Әлін білмеген Әлтаев «Нұр Отаннан» қуылды. Неге?

none

«Ел тірегі» атты жаңа партия құратынын мәлімдеген Нұржан Әлтаев «Нұр Отаннан» шығарылды. Осы шешімге сәйкес Орталық сайлау комиссиясы оның Мәжілістегі депутаттық өкілеті тоқтағаны жайлы қаулы шығарды.

«Нұр Отанның» партиялық бақылау комитетінің жетекшісі Павел Казанцевтің мәлімдеуінше, Н.Әлтаев «партия беделіне нұқсан келтіргені үшін» саяси ұйымнан қуылған. Депутат Әлтаевтың мәселесін «Нұр Отанның» Нұр-Сұлтан қаласы бойынша партиялық бақылау комитеті қараған. Комитет мүшелері Әлтаевтың әрекеті «Нұр Отан» партиясының беделіне нұқсан келтірді, саяси ұйымның мүддесіне зиян тигізді» деген қорытындыға келіп, оны партия құрамынан шығару жөнінде шешімге келген.

«Нұр Отан» алдағы сайлауда Мәжіліс депутаттығына ұсынған кандидатар тізіміне Нұржан Әлтаев кірмей қалды. Сарапшылардың пікірінше, Әлтаев партия атынан кандидат болып ұсынылмайтынын сиезге дейін білген. Сондықтан ол билікке сын айтып, саяси шантажға ұқсайтын әрекетке көшкен.

Билік партиясы саналатын «Нұр Отан» жетекшілерінің Әлтаевқа қырын қарауы, оны кандидаттар тізіміне қоспауы бірнеше оқиғамен байланысты. Соның бірінде – Түркия президенті Ердоған мен Франция президенті Макронның арасында болған дау кезінде депутат Әлтаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Макронды жер-жебіріне жеткізіп тілдеп тастағаны айтылады. Бұл сырт көзге «Нұр Отан» партиясының ұстанымы, ҚР парламентінің позициясы болып көрініп, Қазақстанды халықаралық дауға киліктіру мүмкін оқиға еді.

Ылғи әлдебір мақсатты күйттеп жүргендей көрінетін Әлтаев халық мүддесіне қайшы ұсыныстарды қызғыштай қорғайды. Былтыр Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі параламент жиынына келіп, бір балаға айына 20 мың теңге жәрдемақы төленетінін айтқан кезде, ұсыныс депутаттар тарапына қатты сынға ұшыраған. Сол кезде депутат Әлтаев министрліктің ұстанымын қорғап шықты. Оның ойынша, бір баланы қамтамасыз етуге аталған «әлеуметтік көмек толық жетеді» екен. Әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлап, наразылық күшейіп тұрған тұста мұндай мәлімдемені халықты арандатумен теңестіруге болады.

Осындай оқиғалардан кейін «Нұр Отан» партиясы жетекшілері Әлтаевқа күдіктене қарайтыны заңды құбылыс. Сондықтан Әлтаевты партиядан ұсынылатын кандидаттар тізіміне қоспау жөніндегі шешімге келген секілді. Осы шешімге ренжіген Әлтаев кенеттен «оппозицияшыл» бола қалды. Оның бұл әрекеті «саяси шантажға» келіңкірейді. Дегенмен, «Нұр Отан» партиясы Әлтаевпен саудаласып жатпады, оны саяси ұйымнан қуып, депутаттық мандатынан айырды. Бұл - партияның басқа мүшелеріне де ашық әрі ащы сабақ болатын оқиға.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 02.12.2020 121

Қатысты мазмұн