Электоратты сендіре алмай аут кеткен Ауыт Мұқибек жер тепкілеп жатыр

none

Жетісу облысы бойынша бірмандатты округтен Мәжіліс сайлауына қатысып, оңбай жеңіліп қалған Ауыт Мұқибек «құласаң, түйеден құла» дегендей Конституциялық сотқа шағымданыпты. Шағымына жазған сөзі сөз емес. «Жетісу облысы бойынша учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің тең жарымынан астамы мектеп мұғалімдері» екен. Ауыттың ойынша, мектеп мұғалімдерін сайлау процесіне қатыстыруға болмайды деген заң бар-мыс. Осыған орай Жетісу облысында сайлауды қайта өткізуді талап етіпті.

Ауыт Мұқибек «Педагог мәртебесі туралы» заңға шұқшиғанда да ондыққа дөп тигізе алмай аут кетіп тұр. Ол заңда мұғалімдерді мәжбүрлемеу тұрғысында сөз қозғалған. Ақиқатында, мұғалімнің де еркі бар, қысқа мерзімді еңбек демалысын алып, комиссияға да мүше бола алады, сайлауда бақылаушы болуға да қақы бар. Ал сонда Ауыт Мұқибек жексенбі күні де мұғалімдерді үйге қамап қоймақшы ма?! Одан гөрі ол дауыс беру кезіндегі заңсыздықтарды тізіп, оны видеомен дәлелдеп сотқа шағымданбай ма? Әлде, ол «мен оралман қазақпын, билік оралмандардың бір өкілін Мәжіліс депутаты қылуға міндетті» деген демократияға жат сөзді айта алмай мысы құрып отыр ма?

Рас, Талдықорған өңірінде шетелден көшіп келген қазақтар баршылық. Бірақ олар Ауыт Мұқибекті «оралманның жанашыры», «біздің мүддемізді күйттейтін белсенді» деп есептемейді. Мұқибекпен салыстырсақ, «Атажұрт» ұйымының белсенділері оралмандар арасында одан мың есе беделді.

Патша көңіл Ауыт Мұқибектің оралмандарға деген ұстанымы да біртүрлі. Ол қарапайым халықпен қатар тұрып сөйлеспейді, аттан түспей төбеден қарап, бастықтарша бұқараға бұйыра сөйлегенді ұнатады. Сайлауалды үгіт-насихат кезінде түсірілген бір видео бар еді, сонда дөңбектей джипке бір қырындап отырып алған Ауыт Мұқибек көлігінен түспей ауыл ақсақалдарының шекесінен қарап бұйрық райлы сөз айтып бұтқа толып отырған. Әрине, осыдан кейін ақсақал қарттарды менсінбейтін Ауыт Мұқибекке халық қалайша дауыс береді?! Мүмкін, ол перғауындарша оралмандарды өзінің басыбайлы қауымы санайтын шығар. Олай ойласа, Ауыт Мұқибек қатты қателесіп жүр. Қазақтың саяси санасы жетілген, халық кімнің кім екенін бір қарап-ақ жазбай таниды.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 23.03.2023 141

Қатысты мазмұн