Elge qaitaru – Әбілев-Ержанов тандемінің PR-акциясы ма?

none

Биыл Қаңтар оқиғасынан кейін саяси сахнадағы қызметін қайта бастаған Болат Әбілев жазды Elge qaitaru деген қоғамдық қор құрғанын мәлімдеген болатын. Қордың алдына қойылған мақсат – президент Тоқаев күн тәртібіне қойып, бұған арнайы комиссия құрған активтерді елге қайтару. Яғни қор құрылтайшылары Болат Әбілев пен Оразалы Ержанов мемлекеттік комиссияға сенімсіздік танытып, бұл міндетті одан артық орындаймыз деп отыр.

Саясаттанушы Марат Шибұтовтың пікірінше, активтерді қайтару – өте күрделі процесс, ол тіпті ондаған жылға созылады. Кейбір мемлекеттер сонау 80-ші жылдары бұғатталған активтерін әлі ала алмай отыр. Бұл үшін көп ресурс керек. Ал қор өкілдерінде ресурс қана емес, қажетті машық пен тәжірибе жоқ. Оның үстіне, құрылтайшының екеуі де активтерді қайтару жағынан ерекше нәрсе тындырмақ түгілі, бәрін керісінше жасады.

Болат Әбілев кезінде басқасының ішінде жекешелендірудің есебінен байып, ықпалды коммерсант болған адам. 90-жылдары «Бутя капитал» инвестициялық-жекешелендіру қорын ұйымдастырып, ол кезде үкімет қазақстандықтарға таратқан жекешелендіру купондарының үштен біріне жуығын жинап алды. Оған 2 миллион салымшы сенім артты, бірақ адамдарға одан пайда келген жоқ. Әбілев ваучерлерді әр түрлі кәсіпорынның акцияларына айырбастап, кейін мұның бәрін акционерлерге білдірмей сатып, түскен ақшаны иемденген. Әрине, ол мұны жоққа шығарып, шығынға баттым дейді. Тіпті «Бутя капитал» қазақстандықтарға аз да болса ақшаны қайтарған жалғыз ИЖҚ екен. 2005 жылы Әбілевке қатысты ірі қаржы махинациясын жасады және $3,5 млн жуық салық төлеуден жалтарды деген айып бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс әлі жабылған жоқ.

Ол 2004 - 2011 жылдар аралығында бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бірде депутаттар пара берді деп мәлімдегені, бірде рұқсат етілмеген митингілер ұйымдастырғаны және полицейді қорлағаны үшін жазаланды. Сондай-ақ ол партияларға («Отан», «ҚДТ» ҚҰ, «Ақ жол», «Нағыз Ақ жол», «Азат») тез кіріп, тез шығатын әдетімен де танымал, – деп жазады Liter. 2022 жылы кезінде саясаттан кеттім деген мәлімдемесін ұмытып, Bizdin Tandau деп аталатын жаңа партия құратынын мәлімдеп саяси сахнаға қайта оралды.

Сарапшылардың арасында Болат Әбілев құрған активтерді қайтару қоры жай ғана PR-акция деген пікір басым. Бұл іспен шындап айналысу үшін жай ғана қор құрып қоймай, мықты заңгер, экономист, талдампаздарды жалдау қажет. Тәуелсіздік алғаннан бері үміті орындалмай келе жатқан халық әлеуметтік теңдік, ашықтық, әділдік тақырыбын ұнатады, сондықтан заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы популистік әңгіме айтып көп ұпай жинауға болатынын айдан анық.

Оразалы Ержановтың өмірбаяны да назар аударарлық. Кезінде ол ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, Қаржы вице-министрі, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы, «Халық банкі» АҚ төрағасының орынбасары, KEGOC вице-президенті, «Наурыз банк» АҚ басқарма төрағасы болған. Бірақ 2000 жылдардың басында «Наурыз банк» «қирап қалды». Ержановтың әріптесі, қаржыгер Григорий Марченко кейінірек айтқандай, «Наурыз банктің» банкрот болуының басты себебі - Ержановтың басқаруындағы қателіктер.

2005 жылдың қазанында Оразалы Ержановқа іздеу жарияланып, 2010 жылы наурызда Мәскеуде ұсталған. Оған ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, 3,4 млрд теңгеге жуық қаражатты жымқырды деген айып тағылды. 2011 жылы Ресейден экстрадицияланып, Алматыға жеткізілді. 2012 жылы экс-банкир бес жылға түрме жазасына кесілді.

Осылайша, өзінің жұмысын тиісінше атқара алмауынан шығын келтірген ешқандай активті қайтармаған Әбілев-Ержанов тандемі осындай аса күрделі процесті басқара ала ма?

Айдары: Дүрбі 27.09.2022 59

Қатысты мазмұн