағы түрлерімен шұғылданатын «спортшылар арасында деструктивті діни ағымдарға, (басым көпшілігі сәләфиттер) кіру фактілері орын алғаны» айтылған.

«Жетістікке жеткен спортшылар мен бапкерлердің жастарға ықпалын, əрі соңғылардың оларға еліктеушілігін ескере отырып, осы ортада алдын алу жұмыстарын жүйелеу маңызды. Бұл жерде сәләфизм идеологиясын ұстанушы спортшыларды оңалтумен қатар, дəстүрлі дінді ұстанатын жəне зайырлы көзқарастағы спорт мамандарын қарсы насихаттық жұмыстарға тартып, мемлекеттік əлеуметтік тапсырыс арқылы арнайы жобалар жасақтау қажет.

Соған байланысты, осы бағыттағы жұмыстарды талдап, ортақ тəсілдемелерді жасақтау мақсатында, сәләфи көзқарастағы спортшылар, олар шұғылданатын спорт түрлері, жастарды дінге тарту фактілері, түскен арыз-шағымдар, туындаған проблемалар және оның шешу жолдары, оң жұмыс тəжірибелері мен басқа да қызығушылық танытатын мəліметтерді бізге 18.02.22ж. дейін жолдауларыңызды сұраймыз» делінген формулярда.

Бұған дейінгі, яғни қаңтардағы қанды қырғыннан кейін іле-шала жіберілген формулярда «Таблиги Жамағаттың» бір тармағы саналатын «Йақын Инкардың» «қауіптілігі» жөнінде мәлімет беру тапсырылған. Дегенмен, «Қаңтар қырғынының» себебі ретінде қарастырылған бұл бағыт бойынша жасалып жатқан жұмыс тоқтатылды.

«Имамдар мен молдаларға және дін істері комитетінің сарапшыларына «Йақын Инкарды» еске салып, ұйым жөнінде бірауыз сөз айтуға тиым салатын деректива түсті, ендігі шаруа - сәләфилердің ісін майшаммен үңіліп қарау» дейді дереккөз. Оның ойынша, бұл өзгерістің өзара байланысты екі себебі бар. Қазақстанда экстремистік деп танылған «Таблиғи Жамағат» та, «Йақын Инкар» да Қырғызстанда емін-еркін уағызын жалғастырып жатыр. Қырғыз баспасөзінде ислами бұл ағымдарды бейбіт, ешкімге зияны жоқ екені жиі жазылды. «Қаңтар қырғынына» қатысты» деген айыппен қамауға алынып, тергеу изоляторында азапталған қырғыз азаматтарын босатып алған Қырғызстан билігі осы мәселеге орай Қазақстанға екі мәрте дипломатиялық наразылық нотасын жолдады. Сондықтан президент Тоқаевтың аузымен айтылған «терроршылар Орталық Азияның бір қаласынан ұшып келді» деген болжамды «Қаңтар қырғынының» себебі ретінде қарастыруды тоқтатты, оқиғаны зерттеу сәләфилерге қарай ойысты.

«Қаңтар қырғынына» қатысты Қазақстан билігінің көрші Қырғызстанға күдік келтіруі аймақта геосаяси басымдыққа ие Ресей үшін де қолайсыз. Аталған үш ел де Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты (ҰҚКШ - ОДКБ) ұйымына кіреді. Ресми Мәскеудің «Қаңтар қырғынына» байланысты позиция Қазақстан билігінің «Йақын Инкарды» жайына қалдырып, көзге көрініп тұрған желісі бар сәләфилерге қарсы әрекетке көшуге мәжбүрлеп отыр.

Ақпанның 11-і күні Ресейдің сыртқы барлау қызметінің директоры Сергей Нарышкин Қазақстандағы бүлікті бұрын Сириядан соғысқан лаңкестермен байланысты топтардың әрекеті екенін еске салды. Осы аптада Ресейдің Орталық Азия бойынша сарапшылары да Қазақстандағы «Қаңтар оқиғасына» сәләфилердің қатысы жөнінде болжам айтуды күшейтті. Бұл болжамның дәлелі бар. Сирияның шиғалық көзқарастағы диктаторы Башар Асад режиміне қарсы соғыс салған содырлар сәләфилік радикал идеологияны – «Ислам мемлекетін» құру идеясын басшылыққа алған болатын. Бұл діни-саяси күштің қолдаушылары АҚШ-тың сателлиттері – Парсы шығанағының оңтүстік-батысын орай орналасқан араб елдері екені мәлім. Түркия президенті Е.Ердоғанның ұлы Біләл Ердоғанның диктатор Башар Асад режимінің «оппозициясымен» ұрлықы мұнай саудасы бойынша тығыз байланыс орнатқаны, оның соғыста жараланған «халифатшыларды» Түркияда емдейтін арнайы аурухана жабдықтағаны баспасөзде жазылған. Біләл Ердоғанның Бекболат Тілеухан, Қайрат Сатыбалды, ағайынды Смановтар секілді қайраткерлермен тым етене қатынаста екені де анық. Тонның ішкі бауындай шатасып кеткен желінің бір ұшында «Дикий Арман» лақап атымен белгілі қылмыс әлемінің серкесі де тұр. Қазір қамауда жатқан «Дикий Арман» «Қаңтар қырғыны» қарсаңында Түркиядағы «қауіпсіз қонысын» тастап, өзімен бірге топ ертіп Алматыға келгені белгілі. Оның қанды оқиғаға қатысқаны жөнінде президент Тоқаев та күдіктінің атын атамай, іс-әрекетін ғана түстеп айтқан-ды. Кейін «Дикий Арманның» қарулы топ құрып, 24 бейбіт тұрғынды кепілде ұстап, ұрып-соғып, біреуін өлтіргенін Бас прокуратура өкілі мәлімдеді. Мәлімдемеде «Йақын Инкар» діни ағымының аты аталған жоқ. Бұл да «Қаңтар қырғынының» себебін зерттеудің жаңа бағытқа ойысқанын байқатады.

«Дикий Арманның» әрекетін жүйелей отырып «Қаңтар қырғынына» сәләфилердің кінәлі қылып шығаруға Қазақстандағы кейбір ислами ағымдар мен саяси кландық топтар да мүдделі. Мысалы, «Дін істер комитетінің филиал басшыларына!» деп аталатын формулярдың ережесіз жекпе-жек спорт клубтарына қарай бағытталып отырғаны бекер емес. «DAR Pro Team», «Арлан», «Тақтай», «Қосай» және басқа атаумен белгілі спорт клубтарын Өтемұратов, Шабдарбаев, Рақышев, Құлыбаев, Ақдырашев секілді олигархтар қаржыландарды. 2020 жылы «DAR Pro Team» клубының басшысы Алдияр Өтемұратов «Қазақстан ММА спортының Меккесі болуға лайық» деп мәлімдеген болатын. Әрине, саяси сипаты бар кландық топтарға төбелесуді жетік меңгерген спортшылар керек. Оларды саяси бәсекенің тетігі ретінде алаңда қолданудың «классикалық үлгісін» «Қаңтар қырғынында» «Дикий Арманның» әрекетінен көрдік. «Жаңа Қазақстан» құруға асыққан Ақорда президент тағына қауіп төндіретін осындай кландарды "бір оқпен екі қоян атқандай" қылып жуасытып, саяси пәпігін басып тастауды көздейтін секілді.

text

Сәләфилік идеологияға және осы діни көзқарастағыларға шүйлігуде әркім өзінің мүддесіне сай әрекет етіп жатқаны байқалады. Бір кездері билік тармақтарына еніп кеткен «зікіршілер» (Сенім.Білім.Өмір. РҚБ) деп аталатын сопылық ислами ағымның қазақстандық сәләфилерде өші қалып кеткен. 2010 жылдардың басында Бекболат Тілеухан тобының айтақтауымен құқық қорғау органдары «зікіршілердің» пірі Исматулла мен тариақтаттың екінші деңгейлі тақсырларын ұзақ жылға соттап, «Сенім.Білім.Өмір.» ұйымын сот шешімімен экстермистік деп танып, діни ағымның қызметіне тиым салған. Қазір Ақорда маңына топтасқан сопылық көзқарастағы шенеуніктер реванш алып, «зікіршілердің» сол бір кезеңде сәләфилерге кеткен есесін қайтаруға күш салып жатыр. Исматулла пір үшін жанын беруге даяр Зікірия Жандарбек «Абай.кз» порталының көмегімен сәләфилерге қарсы ақпаратттық соққы беруді күшейтті. Осы аргументтің бәрі Дін істер комитеті арқылы сәләфизмге тиым салудың саяси шешімін қабылдайтын Ақордаға жететіні анық.

«Қаңтар қырғыны» оқиғасын бас пайдасына жаратуға Серікбай Ораз, Қайрат Жолдыбай секілді діндарлар да талпынып жатыр. Мүфтият маңында жүрген құпия дереккөздің мәліметі бойынша, бұл екі діндар да сәләфилерден «зардап» шеккен. Үш жыл бұрын Бекболат Тілеухан тобының көрсетуімен құқық қорғау органдары Серікбай Ораз бен Қайрат Жолдыбайдың «жанды жерінен тырп еткізбей ұстап тұрып», бірін Бас мүфти қызметінен, екіншісін бас имамдықтан «өз еркімен» кетуге мәжбүрлеп, сәләфилердің ығын алуға бейім Наурызбай Өтпеновты ҚМДБ басшысы етіп «тағайындады». «Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың ақыл-кеңесінен соң жас кезінде ата-бабасының дінінен қапыда көжазып, адасып кеткен Мұхамеджан Тазабектің ханафи мазхабын мен матруди ақидасына қайтуы – Наурызбай қажының жұрт алдында авторитетін өсіруді көздейтін сәләфилердің арзанқол жарнамасы еді» дейді дереккөз...

Дереккөздің ойынша, дәл қазір Наурызбай Өтпеновты қызметінен тайдырып, Бас мүфти лауазымын иеленуге Қайрат Жолдыбайдың мүмкіндігі мол. «Ол президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқаратын досы Берік Уәлидің көмегімен мемхатшы Ерлан Қаринді айналып өтіп Тоқаевтың назарына ілікті. Енді оған «гүленшілердің қас жауы» Ердоған да кедергі келтіре алмайды» дейді дереккөз.

Дереккөздің ойынша, Қазақстанда сәләфизм діни идеологиясына тиым салу процесі екі этаптан тұрады. Құқық қорғау органдары сәләфизмнің қауіптілігі жөніндегі мәліметті жинастырады, осы уақыт аралығында ҚМДБ сәләфизмнің деструктивті жат ағым екені жөнінде пәтуа шығарып, сәләфизмге қарсы жағымсыз қоғамдық пікір қалыптастыруы тиіс. Содан кейін ғана прокуратура сәләфизмге тиым салу мәселесімен сотқа жүгінеді.

Әзірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов сәләфизмге қарсы батыл қадамға дайын емес. Сондықтан оны ҚМДБ секілді қоғамдық ұйымның ішкі ісіне араласуға қақысы жоқ саяси билік Қайрат Жолдыбаймен алмастырудың әдіс-айласын қарастырып жатыр. Наурызбай Өтпеновтың өзі Бас мүфтиліктен алдағы Ораза айт мерекесі күні «өз еркімен» кететінін айтқан. Дегенмен, оның сөзіне сенім жоқ, оның үстіне, Ақордаға «Қаңтар қырғынының» себебін тезірек қорытындылау керек – уақыт тапшы. Мұның бәрі Қазақстан билігі үшін «былай тартсаң - өгіз өледі, былай тартсаң - арба сынадының» керін келтіріп, қиындық туғызып тұр.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 16.02.2022 2812

Қатысты мазмұн