Алтайдан Атырауға дейінгі алып аймақта орын тепкен руларды қазақ атты ұлтқа біріктірген тіл екені даусыз. Нарынқолдықтардың ш-ні «ч» деп дыбыстағанын, түстіктегі қазақтардың «шіли», «жүдә» секілді сөздері қазіргі қазақ тілінің әдеби нормасына енбей қалғанын ескермесек, ұлы даладағы түркі-моңғол тайпаларынан құралған қазақ ұлтының тілінде ешқандай айырмашылық жоқ. Ресейде, Өзбекстанда, Шығыс Түркістанда шеткерілеп қалған қазақ пен Қазақстандағы қазақтың да айырмасы жоқ. Бұрын солай болған, қазір де солай. Сондықтан саяси ұлт деңгейіне көтерілген бүгінгі қазақтың бірлігі мен мемлекеттік тұтастығы үшін қазақ тілін дамыту маңызды.
Әрине, «өз тілің – бірлік үшін, өзге тілді білу – тірлік үшін» деген қағиданы ұмытпаған жөн. Бұл көрші мемлекеттермен, әлеуеті күшті әлем елдерімен қазаққа пайдалы қарым-қатынас жасау үшін керек. Бұған төрт-бес тілді еркін меңгерген президент Қасым-Жомарт Тоқаев үлгі бола алады. Мемлекеттің болашағы бүгінгі жас буын да әлем тілдерін игергені жөн. Ертең қазақ елінің мүддесі үшін өзге елдермен саяси-экономикалық байланысты күшейту солардың қолында болады. Сәбет одағы тұсында білім алып есейген өзімнің бұрынғы жағдайыммен салыстырсам, тіл игеруге қазір мүмкіндік көп. Студенттер мен оқушылар неше түрлі қосымша сабақтарға қатысуына болады. Дегенмен, президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» деп аталатын сайлауалды бағдарламасында қазақ тілін дамытуға ерекше көңіл бөлді. Сол бағдарламаны жүзеге асыру үшін үкіметке тапсырма берілген.
Осы жылдың басында Coursera атты халықаралық ашық онлайн курс провайдері басшысымен Ғылым және жоғары білім министрі кездесіп, біршама келісімге келді. Соның нәтижесі бойынша қазақстандық барлық студенттер білім алу үшін қажетті әлемдік цифрлық кітапханаларды тегін пайдаланатын болды. Қазір Coursera-ның 100 курсы қазақ тіліне аударылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі де қазақ тілін дамыту бағытында 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамамен іс-қимыл жасап жатыр. Мақсат – қазақ тілін Қазақстанда тұратын барлық этностардың тіліне айналдыру. Бұл қоғамның тұтастығы мен бірлігін күшейте түсетіні анық. Мысалы, этномәдени бірлестіктерге арналған тіл мектебі, этнос өкілдерінің қазақ тілін жетік меңгерген балалары арасында «Мың бала» мәдени-ағартушылық республикалық жобасы, «Бір ел» тарихи-ағартушылық жобасы жүзеге асырылып, қазақ тілінде еркін сөйлейтін этнос өкілдерінің қатысуымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы өткізілді. Тұтастай алғанда, мемлекеттік тілді одан әрі дамыту мен практикада қолдануды ынталандыру мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Сөз жоқ, қандай әдіспен жасалса да, Қазақстандағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, оны қоғам өмірімен тұтастыру қажет. Сонда ғана қоғамның бірлігі болады. Бірлік бар жерде тірлік бар, бірлігі бар елді ешқандай жау ала алмайды.
Ораз Әлімбеков
(Материал Фейсбук парақшасынан алынды)