Қаңтар ереуілі: себеп пен салдар

none

«Қасіретті қаңтар» деп ат беріліп, айдар тағылғанымен тәуелсіз Қазақстанның тарихында қара әріптермен жазылатын бұл оқиғалардың нақтылы атауы әлі анықталып болған жоқ. Біреулер «халықтың бейбіт шеруі» десе, екіншілері «бұзақылардың бүлігі», ал қайсыбірі «содырлардың сойқаны» деп те жүр. Алайда бәрін өз орнына қоятын Ұлы мәртебелі – Уақыт деген бар. Күні ертең бүгіндері жазаланып жатқан жастар «Желтоқсаншылар» сияқты халық қаһарманы болып әспеттеліп жатса, оған таң қалатын ештеме жоқ. Себебі, осы жолы да билікке қарсы бас көтергендердің басым көпшілігі елдегі әділетсіздікке, төменнен жоғарыға дейін жайлап алған жең ұшынан жалғасу мен жемқорлыққа қарсы шыққан адал адамдар болғанына күмән келтірмеймін!

Болған іс болды, бояуы сіңді! Енді айдай әлемге айғай сап аттандасаң да, ертоқымыңды бауырыңа алып туласаң да ешнәрсе өзгерте алмайсың. Алдағы міндет – елімізді осындай жағдайға алып келген оқиғаның себебін анықтап, келешекте қайталанбауы үшін әрекет жасау болмақ. Ендеше, бір ғана өңір емес, аумағы әлем бойынша тоғызыншы орын алатын Ұлы даланың ұландарын жаппай наразылыққа шығарған не күш деген сауалға жауап табу аса маңызды.

«Шөлмек күнде сынбайды, бір күні сынады» дейді халық нақылы. Біздің пайымдауымызша, халықтың жаппай шеруге шығуының тамыры тереңде жатыр. Және ол бір күннің, немесе бір жылдың нәтижесі емес, тәуелсіздік алғалы елімізде орын алған олқылықтар мен жіберілген қателіктердің салдары деп ұққан жөн. «Сонда неден жаңылдық, қай жерде шалыс бастық?» – деген сауал алдымызда менмұндалап шыға келетіні ақиқат. Жалпы, әлемдегі толқулар мен төңкерістердің негізінде ең алдымен қоғамдағы әділетсіздіктің жататыны белгілі. Тереңге бармай-ақ, көп жылдар бойы көзге көрініп, көңілге қонақтап қалған қарапайым ғана мысалдарға жүгініп көрейікші.

Бұл ең алдымен қоғамды жайлаған жең ұшынан жалғасу мен жемқорлық, парақорлыққа қатысты. Біз нені көріп келдік? Елбасының өзі «Қазақстан экономикасының локомативі» деп атап көрсеткен құрылыс саласын алайықшы. Құрылысқа мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға кімдер иеленіп келді? Дұрыс айтасыз, ең алдымен қолында билігі барлардың үлесіне бұйырды. Тендерге қойылған қаржының белгілі бір бөлігі оны ойнатушылардың қалтасында қалатын.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының қомақты бөлігін құрайтын әрі стратегиялық маңызы зор салмақты сала. 30 жыл бойы мұнда жүргізілген түрлі эксперименттер еш нәтиже бермегенін байқау үшін сарапшы болудың қажеті жоқ. Оны еліміздің бүгінге дейін агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортына тәуелді екенін айтсақ та жеткілікті. Жұмыс жасап тұрған ұжымдық құрылымнан бас тартып, ауылды жекешелендіру жалпы халықты кедейлендіріп, жекелеген адамдардың алпауытқа айналуына әкеліп соққанын көріп отырмыз. Саланың тамырына қан жүргізу мақсатында жасалынып жатқан түрлі шаралар нәтиже берер емес. Мемлекеттік субсидиялар нақтылы тұтынушы – шаруа адамдарына жетпей, орта жолда қолды болып кетіп жатыр. Үлкен қаражат кімдерге, қандай жолмен бұйырып жатқанын анықтау онша қиынға соға қоймас деп ойлаймын. Өткен жылғы қуаңшылық кезінде ауыл шаруашылығына көмек ретінде бөлінген ақшаны жымқырып, істі болған Ақмола облысының сала басшыларының іс-әрекеті басқа өлкелерге де ортақ схема. Тек, көкшетаулықтардың жолы болмай қалды.

Халықтың тегеурінді қарсылығына жолықпағанда жеріміз де шет елдіктерге сатылып, қазақтар өз елінде «квартирант» бола жаздағаны да өтірік емес. Бұл сатқындық саясатты кімдер және не үшін жасап отырғанын білу үшін көріпкел әулие болудың қажеті жоқ шығар?! Өндірушілер мен тұтынушылардың арасында бағаның шарықтап өсуі, түк істемей шаш етектен пайдаға кенеліп жүрген делдалдардың қызметі жайлы Президент «Алтын Орда» базарындағы былық арқылы көрсетіп берді.

Экономикамызды шикізатқа тәуелділіктен құтқару үшін индустриализация жүргізу керек деп ұрандатқанымызға 30 жыл болды. Ал біз тіс шұқитын жаңқаға дейін қытайдан алып келеміз. Өнеркәсіп саласында Елбасының қатысуымен салтанатты түрде ашылған ірі жобалардың жұмыс жасап тұрғандары некен-саяқ. Іс бітті, қу кетті. Құрдымға құйылған қаржыны іздеген, қылмыскерлерді жазаға тартқан ешкім болған жоқ. Жемқорлыққа жетелейтін жүйеден еш жақсылық күтуге болмайтынын жұртшылық әлдеқашан түсініп болған.

«Қорғас ісі» деп аталатын әйгілі сот процесінде жауапқа тартылып, жазасын алған 45 адамның екеуі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковниктері болғанын кезінде жазған болатынмын. Қаңтар оқиғасы кезінде өкілеттілігі шексіз ҰҚК-і басшысының «Отанына опасыздық жасады» деген айыппен тұтқындалуы шектен шыққан сорақылық емей немене?! «Ет бұзылса тұз себеміз, тұз бұзылса не себеміз?!» – деген мәтел осындай шарасыздықтан айтылған болар, сірә. Және бұл полиция мен ҰҚК-не ғана емес, күштік құрылымдардың бәріне жұғысты екеніне ешкім шек келтірмейді. Оны қасіретті қаңтар тағы бір айғақтап берді.

Еліміздегі жоғары билік халықпен байланысын мүлдем үзіп алды деген пікір бар. Бұл – ақиқат! 30 жыл бойы жоғары билікте санаулы ғана адамдардың бір креслодан екіншісіне ауысып жүруін немен түсіндіруге болады?! Олардың білім-біліктілігі, атқарып отырған қызметіне адалдығы мен лайықтылығы өз алдына бөлек әңгіме. Соның ішінде көпшілікті аса алаңдататыны, билік мемлекетті құраушы ұлттың тіліне – мемлекеттік тілге менсінбеушілік танытты. Құжаттардың барлығы орыс тілінде әзірленіп, қазақшасы «Яндекс» аудармасы арқылы жүргізілді. Және оны ешкім оқымайтын да. Бүтіндей бір тәуелсіз мемлекеттің басшысы өз халқымен көрші мемлекеттің тілінде сөйлеседі дегенді қай жерден көріп едіңіздер?! Бұл қарапайым халықтың қитығына тимей қайтсін. Биліктің барлық деңгейіндегі трайбализм, қызметке орналасудың басты критерийі ретінде маманның іскерлігі емес, ата тегінің алдыға шығуы күнделікті тірлігіміздің заңдылығына айналғанын неге айтпасқа! Халық мұны да көріп отырды!

Қаңтар оқиғасы кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев батыл қадамдарға барып, еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалды десек те болады. Ал енді бүгіндері кейбіреулер айтып жүргендей сырттан әскер шақырғаны бекер болған жоқ. Ол сол кезде қабылданған дұрыс шешім болды деп ойлаймын.

Бүгінгі күні Президент нұсқауымен осы күнге дейін орын алып келген бірталай былықтың бетін ашылып, тәртіп пен әділеттіктің үстемдік алуына ықпал ететін нақтылы қадамдар жасалуда.

Еліміздегі байлықтың 50 пайызын иеленіп отырған 162 адамның кімдер екені халыққа әлдеқашан мәлім болған. Жә, онымен құзырлы мекемелер айналыссын.

Қасіретті қаңтарда бейбіт шеруді өз мақсаттарына пайдаланған үшінші күш елде бүлік жасап, жастарды арандатуға ұшыратты. Бұл жолғы күш қолданудың, жазықсыз құрбандардың қаншалықты дұрыс болғанын уақыт көрсете жатар. Бірақ, билік үшін бұл оқиға үлкен сабақ болуы керек деп ойлаймын.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының осы бағытта жасап жатқан жұмыстары әзірге көптің көңілінен шығады. Сөз бен уәде жеткілікті. Енді оны орындау керек. Ақырын күтейік...

Қуат Қайранбаев

Алматы қаласы.

Айдары: Дүрбі 25.02.2022 103

Қатысты мазмұн