Еуропадағы екі қазақты шағыстырған кім?

none

Германия азаматы Өмірхан Алтын Қытайдан Қазақстанға қашып, бұл елде тұрақтай алмай Швециядан «саяси баспана» алған Сайрагүл Сауытбайды «алаяқ», «көкбет», «қазақты алдап кеткен опасыз, сатқын», «Пекиндегі Қытайдың қауіпсіздік қызметімен әлі байланысын үзбеген жансыз» және басқа да ауыр сөздермен айыптауды күшейтті. «Еуропадағы қазақ форумы» атты ұйымды басқаратын ол күнара бір видео мәлімдеме немесе жазба жариялап, Сайрагул Сауытбайдың «ел білмейтін құпиясын» әшкерелеп жатыр. Айтуынша, Сайрагүл Сауытбай Қытай билігінен қысым көрмеген. Ол Қазақстан азаматтығын алған күйеуі және екі баласымен Қорғас шекара бекетіндегі бейтарап сауда аймағында үнемі кездесіп тұрған. Күйеуі және балаларын Қазақстанға асырып жіберіп, Қытайда қалып қойған Сайрагүлдің өтелмеген 400 мың юань несиесі болған. Қытай билігінің Сайрагүлді шетелге шығармай қоюының себебі – осы.

Өмірхан Алтынның айтуынша, Сайрагүлдің арманы Қазақстанға келіп азаматтық алу емес, ол бала кезінен бастап Еуропаға, дәлірегінде, Швецияға қоныс аударуды армандаған. Сайрагүл сол арманына жету үшін қазақ халқын, Қазақстанды өзінің «арам» жоспары үшін пайдаланып алдап кетті.

Сайрагүл Сауытбай өзіне Өмірхан Алтынның жала жауып, қаралауын екі мәселемен түсіндіреді. Оның айтуынша, Өмірхан Алтын «Еуропадағы қазақ форумы» атты ұйымын және өзін жарнамалауды Сайрагүлден қылқылдап сұранып қоймаған. Ол Сайрагүл Сауытбай АҚШ-қа барап, сол елдің мемлекеттік хатшысы Пампеоның қолынан «Батыл әйел» сыйлығын алар тұста осындай өтініш айтқан. Бұдан басқа Сайрагүл Сауытбайдың тағдыры туралы батыс журналисінің көмегімен жазылған кітапта «Сайрагүлді Қытайдың қанды шеңгелінен құтқарып қалудағы Өмірхан Алтынның рөлі» ерекше сомдалуы керек еді. Мұның бірі де орындалмады. Сайрагүл Сауытбай АҚШ мемлекеттік хатшысына Еуропада тұратын әлдебір қазақтың – Өмірхан Алтынның «ерен еңбегін» ежіктеп айтып жатуды жөн көрмеген секілді. Сайрагүл туралы кітап жазған батыс журналисі де сетінеген жіп сияқты тақырыптан тысқары шығып тұратан мәселені – «Өмірханның Сайрагүлге жасаған жақсылығын» қосуды қаламады. Сайрагүл Суытбайдың айтуынша, Өмірхан «мені неге жарнамаламайсың» деп ызалынып қана жүрген жоқ. Ол әлемде Қытай компартиясының мүддесін қызғыштай қорғайтын «қытайдың жұмсақ күштерінің» ықпалына түскен. Қытайдың Шығыс Түркістандағы геноцидтік саясатын нақты фактілермен әшкерелеп жүрген Сайрагүл Сауытбайды Өмірхан Алттынның қаралап, оның қыр соңына түсіп алуы сондықтан.

Еуропада тұратын екі қазақтың айтыс-тартысының себебі қазақстандықтарды да бей-жай қалдырмады. Осы мәселеге қатысты құқыққорғаушы Ринат Рафхат көлемді пост жариялап, Сайрагүл мен Өмірханның өзара жауласуының тағы бір себебін жария етті. Оның ойынша, Өмірханды Сайрагүлге айдап салып, шағыстырып отырған – тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» ұйымының бейресми лидері Серікжан Біләшұлы. Құқыққорғаушы Ринат Рафхат сөзінің дәлелі ретінде Өмірхан Алтынның бұған дейінгі видео мәлімдемесінен бірнеше мысал келтірді. Серікжан Біләшұлы Өмірхан Алтынға Сайрагүл туралы «аға, мен сізге айтып едім ғой, бұл - алаяқ, сұмырай. Ана жақта қанша ел зардап шегіп өліп жатса, қамалып жатса бұған ештеме болмаған, соңғы уақытқа дейін ресми жұмыста болған, қолында қомақты ақша болған. Сайрагүл - Қытайдың ең сенімді адамы, Қазақстанға жоспарлы түрде жіберілген адамы» деп айтыпты.

Өмірхан Алтын Серікжан Біләшұлының Сайрагүлге қатысты өз жоспары барын да жасырмапты. «Өмеке, бұның (Сайрагүлдің – ред.) Қытайдың адамы екенін білем, бұл белгілі жобамен келіп жүр Қазақстанға. Ол бізді пайдаланбасын, біз оны пайдаланайық» деп қуланыпты С.Біләшұлы.

Оралман қазақтар арасындағы дау-дамайдың түпкі себебіне үңіліп, Сайрагүл мен Өмірханды шағыстырып жүрген Серікжан екенін білген құқыққорғаушы Р.Рафхат тіпті күйініп кетті. Ол С.Біләшұлына бірнеше сауал тастады. «Сәке, егер де осылай айтқан сөзіңіз рас болса, әу бастан Сайрагүлдің алаяқ екенін білсеңіз, не үшін қалың бұқарадан жасырдыңыз? Қаумалаған қазақ халқына ашып тұрып ашығын неге айтпадыңыз? Шындықты неге бүркемелеп қалдыңыз? Алаяқ адам екені рас болса, ол үшін жаны жайсаң адамдар жүйкелеріне қаншама салмақ салғанын қалай ұмыттыңыз? Қазақ халқы бір ауыздан «шекараны жарып өткен Аруана» деп қолдады емес пе? Неге жасырып қалдыңыз?» деді Р.Рафхат.

Құқықорғаушы Р.Рафхат Германия азаматы Ө.Алтынға да өкпесін айтып тастады. «Өмірхан Алтын аға, ірі болыңыз. Сіздің деңгейіңізге бұндай төмен болу жараспайды. Шетте жүріп бір-бірімен қырқысып, ауызына келгенін құсып жатқан қай ұлтты көрдіңіз? Ел ішіндегі қазақтар өз-өздері сыйыспай, бір-бірінің аяғынан шалып, жұлып жеп жатқанда, шеттегі қандастардың қызыл танау болып қырқысып жатқанын көру қандай ауыр еді. Әлде қазақ тек қана өзін-өзі тұқыртып, құрту үшін жаралған ба? Мың сан жерден дәлел келтіре алсаңыз да, сағатты артқа сырғытып, уақытты кері шегере алмайсыз. Сайрагүлді «Батыр әйел» атағынан айыра алмайтыныңызды да ұмытпаңыз» деп ескертті ол.

P.S. Бұл дау-дамайдан кейін «Сайрагүл қандай адам?», «Өмірхан аяқасты Сайрагүлге неге өштесіп кетті?», «Еуропадағы екі қазақтың ұрыс-керісінен Серікжан не ұтты?» деген сұрақ туындады. Олардың мақсат-мүддесі жөніндегі мәселе келесі мақаланың жүгі болады.

«S» сараптама орталығы

Айдары: Түтін 05.02.2021 347

Қатысты мазмұн