«Ақ жолды» тығырыққа тіреген кім?

none

Бұған дейін әлеуеті бойынша екінші партия санатында болған «Ақ жол» қазір қиын кезеңді өткеріп жатыр. Саяси ұйымның әрекет ету аумағы, саяси жазирасы тарылып, бұған дейін арқа сүйеп келген меншікті электораты басқа партияға көңіл бұра бастады. Осы және басқа да жағымсыз жағдай партия белсенділерінің мазасын алып, құтын қашырып жатыр. Мұның бәрі «Ақ жолдың» сайлаудағы рейтингіне кері әсер ететіні анық. Егер ертең сайлау бола қалса, «Ақ жол» 2016 жылғы бәсін сақтап қалуы мүмкін еді. Сайлауға дейін біршама уақыт бар, бірақ бұл уақыт «Ақ жолға» пайда бермейді, керісінше партияның жағдайын одан сайын қиындата түседі.

Сайлауға қатысып жатқан ешбір партия «Нұр Отанмен» бәсекелесе алмайды, билік партиясының тұрақты электоратын жырымдап бөліп алып, бұйыртпалап иемденіп кету әзірше мүмкін емес. Сондықтан, төрт партия – «Ақ жол», «Адал», «Ауыл» және Қазақстанның халық партиясы (ҚХП) өзара тартысуға мәжбүр.

«Ақ жол» бұрынғы сайлауларда өзін кәсіпкерлер партиясы ретінде сипаттап келген. Бұл бір жағынан партияның қаржы ресурсын, саяси науқанға жұмсалған шығынды кәсіпкерлердің есебінен толтырып отыруға мүмкіндік берді, екіншіден, партия ықпалы жүретін орташа кәсіпорындарда сайлауалды үгіт-насихатты емін-еркін жүргізе алатын. Қазір осы саяси жазираны бұрын «Бірлік» деп аталып, сайлау науқаны алдында атауын «Адалға» ауыстырған партия игеріп жатыр. «Адалдың» жетекшісі Серік Сұлтанғалиев пен осы күзде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы қызметін тастап партияға ауысқан Эльдар Жұмағазиев миллиардер Тимур Құлыбаевтың «сенімді адамы» екені белгілі. Елдегі ірі кәсіпкерлердің басын біріктіріп тұрған «Атамекен» мен «Адал» партиясының байланысы, өзара ықпалдаса отырып әрекет етуі сайлау қарсаңында тіпті күшейе түсті. «Атамекен» мен «Адал» тұтасып кетті» деп айтуға негіз бар. Ал қазір «Ақ жолға» саяси бағдар беріп келген партия басшысы Азат Перуашев дәрменсіз, тіпті мүшкіл жағдайда отыр. Ол «бұған дейін кәсіпкерлердің мүддесін біз қорғап келдік, бұл саяси жазира - біздікі» деп, Т.Құлыбаев пен «Атамекенге» арқа сүйеп алған «Адалға» қарсы шығып сес көрсете алмайды, ішінен тынып, шарасыз күйде қалды.

Сайлаудың қарсаңында «Ақ жолды» оңдырмай кеткен тағы бір жайт бар. Ол – оппозицияшыл Жалпыұлттық социал демократиялық партияның (ЖСДП) сайлауға бойкот жариялап, саяси додадан шығып қалған соң, шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязов «Нұр Отанның» сағын сындыру үшін өзінің жақтастарын «Ақ жолға» дауыс беруге шақырған. Әбілязовшіл ҚДТ мен «Көше» сот шешімінен экстремистік ұйым деп танылып, олардың қандай да бір әрекет етуіне заңмен тиым салынған. Ал әбілязовшілер жұртты «Ақ жолға» дауыс беруге шақырып жатыр. Бұл жағдай «Ақ жолға» ауыр соққы болып тиді, тіпті есеңгіретіп тастады. Әбілязовтің кесірлі ісінен кейін «Ақ жол» партиясы сайлауалды үгіт-насихат жүргізе алмай қалды. Партия белсенділерінің «Ақ жолға» дауыс беруге шақыратын әрбір үндеуі әбілязовшілер көтерген саяси ұраннның жаңғырығындай есітілетіні кәдік және «Ақ жол» партиясы тиым салынған ҚДТ мен «Көше» ұйымының экстремистік ісін жалғастырып жатқандай көрінеді. «Экстремистермен бірігіп кетті» деген жаман атаққа ұшырамас үшін «Ақ жол» партиясы сайлауалды үгіт-насихатты бөсеңсітуге мәжбүр болды.

Әбілязовшілердің «Ақ жолға» дауыс беруге шақыру науқаны Перуашев басқаратын саяси ұйымға ұпай алып келмейді. Біріншіден, Әбілязовтің жақтастары өзара ырың-жырың болып жатқан оппозицияның мардымсыз бөлігі ғана. Олардың бәрі дауыс беруге бармайтыны анық. Екіншіден, «Ақ жолдың» белсенді үгіт-насихаттан бас тартуының салдарынан сайлаушыларынан айырылып қалуы мен әбілязовшілердің «Ақ жолға» дауыс беруге шақырған үгіт-насихатының нақты нәтижесі теңгерілмейді. Екі нәтижені салыстырғанда әбілязовшілердің әдейі «Ақ жол» партиясына кесірін тигізіп, жолын кесіп тастап отырған құйтырқы әрекеті екенін ескеру керек.

Жаңарған «Адал» партиясының аяқалыс мен Әбілязовтің «Ақ жолға» қарсы құйтырқы әрекеті ҚХП мен «Ауыл» партиясына зор мүмкіндік, даңғыл жол ашып берді. Әсіресе, сайлауалды үгіт-насихат науқанында «Ауыл» партиясы ерекшеленіп, халық арасындағы танымалдығы артып, мәртебесі асқақтап барады. Ал «Ақ жол» электорат үшін елеусіз саяси ұйымға айналып, кішірейіп шөгіп барады.

«Ақ жолдың» қыспаққа түсіп, шарасыз күй кешіп қиналып жатқанын партия жетекшісі Азат Перуашевтің кілт өзгерген мінез-құлқынан да байқаймыз. Перуашев партияның Алматыдағы филиалына келгенде журналистер «Ақ жолдың» сайлауалды науқаны жөнінде пікірін білмекші болды. Ол әлдебіреуге ренжіп қалған өкпешіл балаша «кетші әрі, мен сендерге сұхбат бермеймін» деп бұртиып, теріс айналып, журналистерге арқасын көрсетіп кетті. Перуашевтің қатты ызаланып терісіне сыймай жүргенінен-ақ «Ақ жол» биліктің қолдауынан айырылғанын, мұның салдары партия үшін ауыр болатынын болжаймыз.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Дүрбі 22.12.2020 124

Қатысты мазмұн