Бекболат Тілеуханның мұнысы қалай?

none

Депутат Бекболат Тілеухан бастаған қазақ элитасының ұлты тәжік екі қариге Нұр-Сұлтан қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйлағаны жөніндегі видео әлеуметтік желіде дау туғызды. «Қазақта жөні түзу қари жоқ па?!», «Бекболаттың діндегі ұстаздарының бәрі неге өзге ұлт өкілі?», «Ораза айында үйсіз-күйсіз жүрген жетім-жесірлер мен көпбалалы аналарға берілуі тиіс көмекті діндар депутат тепсе темір үзетін жас жігіттің қолына ұстата салғаны несі?» деген реніш те айтылып жатыр. Осы сұрақтарға жауап бере келе, видеоның қай күні жазылғаны мен ұлты тәжік қариге не үшін сыйлыққа пәтер берілгені жөніндегі мәліметті толықтыра кетейін.

Кешеге дейін сал-серідей өмір сүрген әнші Бекболат Тілеуханның домбыраны тастай салып дәл қай күні діндар болып шыға келгенін дөп басып айту қиын. Бұл ісі үшін ол айыпты да емес, себебі әркімнің наным-сенім бостандығы заңда белгіленген және қорғалған. Дегенмен, Бекболат еліміздегі мың сан молданың ешқайсысын, тіпті мүфти дәрежесіне көтерілген қазақ имамдарының біреуін де өзіне ұстаз тұтпады. Айтуынша, ол Тараздың өзбекшатыс тумасы Дарын Мұбаровпен кездейсоқ жолыққан, кейін оның уағызына елітіп, жас та болса Дарынды өзіне жол көрсетер ұстаз санайды.

text

Кейінірек Бекболат Тілеухан Сайрам шаһарының тумасы Абдухалил Абдужаппаровпен кездесіп, оның білімі мен шешендігіне тәнті болғаны баспасөзде жазылған. Қысқа мерзімде «Шейх Халил» атағымен танылған ұлты өзбек Абдухалилді ұстаз санаған Бекболат бұрынғы ұстазы Дарынды да сыртқа тепкен жоқ. Ол да осы жамағаттың сыйлы уағызшыларының бірі болып қала берді. «Шейх Халилдің» тағдыры белгілі – экстремистік әрекеті үшін құқық қорғау органдары тарапынан қуғын көрген ол шетелде бой тасалап біраз жүрді. Кейінірек Қазақстан билігі Абдухалилді шетелден экстрадициялап, ұзақ мерзімге соттап жіберді.

text

«Шейх Халил» қуғында жүрген кезде Бекболат ұлты тәжік Өзбекстан азаматы Тоирджон Ибрагимовпен кездескен. Тілі майда, адамның жан-дүниесін кірпік қағысынан, көз жанарынан біле беретін Тоирджон Бекболатты ғана емес, мемлекеттің тізгінін ұстап тұрған шенеуніктер мен ірі кәсіпкерлерді әп-сәтте өзіне үйіріп алған секілді. Тоирджон әлдеқашан Қазақстанның азаматтығын алып алған, кейін Шұбар мешітінің имамы болды. Қазір ол ірі шенеуніктер мен кәсіпкерлер отбасының діни жоралғысын атқаратын «VIP-молда» атанды. Соларды қажылыққа алып-барып келеді, балаларына Құран оқуды үйретеді. Мұның өтеуі де жоқ емес – «VIP-молданың» «ішем дегені алдында, ішпейім дегені артында», Нұр-Сұлтанда бал-шағасымен бақуат өмір сүріп жатыр.

text

«Тоирджон ұстаздың» депутат Бекболат Тілеуханды қаумалаған қазақ элитасына күшті ықпал жасап отырғаны астанадағы мешіттерді ұлты тәжік ұстаздардың жайлап алғанынан да байқалады. Бұған мысал ретінде ағайынды Абдубасит пен Салман Хадиршаевтардың күрт өзгерген жайлы өмірін келтіреміз. Олар - Түркістан облысындағы Фирдоуси кентінің тумасы. Толық анықталмаған мәлімет бойынша, екеуі де Мысырда діни білім алыпты-мыс. Оқудан оралған олар ылғи тәжіктер тұратын туған жері Фирдоусиге де, тіпті оңтүстік өңірдегі мешіттердің біріне де барған жоқ, «VIP-молданың» тапсырмасымен бірден Нұр-Сұлтан қаласына тартты. Астананың Қосшы ауданындағы медреседе бір жылдай дәріс берген Абдубасит кейін VIP-персоналар мінәжат қылатын Шұбардағы мешітке ауысты. Ал оның інісі Салман оқуын аяқтай сала Нұр-Астана мешітінде ұстаз болып жүр.

text

Енді даулы видеоның мән-жайына назар салайық. Салман Хадиршаевқа Нұр-Сұлтан қаласында екі бөлмелі пәтер сыйланғанын баяндайтын видео биылғы Оразаның соңғы кешіндегі ауызашарда түсірілген. Сол жиында сөз қыстыра кеткен депутат Бекболат Тілеуханның айтуынша, сыйлық пәтер «Алланың каламын кеудесінде сақтап жүрген қариге берілген». Әрине, мұның шындыққа жанаспайтын қызыл сөз екені рас. Жиыннан мәлімет берген дереккөздің айтуынша, ағайынды Хадиршаевтар Ораза айының әрбір кешінде, тарауық намазын оқыған (Құранды хатымдаған). Бір сағаттан астам уақытқа созылатын бұл діни жоралғы Ораза айының әрбір кешінде Бекболаттың Нұр-Сұлтандағы хан сарайындай зәулім үйінде өтті, оған әркез ығай мен сығай, 40-50 адам қатысып жүрді. Осы діни жоралғыға Алматыдан ат арылтып барған Мұхамеджан Тазабек те үзбей қатысып тұрыпты. Оның әлеуметтік желіден қол үзіп, бір ай бойы жұрттың көзіне көрінбей кетуінің себебі осы екен. Дереккөздің айтуынша, Бекболат бастаған қазақ элитасының Салман Хадиршаевқа «Балауса» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер сыйлауы осы діни жоралғыны атқарып шыққаны үшін берілген ақы. Тура осындай сыйлықты бұған дейін оның ағасы Абдубасит те алған болатын.

Бұл жердегі мәселе әлдебір топтың наным-сеніміне, әлдебіреулердің ағайынды Хадиршаевтарға берген сыйлығына тіреліп тұрған жоқ. Дінге сену немесе сенбеу - әрбір адамның жеке шаруасы. Бас ауыртатын мәселе - елдің қауіпсіздігіне, амандығына қатысты. Қазір коронавирус індеті өршіп тұр, жұқпалы дерттің кесірінен күн сайын қаншама адам ауырып, қайтыс болып жатыр. Мемлекет пандемияны тоқтату үшін, халықтың өмірін сақтап қалу үшін бұқаралық ұжымдық шараларға тыйым салып жатқанын жұрттың бәрі біледі. Ал депутат Бекболат Тілеухан бастаған қазақ элитасының заңды белден басып, ондаған адамды бір үйге қамап алып, діни жоралғы өткізгені қалай? Әлде, оларды «екі аяғын бір етікке тығып», заңмен бекітілген қоғамдық тәртіпке күштеп бағындыра алатын мемлекеттік орган қалмағаны ма?! Бұл мәселенің бір жағы ғана.

Екіншіден, Мәжіліс депутаты жарылқап, пәтер сыйлаған фирдоусилік Хадиршаевтардың бұрын қандай іспен шұғылданғанын жіті тексеру керек. Себебі, 2018 жылдың күзінде Фирдоуси атындағы тәжік орта мектебінің оқушылары «хиджабсыз сабаққа бармаймыз» деп дау шығарған. Оларға қолдау білдірген ата-аналары үш күнге созылған наразылық өткізіп, білім министрлігінің мектеп тәртібіне орай шығарылған жарлығына қарсылық білдірді, тіпті олардың кейбірі полицияға тұра ұмтылып доқ көрсетті. Олардың түсінігі бойынша, мектепке хиджаб киіп бару ешқандай діни атрибут емес, бұл тәжік халқының салт-дәстүрі және мұны олар ұлттың ерекше заң нормасы деп санайды. Зайырлы мемлекеттің заңдық нормаларына көпе-көрінеу қарсы болған тұрғындардың санасында мұндай түсініктің қалыптасуына радикал діндарлардың ұзақ уақыт Фирдоуси ауылында жасырын жүргізген уағызының нәтижесі болатын. Олар әдейі «хиджаб дауын» туындатып, экстремистік әрекетті қазақ қоғамында сынап көрген секілді. Дереккөз ағайынды Хадиршаевтардың Фирдоуси мектебіндегі даудың туындауына себепші болғанын, тұрғындар арасында белсенді діни уағыз жүргізгенін айтады, бірақ ол нақты дәлел ұсына алмады.

text

Фирдоуси ауылы мен оған іргелес елді мекендер этникалық анклавқа ұқсайды. Кеңестер Одағы тұсында «Мырзашөлді игеріп, бақша өнімінің тиімділігін арттырамыз» деген Мәскеудің нұсқауымен Тәжікстаннан көшірілген тәжіктер томаға-тұйық өмір сүреді, қазақ қоғамына мүлде кірікпеген, қыздарын өзге ұлтқа күйеуге бермейді және т.б. Олар тарихи отанынан қол үзген жоқ, әлі Тәжікстанмен тығыз байланыс жасап тұрады. Өткен ғасырдың соңында Тәжікстандағы азамат соғысынан қашқан босқындар аймақтағы тәжік этносының санын тіпті көбейтіп жіберді. Бұл аймақтағы ахуал Қордай ауданындағы Масанчи ауылы төңірегіндегі жағдайға келіңкірейді.

Орталық Азиядағы Фирдоуси ауылы сияқты этникалық анклавтар мемлекетаралық қақтығыстардың туындауына үнемі себепші болып келеді. Бір апта бұрын Қырғызстанның Баткен аймағында болған қырғыз-тәжік қақтығысы да проблеманың күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екенін көрсетті. Территориясында орналасқан Ресейдің мото-атқыштар дивизиясына арқа сүйеген ресми Душанбе мәселені аймақ деңгейінде, тәжік-қырғыз көршілік дискурсында шешуге мүдделі болмады. Қырғызстандағы билік транзитінен кейінгі абыр-сабырды өз мүддесіне пайдаланып қалғысы келген Ресей аймақтағы болмашы проблеманы аяқасты ушықтырып жіберді. Мұндай арандатуды Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон есе қайтарудың ұрымтал тұсы деп түсінген секілді. 9 мамырдағы Мәскеуде өткен әскери парадты тамашалап тұрған Путин жанында Рахмонның ғана состиып тұруы бекер емес. Ол осы қылығымен қырғыз билігіне сес көрсеткендей болды.

Әрине, Орталық Азиядағы геосаяси жағдай мен оның түйткілді мәселесі ҚР Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның ұлты тәжік имамдармен жақындығына аса бір қатысы болмауы да мүмкін. Дегенмен, тәжік-қырғыз қатынасының ушыққан тұсында қазақ саяси элитасының діни сезім жетегінде кеткені түбі бір түркі жұртының көңіліне қаяу түсіреді. Оның бергі жағында қазақ саяси элитасы астанадағы күйкі тірліктен бір сәт бас көтеріп, аймақта не болып жатқанын бағдарлап, Тәуелсіз елімізге іштен және сырттан төнетін қауіп-қатерге көз салып қойғаны жөн. Депутат болсын, министр болсын, тіпті қатардағы мемлекеттік шенеунік болсын, олардың бәрі Қазақстанның мүддесін бәрінен жоғары қоятын сарабдал саясаткер болуы тиіс. Осындай дегдарлық депутат Бекболат Тілеуханның бойында бар ма? Әлде, ол да сопылық тариқаттың көзсіз мүридтеріндей діни сезімнің жетегіне еріп, эзотериканың тұңғиыға түсіп кеткен бе?

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 14.05.2021 2672

Қатысты мазмұн