«Хилтонға» кімнің көзі түсті?

none

Екі жылға жуық уақыт бұрын әлемге танымал «Хилтон» қонақүйлер желісі Алматыда да қонақүй ашқан еді. «Хилтон» қонақүйі бірінші кезекте ұзақ жыл бойы қалыптасқан аты мен бет-беделіне баса мән беретінімен, сол себепті қызмет сапасын жоғары деңгейде ұстауға ұмтылатыны белгілі. Сондықтан Алматыдағы «Хилтон» қонақүйі қысқа уақытта туристер мен қала қонақтарының арасында тез танылып үлгерді, 140 адамға тұрақты жұмыс беріп отыр. Бәрі тамаша секілді еді...

Бірақ соңғы кездері әлемге әйгілі компанияның Алматыдағы қонақүйінің басына қара бұлт үйіріле бастапты. Алдымен коронавирус індетінің кесірінен жарияланған шектеу енді ғана ашылып, жұмысы жолға түскен қонақүй бизнесін тұралатқан. Қала түгілі, әлем тарс жабық болған уақытта бірнеше ай бойы қонақ қабылдай алмаған қонақүй иелері банктен алған несиесін төлеу мерзімін де кешіктіреді. «Жығылғанға жұдырық», осылай уақытша қиналып қалған қонақүйдің қарызын банк аяқ астынан асығыс коллекторларға өткізіп жіберген. Ал олар өз кезегінде қонақүй мен оның бар мүлкін арзанға бағалап сатып жіберуге жанталасып жатқанға ұқсайды. Бұл туралы төменде кеңірек баяндаймыз. Алдымен о бастағы жағдайды айтып, ел президентінен араша сұрап, журналистерге жүгінген қонақүй өкілдерінің сөзіне кезек берейік.

«DoubleTree by Hilton Almaty» қонақүйінің Алматыдағы құрылысы 2016 жылы басталады. Кейін қонақүй басшылығы құрылысты уақытында аяқтау үшін ірі көлемде банктен несие алған. Қонақүй басшылығы карантин жарияланғанға дейін несиені уақытында, мерзімінен бір күн кешіктірмей төлеп келгенін айтады. Алайда, банк заңда көрсетілген 90 күндік межелі уақытты күтпей, түсініксіз себеппен борышкердің ісін дереу коллектор агенттігіне өткізіп жіберген. Міне, осы жерде үлкен дау басталады. Өйткені, коллекторлар қосқан бағалаушылар қонақүйдің құнын еш негізсіз бірнеше есеге арзандатып жіберген.

«Несиені былтыр жабылған «Capital Bank» 2025 жылға дейін берген және несие берілген кезде қонақүйдің құнынбнк 9 миллиард теңгеге бағалаған. Яғни, банк несие берерде қонақүйді кепілдікке алып, нақты бағасын бекітті. Сөйтіп қонақүй алаңсыз өз қызметіне кіріседі. Бірақ көп уақыт өтпей коронавирус індеті басталып, барлық қонақүй жабылды. Әлем бойынша елер арасында барыс-келіс тоқтады. Әрине, бұл жағдай қонақүй бизнесін шығынға батырды. Соның салдарынан қонақүй несиені төлеуді екі айға кешіктіреді. Бір қызығы, несиесін төлемей жүргендердің ісі коллекторларға үш айдан соң, яғни, 90 күннен соң беріледі. Ал банк болса, 90 күнге жетпестен, «Хилтон» басшылығының несиесін коллекторлық агенттікке өткізіп бере салған», - дейді адвокат Дмитрий Сазонов.

Былтыр президент Қ.Тоқаев локдаун кесірінен табысынан айырылған бизнес өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсету туралы үкіметке тапсырма бергені белгілі. Соған сәйкес өткен жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың арнайы қаулысы шыққан. Қаулы бойынша несие алған орта және шағын бизнес өкілдері үшін 2020 жылдың 1 қазанына дейін банктен жеңілдік ұсыну (отсрочка) бұйырылған. Бірақ үкіметтің бұл қаулысын ешкімнің елеп-ескермегенін, құлағына да ілмегенін көріп отырмыз.

«Осы арада проблемамыз көбейіп кетті. «Заңгер» коллектор орталығы өтінішімізге еш құлақ аспай отыр. Заң бойынша, несиесі бар кез келген адам оны уақытында төлей алмаса, оған мүмкіндік, жеңілдік беріледі. Мысалы, қалған қарызын өтеудің жаңа кестесі жасалуы керек.Ал қонақүйге мұндай мүмкіндікті бермей, бірден бүкіл қарызды жабуды талап етуде. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Ақшасы болса, қонақүйдің банктен қымбат несие алып несі бар? Қарызды бөліп төлеу арқылы ғана құтыла алады. Ал мүлікті бағалаушылар банктің өзі 9 миллиард теңгеге бағалаған қонақүйдің құнын 5 миллиард деп есептейді. Су жаңа қонақүй аз уақытта осылай арзандап кетеді дегенге кім сенеді?! Сөйтсек, олар қонақүйді 1990 жылғы ғимаратпен салыстырып бағалапты. Неге? Біз бұл жерде бөтеннің бизнесінен пайда көргісі келгендер көп деп санаймыз. Жалпы мүлікті бағалау саласында шикілік пен күмәнді тұстар өте көп. Жақында Ақбұлақта болған атыс та осының нақты дәлелі. Біз бұған қатысты сотқа арыз бердік. Алайда, судья Г.Рахымжанова түсініксіз себеппен сот өткізуден үш рет бас тартты» дейді адвокат.

Біздің ойымызша, қонақүйдің басындағы қаржылай қиындықты пайдаланып әлдебір пайдакүнемдер бөтеннің бизнесін иеленіп кеткісі келетін секілді. Осындай жолмен пайда тапқысы келгендер қонақүй бизнесін дөңгелетіп әкететініне, «Хилтон» қонақүйлер желісі секілді әлемдік стандартқа сай сапалы қызмет көрсететініне көзіңіз жете ме? Қонақүйде жұмыс істейтін 100 ден астам қызметкердің бір бөлігі мүгедек, зейнет жасына жақындаған жандар. Компания Қазақстан заңына сәйкес әрі өзінің әлеуметтік бизнес саясатына сүйене отырып әрқашан тұрмысы төмен немесе кемтар жандарды жұмысқа тартуға ұмтылады. Егер қонақүй зорлықтың күшімен арзанға бағаланып, сатылып кетсе тағы жүздеген адам жұмыссыз далада қалмақ. Онсыз да қымбатшылық пен індет қос өкпеден қысқан уақытта осындай әрекетке барғандардың ісін нағыз әлеуметтік экстремизм деп атауға болады. Және бұған құзырлы органдар мен құқық қорғау органдары айрықша назар аударуы керек. Мұның сыртында «Хилтон» секілді әлемдік қонақүйлер желісіне кіретін қонақүйдің төңірегіндегі осындай жағымсыз жайт Қазақстанның халықаралық беделіне де нұқсан келтіретіні сөзсіз.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 02.11.2021 243

Қатысты мазмұн