Думан Мұхаметкәрімнің жоспары қандай

none

Биыл саяси белсенділігін арттырып, ақыры тергеу изоляторына қамалған Думан Мұхаметкәрім туралы оқырман не біледі? Оның көздеп жүрген мақсаты қандай? Мұны түсіну үшін оның өткен жолы туралы ақпарат берілген qazpolit сайтындағы материалға назар аударса болады. Думан Мұхаметкәрім 1978 жылы 9 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы (қазіргі Абай облысы) Үржар ауданы Үржар ауылында дүниеге келген. Думан Мұхаметкәрім еңбек жолын тілші болып бастады: әуелі Семейдегі аймақтық телеарнада, кейін «Астана» ТК және «Қазақстан» РТРК-да жұмыс істеді. Радиода да жұмыс істеді. 1998 жылы Мұхаметкәрім Әкежан Қажегелдин басқаратын ҚРХП-ға кірді.

Мемсектордан шыққан таксист

Мұхаметкәрімнің үлкен журналистикадан дәл қашан кеткені белгісіз. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, Көкшетау қаласында оның атына ЖК (жеке кәсіпкер) тіркелген, оның негізгі қызметі автомобиль және жеңіл автокөліктерді жалға беру болған. Бұл фактіні 2017 жылдың шілде айында болған сот процесі де растайды. Ол кезде Мұхаметкәрім Қабдылманов С.Н. деген адамнан 2016 жылғы 31 наурыздағы жалдау шарты бойынша «LADA 21725-055-31» маркалы, мемлекеттік нөмірі 896 HSA03 автокөлігін жалға алу үшін 216 000 теңге сомасында төлемақыны өндіріп алған.

ЖК-нің қосымша қызмет түрі такси қызметі болды. Сондықтан да болар, Думан Мұхаметкәрім өзінің ресми өмірбаянында «билікті және қалыптасқан жүйені сынауды тоқтатқан емес» - бұл Қазақстан такси жүргізушілерінің кәсіби ерекшелігі.

«Азаттық» хабарлағандай, Думан Мұхаметкәрім аз уақыт Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болған, ал 2021 жылы Думан мемлекеттік қызметтен кеткен. Бірақ Мұхаметкәрім 2013 жылы әкімдікте жұмыс істеді, яғни оның «мемлекеттік саладан кетуіне» дейін әлі жеті жыл уақыт болған, бірақ «Азаттық» радиосы ақпаратты манипуляциялаудың шебері емес пе: «таксист-оппозиционер» деген онша әсерлі естілмейді. «Мемлекеттік сектордан шыққан оппозиционер» салмақтылау.

Мұхаметкәрімнің айтуынша, ол 2019 жылы «Не дейді» YouTube арнасын ашқан, ал «Азаттық» хабарлағандай, бұл 2021 жылы болған. Іс үзіндеі бұл арна 2015 жылы тіркеліп, Мұхаметкәрім ондағы алғашқы видеоларды 2020 жылы жариялай бастаған. Бірақ оны көрудің саны мыңнан аспаған, кейде көрермендер саны үш жүз адамнан аспайтын. Жағдай 2022 жылғы қаңтар оқиғасы күндерінде өзгерді: 4, 5 және 6 қаңтарда Мұхаметкәрім «Қанды қаңтарды оқиға орнынан көрсетті». Кейін алаңда қаза тапқандардың туыстарымен сұхбат жазып, тәртіпсіздіктен кейін ұсталғандар туралы материалдарды жариялай бастады.

«Думан Мұхаметкәрім журналистік қызметімен қатар саяси белсенділікпен де айналыса бастады. Ол өз эфирінде билікті ашық сынады. Өткен жылдың қарашасында (2022 ж. – еск.) кезектен тыс президент сайлауы қарсаңындағы эфирінің бірінде журналист бұл саяси науқанның заңсыз екенін айтып, халықты бейбіт митингіге шығуға шақырды. Сол үшін ол «бейбіт жиындарды өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл оның бірінші тұтқындалуы еді.

Мұхаметкәрім биыл наурызда өткен Парламент сайлауында да белсенділік танытты. Ол өзі тұратын Алматы облысынан Мәжіліс депутаттығына кандидатурасын ұсынды. Алғашында аумақтық сайлау комиссиясы оны «сегіз ай бойы еш жерде тіркелмеген» деген желеумен кандидат ретінде тіркемеген. Алайда журналист комиссияны сотқа беріп, ақыры кандидат куәлігін алып, сайлауға қатысты. Орталық сайлау комиссиясының ресми қорытындысы бойынша ол мәжіліске өтпеді», - деп жазады «Азаттық».

2022 жылдың желтоқсан айында Динара Егеубаева, Думан Мұхаметкәрім, Әлнұр Ілияшев және «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арайлым Назарова бір мандатты округтердегі Мәжіліс сайлауына қатысу үшін «Алтыншы Қаңтар» блогын құрды. Думан Мұхаметкәрімнің сайлауалды бағдарламасы сонылығымен ерекшеленген жоқ: бар болғаны манипуляциялық ұрандар мен популистік мәлімдемелер болды.

Ресми қорытынды жарияланғаннан кейін Мұхаметкәрім сайлау нәтижесін мойындамайтынын және митингке шығатынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ басқа адамдарды сайлаудың нәтижесіне наразылық білдіруге үндеді. Осыдан кейін журналист үш рет, әр жолы 25 тәулікке қамауға алынды. Көктемде кезекті рет бостандыққа шыққаннан кейін ол «билік оның 61 күнін ұрлағанын, бірақ ол әлі де айтқанынан бас тартпайтынын, халықты митингіге шақыра беретінін» мәлімдеді. Қамауда болғанда ол бірнеше рет аштық жариялаған. 2023 жылдың маусым айында Думан Мұхаметкәрімнің екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. Ол «Тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу» (ҚР ҚК-нің 405-бабы, 2-бөлігі) және «Экстремизмді қаржыландыру» (ҚР ҚК-нің 258-бабы, 1-бөлігі) баптары бойынша күдікті деп танылды.

Таксист-ютуберге қатысты қылмыстық іс қозғалғаны 2 мамырда белгілі болды. Ол кезде Мұхаметкәрім «бейбіт жиындарды өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен әкімшілік қамауда жатқан болатын. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтың айтуынша, Думан Мұхаметкәрімге қатысты екі қылмыстық іс те «қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен болған сұхбатқа байланысты» қозғалған. Соның бірінде «ҚДТ ұйымына қатысты шоттың нөмірі көрсетілді».

9 тамызда Ирина Петрушованың «Республика» басылымы редакцияға Думан Мұхаметкәрімнен тергеу изоляторынан жазған хат келгенін хабарлады.

«Егер Тоқаевқа қан керек болса, оны алады» - деп жазған Мұхаметкәрім өзіне тәулік бойы бақылау жасалатынына қарамастан, жолын тауып, наразылық ретінде саусағын кесіп тастайтынын, кейін оны Ақордаға жіберетінін ескертті.

«Егер Тоқаев қорықпаса, мені заң бойынша тұрғылықты жеріме ауыстырсын, кінәмнің дәлелін тапса, 10 жылға түрмеге отырғызсын, ал айып жалған болса, босатсын!» - деп жазды Мұхаметкәрім.

22 тамызда Думан Мұхаметкәрімнің адвокаты Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырған оған барып, «жексенбі күні Думан саусағын кеспек болғанын, бірақ оған мұны соңына дейін жасауға рұқсат бермегенін» айтты. Мұхаметкәрімнен «тергеу изоляторының пікірінше, зиян келтіруі мүмкін барлық құралдар» алып қойды. Нұрпейісов айтқандай, «Думанның өзіне зиян келтіруге тікелей ниеті жоқ».

Адвокаттың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап, Мұхаметкәрім қайтадан аштық жариялайды - ол Талдықорған тергеу изоляторынан Алматыға ауыстыруды талап етеді. Тергеудің өзі тағы бір айға ұзартылды.

Айдары: Дүрбі 31.08.2023 104

Қатысты мазмұн