Аймағамбетов қай елдің болашағын ойлайды?

none

2021 жылғы 26 шілдеде ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.

Республикалық комиссия Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Семей, Талдықорған, Тараз, Орал, Шымкент қалаларындағы физика-математикалық бағыттағы және Ақтау, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Өскемен, Шымкент қалаларындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2021-2022 оқу жылында қазақ және орыс тілдеріндегі 7 сыныптарынан бастап білім алуға іріктеу конкурсының қорытындысын шығарыпты.

Ең қызығы, бұл отырыс тамыздың 10-на таман өтеді делінген. Тіпті комиссия жұмысының 26 шілдеге жоспарланғанынан НЗМ директорларының көбі білмепті. Бірақ оларды таңқалдырған жайт бұл да емес. Министр Аймағамбетов басшылық еткен комиссия өзімбілемге салынғанға ұқсайды. Әйтпесе жылда 4 сынып қабылдайтын, биыл да сонша сыныпқа тапсырыс берген мектептердің өтінішін ысырып қойып, Алматы, Талдықорған қалаларындағы зияткерлік мектептеріндегі жаңа қазақ сыныптарын 3-ке кемітіп тастағандары қай сасқаны? Ал Шымкенттегі НЗМ-ге керісінше әдепкі төрт сыныптан бөлек, тағы бір сынып қосқаны да еш қисынға келмейді. Бәлкім астаналық шенділер Шымкентке миллионнан астам тұрғыны бар қала болғандықтан осындай жеңілдік жасаған болар? Онда тұрғын саны Шымкентті екі орайтын Алматыдағы қазақ балалары не жазып қойды? Ең ірі облыстың бірі – Алматы облысындағы НЗМ-ге де қазақ тілінде оқитын 4 сынып қимағандарының себебі не?

Әлде Талдықорғандағы НЗМ-нің қазақ сыныптарының білім деңгейі мен жетістіктері шенеуніктердің көңілінен шықпады ма? Солай ма десең, биыл ғана Талдықорғандағы НЗМ-нің 12 сынып оқушысы Сезім Ертаңатов Гарвард университетінің білім грантына ие болды. Талдықорғандағы мектептің осымен екінші оқушысы әлемнің маңдайалды университетінің бірі – Гарвардтың білім грантын алып отыр.

Есесіне Назарбаеев Зияткерлік мектебіндегі орыстілді сыныптар қысқармаған. Тіпті кейбір мектепте орыс сыныбы өскен секілді. Бұл ненің белгісі? Әлде біз өзге мемлекетке кадр дайындайтын елміз бе? Қазақстандағы ең үздік мектеп қатарынан саналатын Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі қазақтілді сыныптар санын азайтқан министр Аймағамбетов сонда қай елдің министрі? Бір мектептің қазақ тіліндегі сыныбының есебінен өзге мектептің сыныбының санын өсіргісі келген шенділердің математикасы миға сыя ма?

Биыл Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдығы «Ұлы Дала мұрагерлері» деген форум аясында тойланды. Оған Елбасының өзі қатысып, қазақ балаларын әлемдік стандарттағы білім беру жүйесіне мейлінше көбірек тартуды көздеген мектептер желісінің «Қазақстанның білім беру саласындағы флагманына айналғанына» ерекше тоқталды. Және Елбасының НЗМ желісі он жылдағы жетістіктермен тоқталып қалмай, одан әрі даму қажеттігін қадап айтқанын министр Аймағамбетов естімей қалса керек. Әлде Алматы, Талдықорған қалаларындағы НЗМ мектептері тоқалдан туып па?

Егер мәселе қазынадағы қаржыға келіп тірелсе түсінер ме едік? Онда неге орыстілді сыныптар саны қысқармайды? Керісінше, бұрын бір ғана сыныптан тұрған орыстілді сынып саны жыл сайын өсіп келеді. Сонда «Ұлы Дала мұрагерлері» қай тілде сөйлейді? Бала қай тілде сөйлесе, сол тілден тұратын мәдениеттің өкілі, сол тілдегі қоғамның жақтаушысы болып шығатынын психологтар да, ғалымдар да дәлелдеп берген! Ал Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» дейді. Біздегі білім саласының басшыларына дәл осы мінез жетіспей тұр!

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 27.07.2021 151

Қатысты мазмұн