Динара Егеубаева неге «шетел агенті» болып кетті?

none

2023 жылдың 20 қыркүйегінде ҚР Қаржы министрлігі 240 ұйым мен жеке тұлғаны «шетел агенті» деп жариялады. Олардың көпшілігі сауда-саттықпен шұғылданатын компаниялар, арасында ақпарат құралдары мен журналистердің аты аталды.

«Шетел агенттері» реестрін АҚШ баяғыда жасаған, батыс елдерімен саяси-идеологиялық текетіреске көшкен Ресей 5-6 жылдан бері «шетел агенттері» туралы заң нормасын қатайтты. Ресейдегі «шетел агенттері» тізіміне кіргендердің көбісі оппозиция өкілдері және Кремль саясатына сын көзбен қарайтын журналистер. Ресей билігі оларға түрлі деңгейде шектеу қойып, сөз бостандығын басып-жаншу үшін пайдаланып жатыр. Ресейдің кейбір журналистері мен қоғам белсенділері өзінің «оппозицияшыл бәсін» халықаралық қауымдастық алдында арттыру үшін «шетел агенті» болғанын мақтан тұтады. Осы бір саяси текетірестің ауаны күшейген тұста Қазақстанның да «шетел агенттері» тізімін жариялауы қазақ қоғамы ішінде түсінбестік туғызып, беймаза көңіл-күй қалыптастырып тұр. Шындығында қалай, Қазақстандағы «шетел агенті» деген кім? Ол шынымен Қазақстан билігінің «бітіспес жауы» ма? Олар неге «көзге шыққан сүйелдей» болды?

Қазақстандағы «шетел агенттері» тізіміне қарап отырсақ, бірінші ерекшелік мынада: Қазақстанның Әділет министрлігінде дербес компания (ұйым, қор) ретінде тіркеліп шетелден қаржы алатын ұйымдар, Қазақстан азаматы бола тұра шетелден өзінің есепшоты арқылы қаржы алған адамдар «шетел агенті» тізіміне енген.

«Шетел агенті» тізіміне кірген коммерциялық компаниялардың қатарында дәрі-дәрмек, көлік шамдарын сатумен шұғылданатын фирмалар көп. Сондай-ақ, шетелдік алып компаниялардың Қазақстандағы өкілдіктері де «шетел агенті» саналады. Мысалы, ресейлік «Газпромның» өкілдігі де, «Киевский витаминный заводтың» да, «Жамбыл табиғат» секілді халықаралық табиғат қорғау қорларының бөлімшелері де «шетел агенті» тізімінде тұр. Қарап отырсақ, шетелден қандай да бір қаржы алатын компаниялар мен ұйымдардың бәрі осы тізімде бар. Сондықтан «Интерньюс», «Рейтер» секілді шетел ақпарат құралдары мен «Ар.Рух.Хак», «Қадыр-қасиет» және Е.Жовтис басқаратын «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюро» секілді құқық қорғау ұйымдары да тізімге кірген. Бұл ұйымдардың шетелдегі халықаралық қорлардан грант түрінде қаржыландырылатыны белгілі.

«Шетел агенті» тізіміне «Мәлім Медиа» ЖШС де енгізілген. Бұл ЖШС журналист Руслан Ербота басқаратын «Мәлім.кз» сайтына иелік етеді. Яғни, Қазақстан билігімен етен жұмыс істейтін «Мәлім.кз» ақпарат порталы да бір кездері шетелдік қорлардан грант алған деп топшылауға болады. Дегенмен, «шетел агенті» тізіміне Р.Ерботаның өзі кірмеген, сірә ол өзінің есепшотына шетелден тікелей қаржы алмаған сияқты. Дәл осы сияқты құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, Евгений Жовтис секілді шетел қаржысымен өмір сүріп жатқан талай адамның тізімге кірмей қалғанын түсіндіруге болады.

«Шетел агенті» тізімінде жеке тұлға ретінде Г.Кужеева, С.Пак және Д.Егеубаеваның ғана есімі аталған. Алғашқы екеуінің не үшін, қандай жағдайда «шетел агенті» атанғанын білмейміз. Ал журналист Динара Егеубаева шетелдік қорлардан тікелей өзінің есепшоты арқылы қаржы алып отырған секілді. Себебі оның бауыры Айдар Егеубаев бұрын Құлыбаев-Назарбаеваның «Almex» холдинг тобына» қарайтын еншілес компанияларда жұмыс істеген. Ол кейін шетелден қаржыландырылатын «Транспаренси Қазақстан» атты қордың құрылтайшыларының бірі болды. Онымен бірге «Транспаренси Қазақстанның» құрылтайшылары тізімінде тұрған Воронов, Жовтис, Қожахметов, Шишкин, Ержанов секілді белсенділер «Сорос» және басқа да шетелдік қорлармен тығыз байланыста. Динара Егеубаева осы туыс-таныстықты пайдаланып, өзінің жеке есепшоты арқылы қаржы алып тұрған, сондықтан ол да «шетел агенті» тізіміне енгізілген деп болжам жасауға болады. Оның үстіне Д.Егеубаева өзінің Норвегия-Хельсинки Комитетінен (НХК) қаржы алатынын және өткізіп жүрген онлайн-марафондарына тікелей қаржылай көмек көрсетіп жүргендігін ашық айтады.

Әрине, таза экономикалық-коммерциялық немесе экологиялық сипаты бар ұйымдарды «шетел агенті» тізіміне қосу қаншалықты дұрыс яки бұрыс екенін талқылап жатпаймыз. Ал идеологиялық сипаты бар, Қазақстанның ішікі саяси өміріне әсер етуді көздейтін ұйымдар мен тұлғаларды тізімге енгізудің алғышарты кейбір заң нормасымен бекітілген. Бұл конституциялық құрылымның қауіпсіздігін сақтау үшін жасалған шара. Мысалы, саяси партиялардың шетелден қаржыландырылуына тыйым салынған. Дегенмен, кейбір саяси мақсат көздеген құрылымдар шетелден қаржыландырылатын құқық қорғау ұйымдары мен ақпарат құралдарын, журналистер мен саясаттанушыларды өзінің саяси мақсатына астыртын пайдаланып келеді. Журналист Динара Егеубаева да сондай бір саяси мақсаттың қолбаласына айналып кеткен сияқты. Сондықтан оны «шетел агенті» тізіміне енгізуге негіз бар. Оның үстіне, ағылшынның «транспаренси» сөзі «ашықтық» деп аударылады. Демек, Қазақстандағы «шетел агенттернің» кім екені, қайдан қаржы алатыны ашық болғаны жөн.

Айдары: Дүрбі 05.01.2024 95

Қатысты мазмұн