Экс-әкімді не үшін соттады?

none

2020 жылдың 10 желтоқсанында Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов «қызметтік өкілеттігін қызмет бабын пайдаланумен ұштастыра бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында аса ірі көлемдегі алаяқтық» (ҚК 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармақшасы) бабы бойынша 7 жыл түрмеге кесілді. Одан басқа осы іс бойынша төрт адам соталды. Оларға да ҚК 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармақшасы және ҚК 28-бабының 5-бөлігі («қылмыс жасауға көмектесу») бойынша айып тағылған: Қызылорда облысының экс-әкімінің бұрынғы орынбасарлары Мұрат Имандосов пен Марат Делмұханов 6 жылға, кәсіпкерлер Жеңісбек Ысқақов пен Азат Досмайылов 5 жылға соталды.

Сотқа себеп болған оқиға 2019 жылдың маусым айынан басталады. Осы жылдың 24 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс қаласы маңындағы қару-жарық қоймасында жарылыс болып, соның салдарынан қала тұрғындарының үй-жайы қирады. Зардап шеккендерге көмектесу үшін әр облыста қаржы жиналып, қайырымдылық акциясын ұйымдастырылды. Қызылорда облысы тұрғындарының бір күндік жалақысын Сапура Абдрахимова басқаратын «Сыр Мейірімі» қорына жинақталды. Қуанышбек Ысқақовқа «қорға жинақталған 80 млн теңгені 4 құрылыс компаниясына бөліп аударып, соның 68 млн теңгесін қолды қылып кетті» деген айып тағылған. Тергеуші бұл іс бойынша Имандосов пен Делмұхановты Қ.Ысқақовтың тапсырмасын орындаушы ретінде, «қылмыс жасауға көмектесуші» ретінде қарастырған. Ал Қуанышбек Ысқақовтың студенттік кездегі курстас досы Жеңіс Ысқақов пен інісі Азат Досмайыловты 4 құрылыс компаниясының есепшотынан шығарылған ақшаны экс-әкімге жеткізіп беруші деп көрсетуге күш салды. Сондықтан 4 айыпталушыны қамауға алды да, «Қ.Ысқақовтын айыбын мойынан қоюға көмектеседі-ау» деген екеуін – М.Делмұханов пен Ж.Ысқақовты бір-екі күннен кейін түрмеден үйқамаққа шығарды. Дәл солай болды да. Екеуі тергеу органының ығына жығылып, түсініктемесін бірнеше мәрте өзгертіп, болмаған оқиғаны болды деп, Қ.Ысқақовты қалайда айыпты етуге тырысты.

Экс-әкім Қ.Ысқақовқа қарсы қозғалған қылмыстың іс о бастан құқықтын негізге сай емес, саяси сипатта болғанын оқиға желісінен көреміз. Алдымен «Сыр Мейірімі» қорының басшысы Сапура Абдрахимова (осы іс бойынша сотта «жәбірленуші» деп танылған) 2020 жылдың 26 наурыз күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасымен өзімен бірге жасырын жазу құралдарын алып, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың кабинетіне кіреді. Оның қасында әкімдіктің заңгері отырды. Сапура Абдрахимова 80 млн теңгені әлгі 4 құрылыс компаниясына құжатсыз аударғанын, бірақ ондай тапсырманы әкімдіктен алғанын айтып сөз бастайды. Бұл мәселеге қатысы болмаған (таспаға жазылған әңгімеде әкімнің С.Абдрахимова айтып отырған қайырымдылық қор қаражатынан түк хабары жоқ екендігін байқауға болады) облыс әкімі «кім тапсырма берсе де, құжатсыз ақша аудармаймын деп отырып алмадыңыз ба, тым болмаса кейін сол құжаттарды тапсырма берген адамнан сұратып алмадың ба» деп, енді бұл мәселе бойынша тиісті құқық қорғау органына шағымдануға кеңес береді. Осы кездесудің артынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс әкімі Қ.Ысқақовқа айып тағып, үйқамаққа алды. Бұл 26 наурыздың кешінде болған оқиға. Ертесіне, яғни 2020 жылдың 27 науырызы күні облысқа Гүлшара Әбдіхалықова әкім болып тағайындалады.

Бұдан кейін Қ.Ысқақовты «Сыр Мейірімі» қорымен байланыстыруға, қордан құрылыс компанияларына аударылған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысын және ақшаны иемденіп кетуін «дәлелдеуге» кірісті. Тергеушінің сотқа ұсынған «дәлелі» фактіге негізделмеген, «анау бүйтіп айтты, мынау сөйтіп айтты» деген құрғақ ауыз сөзден аспайды. Оның себебі мынада: Қуанышбек Ысқақовты немесе оны інісі Азат Досмайыловты немесе оның курстасы Жеңісбек Ысқақовты бір пакет ақшамен ұстап алған факт жоқ. Керісінше, Қ.Ысқақовтың «Сыр Мейрімі» қорына, онда жиналған қаражаттың 4 құрылыс компаниясына аударуға тапсырма бермегенін, есепшоттағы қаражаттың қол-қол ақшаға ауыстырылмағанын дәлелдейтін құжат жеткілікті. Мысалы, бюджет саласы қызметкерлерінің бір күндік жалақысын «Сыр Мейірімі» қорына жинақтау өкімі 25 маусымда түседі. Ұсынысты «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ш.Әлназарова жасаған. Ол сол кездегі облыс әкімі аппаратының басшысы М.Делмұхановқа Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Қызылорда облысы тарапынан қаржылай көмек беру мақсатында облыс бойынша барлық мекеме қызметкерлерінің бір күндік жалақысын аударуға қолдау көрсету туралы (25.06.2019. №SQ- 1212-19/318) хат жолдайды. Бұл кезде Қуанышбек Ысқақов облыс әкімі де, облыс әкімінің міндетін атқарушы да болмаған. Ол облыс әкімінің экономика, бюджет саласымен айналысатын орынбасары еді. Сондықтан қайырымдылық қорына, қорға жинақталған қаржыны жұмсау оның құзіретіне кірмейтін. Себебі, Қ.Ысқақов облыс әкімі болып 2019 жылдың 28 маусымының кешінде тағайындалған, алдағы екі күн демалыс болғандықтан, ол қызметіне 1 шілдеден бастап кірісті. Солай бола тұра, тергеу мәліметінде Қ. Ысқақовтың 25 мауысымда «Сыр Мейрімі» қорына ақша жинау туралы облыс әкімінің орынбасары А.Рүстемов арқылы Абдрахимоваға тапсырма бергізгені айтылады. Бұл ақылға қонымсыз нәрсе. Себебі, Қ.Ысқақов ол кезде бар болғаны Р.Рүстемов сияқты Көшербаевтың орынбасары ғана, екеуінің дәрежесі бірдей, Рүстемовке тапсырма беретіндей оның құзіреті жоқ болатын.

Тергеу мәліметтеріне қарап отырсақ, сол кездегі облыстық құрылыс басқармасының басшысы М.Алсериков тамыз айында «Сыр Мейрімі» қорына жиналған 80 млн теңгені «Бақ-Береке 2030», «Сәт-Сервис», «Абу-Сер» және «Сапақ» құрылыс компанияларына 20 млн теңгеден бөліп аудару жөнінде тапсырма берген. Бұл компаниялар ол кезде Қызылорда облысы атынан Түркістан қаласындағы «Шығыс моншасының» құрылысын жүргізіп жатқан. Себебі, 2018 жылы Президенттің жарлығымен Түркістан облысы құрылып, әр облысқа Түркістан қаласында бір ғимыраттан салу міндеттелген. Ал тергеу материалында Қ.Ысқақов өзінің орынбасары Имандосов арқылы осы тапсырманы бергізгені айтылады. Мұны Имандосов жоққа шығарады, себебі ол сол кезде апат болған аймақты қалпына келтіруі ісімен Арыс қаласында жүрген.

Шынтуайтында, Арыстағы жарылыс салдарын жою үшін жиналған 80 млн теңге осылайша басқа мақсатқа жұмсалып кеткенін «Багам Аудит» аудиторлық компаниясының тексеріс қорытындысында ( 20.04.2020) көрсетілген. Осыған сүйенген сот-экономикалық сараптамасында (№908 - 6.05.2020) «Сыр Мейірімі» қорынан 4 құрылыс компаниясына аударылған 80 млн қаражаттың Түркістан қаласында салынған «Шығыс моншасының» құрылысына жұмсалғаны нақтыланған. Сондай-ақ, «Багам Аудиттің» тексерісі 4 компанияның да есепшотынан қаражаттың қолма-қол ақшаға айырбастау операциясының болмағанын дәлелдеді.

Тергеу материалында аталған 4 компанияның әрқайсысы 20 млн теңгеден 3 млн салық төлеп, қалған 17 000 000 (он жеті миллион) теңгені «Бақ-Береке 2030» ЖШС-ның директоры А.Ерназаровтың қолына жинап, жинақталған 68 млн теңгені қолма-қолға ақшаға айналдырғаны айтылады. Егер осылай болды десек, онда 4 компанияға құжатсыз 80 млн теңге аударған «Сыр Мейірімі» қорының басшысы С.Абдрахимова мен сол ақшаны жылыстатқан А.Ерназаров неге қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды? Әлде мұнда басқа гәп бар ма? Шындығында, ақшаның 4 компанияның әрқайсысының есепшотынан 17 млн теңгеден қолма-қол ақшаға ауыстырылғанын банк операцияларын тексерген «Багам Аудит» аудиторлық компаниясы жоққа шығарып отыр. Бұл аудитордың сотқа ұсынған сараптамасында нақты дәлелмен көрсетілген. Пакет немесе қорапқа салып, ары-бері тасып жүрген 68 млн теңгенің болмағанын кейінгі оқиғалардың желісінен көрініп тұр. Тергеу болжамында айтылған А.Ерназаровтың 68 млн теңгені Жеңісбек Ысқақовқа бергені жөніндегі мәлімет дәлелсіз. Ал Жеңісбек Ысқақов соншама мол ақшаны көше бойында тұрған иесіз машинаның ішінде тастап кетіпті-мыс. Болжам бойынша оны Қ.Ысқақовтың інісі Азат Досмайылов алып, діттеген жеріне жеткізген. Ал Жеңісбек Ысқақовтың өзі ақша салып кеткен машинаның түсін де, маркасын да анық білмейді. Бірде «көк», бірде «қызыл» дейді және машина маңынан Досмайыловты көрмегенін айтады.

Бұл жерде ерекше атап өтетін бір жайт бар: Азат Досмайылов жоғарыда аталған 4 компанияға мүлдем қатысы жоқ, өз алдына жүрген кәсіпкер. Ол Қуанышбек Ысқақовтың інісі болғандықтан экс-әкімді айыптаудың, дәлірек айтсақ, қысым көрсету үшін таңдалған фигура секілді. Ол кейін Жеңісбек Ысқақовтың жалған көрсетімінің құрбаны болып, сотталып кетіп отыр. Ал Ж.Ысқақовтың тергеуге мың құбылып берген көрсетімінен оның тергеу органына әлдебір себеппен кіріптар болып қалғанын байқаймыз. Сондықтан, тергеушілер «қолдан қолға ақша берудің Досмайылов қатыстырылған» эпизоды прокуратураға сенімсіз болып көрінгендіктен Жеңісбек Ысқақовты басқа бір оқианың желісіне қосып, Қ.Ысқақовтың «68 млн ақшаны иеленіп кеткенін» жанама тәсілмен дәлелдемекші болды. Бірақ, оның да нәтижесі "жаптым жала, жақтым күйе" болып шықты - мардымды дәлел табылмады..

Әдетте Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі әлдебіреуге қарсы іс қозғар алдында оны пара алу үстінде ұстап, айыпты бұлтартпайтын факт - аудио-видео-фото арқылы негіздеп тастайды. Ал бұл қылмыстық істе біреудің екіншіге ақша беріп немесе алып жатқанын дәлелдейтін фото-видео факт туалай жоқ. Оның себебі белгілі: қылмыстық істің желісін құру Қуанышбек Ысқақов үйқамаққа алынған соң, яғни 2020 жылдың 25 науырызынан кейін басталған. Тергеуші өзінше болжам жасап, соған 2019 жыл болып кеткен оқиғаларды сәйкестендіріп қылмыстық істің сұлбасын құрған. Ол Қуанышбек Ысқақовты айыптауға мардымды факт таппаған соң, құр сөзден тұратын әрі алғашқысы соңғысымен сәйкеспейтін көрсетімдерді «дәлел» ретінде ұсынады. Есесіне, әлгі көрсетімдерді мүлде терістейтін куәлардың сөзі, адвокаттардың сотқа ұсынған құжаттары, нақты фактілер есепке алынбады. Бұл оқиға тергеу органының істі біржақты, қалайда Қ.Ысқақовты айыпты ету мақсатын көздеп жүргізген қасақана сорақылығының айғағы ғана емес, заңдылықты қадағалаушы прокуратура мен әділдікті қалпына келтіруші судьялар корпусының беделіне нұқсан келтіріп кетті...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 06.01.2021 725

Қатысты мазмұн