Әлтаев «хиджаб пен қауға сақалды» арқа тұта ма?

none

Сайлаудың діни идеологиялық, яғни сәләфилік, гүленшілік, зікіршілік сипатын айтқанда үнемі Нұржан Әлтаевты естен шығарамыз. Сыртқы келбеті зайырлы, қауға сақалы жоқ, шолақ балақ шалбар кимейді. Ол басқаратын тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының кейбір мүшелері Астанада және Алматыда өткен митингіде «Аллаһу акбар» деп ұрандағаны болмаса, басқа кезде саяси ұйымның діни экстремистік пиғылы байқалған жоқ.

Нұржан Әлтаев Оңтүстік Қазақстан облысында туған, бірақ 1-сыныптан бастап есейгенше Алматы облысында тұрды. Алматыдағы «Қайнар» университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, кейін Шымкенттегі оқу орнына ауысып дипломын сол жақтан алды. Қызмет қуудың баспалдағын Шымкенттен бастады, Астанада вице-министр, Мәжіліс депутаты секілді лауазымға дейін жетті. Оның руы – арғын. Кейінгі өмірі Астана қаласымен байланысты. Қазақы дәстүр бойынша, Нұржан Әлтаев Мәжіліс сайлауына да осы өңірден түсу керек еді. Дегенмен, ол Түркістан облысының Сарыағаш, Жетісай, Келес, Мақтаарал, Қазығұрт аудандарын қамтитын 27-округтен сайлауға түсіп жатыр. Неге?

Нұржан Әлтаев Назарбаев режимінің соңғына таман аяқасты оппозицияшыл болып кетті. Бұған қарап оны «Ескі Қазақстанның» тұсында да оппозиция болған, енді «Жаңа Қазақстанға» керек адам шығар» дейтіндер бар. Бұл қате пікір. Оның себебін тәптіштеп айтып жатпаймыз. Нұржан Әлтаев - Арман Шораев, Динара Егеубаева, Санжар Боқаев секілді «Ескі Қазақстандағы» көп кланның біреуінің кандидаты. Оны сайлауға итермелеп отырған «ескі клан» Астананың екі округіне де кандидат етіп «қаба сақал, шолақ балақтыларды» қаптатып жіберді. Сондықтан Әлтаев Астана жақтан емес, Түркістан облысынан сайлауға түсіп жатыр. Бір айта кететін жайт, «ескі кланның» кандидаттары саяси додада таза жеңілсе де, «сайлау әділетті өтпеді» деп наразылық жасап, саяси тұрақсыздық тудыруды көздейтін секілді.

Нұржан Әлтаевтың округінде шетін діни идеологияға толығымен шырмалған екі өңір бар. Біріншісі – «Сарыағаш-медресе» колледжі». «Колледж» деп сүмірейткені болмаса, бұл діни орталықты Қағба мен қаратасы бар Мекке деп айтпай-ақ қоялық, Сарыағаш - Қайрат Сатыбалды, Бекболат Тілеухан, Біләл Ердоғанның қолдауымен азиялық сәләфилердің Мединасына айналып кетті. Бұл діни орталықтың айналадағы аудандар халқына ықпалын колледж директоры Әбдуғаппар Сманов коронавирустан қайтыс болғанда көргенбіз. Жұқпалы індетке байланысты қойылған шектеуге қарамай марқұмның жаназасына бірнеше мыңдаған адам жиналып, молаға қарай шұбырған қаралы шеру тартып, полиция күштерін әбігерге салған.

Діни идеологияға толығымен шырмалаған екінші ошақ – халқының басым бөлігі тәжік ұлтынан тұратын Фердауси секілді Мақтаарал ауданының бірнеше ауылы. 2018 жылдың 1-қыркүйегінде осы өңірдегі мектеп оқушыларының (қыздардың) бәрі хиджаб киіп келген. Білім министрлігінің бұйрығын орындау үшін хиджаб киген оқушы қыздарды мектепке кіргізбей қойған директорға ауыл тұрғындары ватсап хабарлама жіберіп, «өлтіреміз» деп қоқан-лоқы жасады. Зайырлы мемлекеттің заңына қарсы шыққан ата-аналалар наразылық жасап тұрып алды, ол кезде де полиция халықты әрең сабасына түсірген. Бұл проблема әлі жойылған жоқ.

Өңірдегі халық тұрмысының нашарлауы жағдайды одан бетер ушықтырып барады. Осыны сезген кейбір саясаткерлер үгіт-насихатында діни факторді пайдаланып, отпен ойнап жүр. Әрине, Нұржан Әлтаев Астанадағы әріптестері секілді өзін «қалыпқа симайтын» («стандартты емес») кандидатпын» деп ерекшелеп жүрген жоқ. Тіпті, әлгі сақалды кандидаттар секілді сайлаушыларды екіге бөліп, «Деупатат болсам, мұсылмандардың құқығын қорғаймын» демеді. Сектаның айла-тәсілі бойынша, діни идеологиялық қауым ішіндегі үгіт-насихат жабық құжыралардың ішінде жасырын жүргізіледі. Қазір ватсап секілді әлеуметтік желіде ортақ мүдде-мақсат үшін құрылған чат көп. Астанадағы сақалды кандидаттар үгіт-насихаттына дәл осындай тәсілді қолданып жатыр.

Мүфтият маңындағы құпия дереккөздің мәлімдеуінше, Нұржан Әлтаевты да сайлауға қосқан Тілеухан-Тазабеков тобы. Қазір «Сарыағаш-медресе» колледжі Абдуллахад Сманов пен Дінмұхаммед Смановтың уысында. Оларға Мәжіліс депутаттығына кандидат Нұржан Әлтаевты қолдау, жұртты соған дауыс беруге шақыру жөнінде тапсырма берілген. «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма? Ісіңді біреу істесе, қолың қышып бара ма?». Құпия жасалатын діни уағыз жұрттың миын тез шаяды, әсері де күшті. Нұржан Әлтаевтың тойған қозыдай монтиып, зайырлы адамның кейпінде жүруі де сондықтан.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 13.03.2023 230

Қатысты мазмұн