Берік Дүйсенбинов Азат Перуашевке ызалы ма?

none

Депутат болғандар да, депутат бола алмай қалған кандидаттар да шетінен «картоп» жарып жатыр ғой. Журналистермен бір сәт бетпе-бет келген анау Ардақ Назаровтың ой-өрісін, шама-шарқын көрдік...

Біз ойлағандай екен, таңданған жоқпыз. Ал мына жақта «Ақ жолдың» партиялық тізім бойынша кандидат болып тіркеліп, бірақ Перуашевтің батасын ала алмай қалған Берік Дүйсенбин тұртаңдап жатыр. Партия басшысы Перуашевке деген қыжылын ішінен шығармай біраз булықты да, соңынан шыдай алмай «бұрынғы сайлау ұрлық болса, осы сайлау тонау болды» деп іштегі ащы запыранын лақ еткізді. Жұрт бұл сөзді сайлаудың әділетсіздігімен байланыстырып жатыр. Бұл - қате пікір. Шындығында, Дүйсенбин «Ақ жол» партиясының парламентке өзін депутат қылып жібермегеніне ғана ренішті.

«Ақ жол» партиясының атынан депутат болатындар Перуашевке қомақты жарна төлейтіні бұған дейін жазылған. Бергей Рысқалиевтың рэкетир інісі Аманжан, «путиноид» Азамат Әбілдаев секілді «қалталы» кәсіпкерлердің депутат болғаны сондықтан. Бұдан бұрынғы Мәжілістің екі шақырылымында Берік Дүйсенбиннің депутат болуы осындай сценарий бойынша жүзеге асты.

Бұрын да Перуашевке жарна төлеп, бірақ мандат жетпеу салдарынан депутат бола алмай қалғандар болған. Ақшасы өтіп кеткен олар да Перуашевке ренжіп тоңқылдаған-ды. Бірақ, бәрі «бас жарылса - бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» қалатын. Дүйсенбин де алғашында Перуашевке деген ренішін жасырып қалмақшы болды, бірақ ашу-ызаға шыдай алмай көкейіндегісін айтып салды. Оның бұл қылығы «Ақ жол» партиясы тарапынан жазасыз қалмайды, партияның диктаторы Перуашев Дүйсенбинді енді аямайтын шығар. Осындай қысымға төтеп бере алмайтын Дүсенбин ертең-ақ айтқан сөзінен тайқып шыға келсе, тағы да таңданбаймыз.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 29.03.2023 104

Қатысты мазмұн